Біз
әлеуметтік
желіде
12-02-25 |
2890 рет қаралған
Қаныш Сәтбаевтың қазақ жастарына өсиеті.
Қаныш Сәтбаевтың қазақ жастарына өсиеті

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – қазақ ғылымының негізін қалаушы, көрнекті геолог, тұңғыш академик, әрі ұлт жанашыры. Ол тек ғылым саласында ғана емес, ұлттық мәдениет пен ағарту ісінде де үлкен із қалдырған тұлға. Жастарға арнаған өсиетінде Сәтбаев білімге, еңбекқорлыққа, адамгершілікке үндеп, ұлт болашағы үшін жауапкершілікті сезінуге шақырды. Оның қалдырған мұрасы тек ғылыми жетістіктерімен ғана шектелмей, келешек ұрпақ үшін де үлгі-өнеге боларлық рухани құндылықтарға толы.

Білім жолы және ғылымдағы жетістіктері

Қаныш Сәтбаевтың ғылымға деген қызығушылығы бала кезден қалыптасты. Ол алғашқы білімін 1909—1911 жылдары Семей губерниясы, Павлодар уезі, Ақкелін болысының №4 ауылындағы орыс-қазақ мектебінде алды. 1918 жылы Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясын аяқтап, білімін жетілдірді.
Білім беру саласындағы алғашқы еңбек жолын 1918—1919 жылдары Семейдегі қазақ мұғалімдеріне арналған екі жылдық педагогикалық курстарда жаратылыстану пәнінен сабақ беруден бастады. Кейін 1919—1920 жылдары Павлодар уезіндегі туған ауылындағы мектепте мұғалімдік етті. Бірақ ол тек ұстаздықпен шектелмей, 1920—1921 жылдары Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы 10-учаскенің халық соты қызметін де атқарды. Ғылымға деген құштарлығы оны жоғары білім алуға жетеледі. 1926 жылы Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін тәмамдап, Қазақстандағы кен орындарын зерттеуге өмірін арнады. Бұл оқу орны тек Сәтбаевтың ғана емес, қазақтан шыққан алғашқы математика профессоры, Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің де альма-матері болды.

Қаныш Сәтбаевтың қазақ жастарына өсиеті

1927 жылы ол «Жезқазған аймағының мыс кен орындары», 1928 жылы «Қарағанды Спасс зауытының қазіргі күйі мен келешегі», «Торлан кендерінің сапасы және болашағы», «Атбасар тресінің негізгі қажеттіліктері» және «Қарағанды темір жолы» атты еңбектерін жазды. 1932 жылы жарық көрген «Сарыарқа», 1934 жылы жазылған «Әлемдік мыс қоры» атты еңбектері тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік геология ғылымы үшін де маңызды болды. Қаныш Сәтбаев Қазақстанның жерасты байлығының картасын жасап, кейінгі ұрпақ үшін кейбір ірі кен орындарын әдейі жасырғаны туралы да дерек бар. Ол бұл шешімді:
“Кейінгі ұрпаққа да байлық керек” – деген оймен қабылдаған.
Бұл оның тек өз дәуірін ғана емес, болашақ ұрпақтың да игілігін ойлаған нағыз ұлт жанашыры екенін көрсетеді.

Қазақ жастарына өсиеті

«Жас адам өмір сүргенде сол өмірді босқа өткізуге тиіс емес.
Ол, біріншіден, Отанына пайдалы азамат болуды, екіншіден, өз заманының, өз дәуірінің мәдениетті, білімді және алдыңғы қатарлы адамы болуды ойластыруы керек. Ол үшін жас күніңізден-ақ өзіңізді адамгершілікке баулыңыз. Ісіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер. Не нәрсені болсын нағыз адамгершілікпен түсіне біліп, жасай біліңіздер, бұдан сіздердің отаншылдықтарыңыз бен асқан патриоттық сезімдеріңіз айқын көрінер еді. Сіздердің мінез-қасиеттеріңізде адамгершілік бірінші болып орын алса, шыншыл, батыл, тиянақты, жігерлі және кішіпейіл адам болған болар едіңіздер. Жеткен жетістік пен табысқа мақтану, масаттану – сіздер үшін қасиет емес. Бүгінгі табыстан келер таңдағы міндеттер үлкен.
Сол міндеттерді орындауға ұмтылыңыз. Бүгінгі білгеніңізден ертеңгі білетініңіз көп. Сол білетініңізді білуге асығыңыз. Сонда ғана сіздер Отанымызға пайдалы азамат боласыздар. Білімді болу, ғалым болу – өмірді танудан, көп оқып, көп ізденуден, шаршамай, талмай еңбек етуден болады.» — Оның бұл өсиеті бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Себебі, шынайы табыс – тек еңбек пен білімнің нәтижесінде келеді.

Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі

Қаныш Сәтбаев тек ғылыммен ғана емес, қазақ халқының мәдени мұрасына да зор мән берген. 1931 жылы Александр Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына қазақ халқының 25 әнін орындап енгізіп, оларға ғылыми түсініктеме берген. Бұл еңбегі қазақтың музыкалық
мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге көмектесті. Оның әдеби-ағартушылық қызметі де жоғары деңгейде болды. ХХ ғасырдың басында ұлт-азаттық көтерілістен кейін қазақ интеллигенциясы ағартушылық қызметті басты мақсат етіп қойды. Осы бағытта Сәтбаевтың тұңғыш кітабы «Алгебра» жазылды. 1923 жылы жарық көрген «Обаған» атты прозалық туындысында әйел теңсіздігі мәселесін көтерсе, 1927 жылы «Қазақстанның халық театры туралы» атты еңбегінде елдегі театр өнерінің даму мәселелерін талқылады.

Қаныш Сәтбаевтың халықаралық беделі

Қаныш Сәтбаевтың беделі Кеңес Одағынан тыс жерлерде де жоғары болды. 1947 жылы Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчилль КСРО Жоғарғы Кеңесінің делегациясын қабылдағанда, қазақ академигінің бойын байқап:
— Қазақтардың бәрі сіз секілді биік пе? – деп сұрайды.
Сәтбаев ойланбастан:
— О не дегеніңіз, мен қазақтың ішіндегі ең аласасымын. Халқым менен де биік! – деп жауап берген екен.
Бұл оқиға оның қазақ халқының ұлылығын танытқан тарихи сәттердің бірі болды.

Қаныш Сәтбаевтың жастарға қалдырған өсиеті – тек сөз емес, оның өмірінің айнасы. Ол өз ісімен дәлелдеген еңбекқорлық, адалдық және ұлтқа деген сүйіспеншілік қағидалары әрбір қазақ жасы үшін үлгі болмақ.
Ол тек геолог, академик немесе ғалым ғана емес, халқының мәдени мұрасын зерттеген жанашыр, қазақ ғылымының негізін қалаушы және ұлт болашағына сенген тұлға.
Сәтбаев айтқандай:
“Білімді болу, ғалым болу – өмірді танудан, көп оқып, көп ізденуден, шаршамай, талмай еңбек етуден болады.”
Қазақ жастары осы өсиетті есте сақтап, болашақта ғылым мен білім жолында аянбай еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуы керек. Бұл – Қаныш Сәтбаев көрсеткен жол, қазақ ғылымының биік белесіне бастайтын дара жол.

Арайлым Қалдарбек

Қолданылған әдебиеттер:
«Қаныш Сәтбаев Феномені»
«Қазақстан – менің Отаным» (мақала, эссе, публицистикалары)
«Қаныш Сәтбаев», Салыков Какимбек
«Қаныш аға осындай еді..», Исабай Қалмұқан

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.