
1930 жылдардың бір таңында Құдайберген Қуанұлы жұмыс үстелінде қағаздарға үңіліп отырды. Қолында қазақ тілінің жаңа әліпбиіне қатысты жазбалар. Өмірінің біраз бөлігін тіл зерттеуге арнаған ғалым үшін бұл жәй ғана жұмыс емес, қазақ тілінің болашағы үшін маңызды қадам еді.
“Тілдің дамуы-халықтың дамуы” деген сенім оның әрбір еңбегінде көрініс тапқандай әлі күнге дейін қазақ тілінің мәселелерін шешуде шамшырақ іспеттес. Әрине, заман талабына сай тілдің бір кейіпте тұрмай, өңі мен түсінің өзгеруі қалыпты жағдай болғанымен, бір ғасырдай уақытта қазақ тілі Қуанұлы қалағандай мәртебе шыңына жетті ме? Оның жазған еңбектері мен көтерген мәселелерінің басым көпшілігі қазіргі таңға дейін өз өзектілігін жоғалта қоймағаны өкінішті. Алайда, ғалымның ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақ жазуын реформалау жұмыстарымен айналысып, араб жазуынан латын графикасына көшуге ғылыми негіздеме жасағанын ескерсек, қазіргі Қазақстандағы латын әліпбиіне көшу үдерісі Қуанұлы бастаған реформалардың жалғасы секілді. Бұл қазақтан шыққан тұңғыш профессордың тіл ғылымына әсері зор екенінің дәлелі.
Құдайберген Қуанұлын бірі көрнекті ғалым, профессор, қоғам қайраткері деп, бірі түркітанушы, педагог, саясаттанушы ретінде таниды, бірақ барлығының бір білетіні – оның қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі екендігі.1899 жылы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысы, Темір ауданының Ақжар ауылында дүниеге келіп, кейін алғашқы білімін Оспан ишанның мешітінде алып, араб тілін меңгерді. 1918 жылы Електегі екі кластық орыс-қазақ училищесін бітірген соң, Темір-Орқаш болысында хатшы, кейін төраға қызметтерін атқарды. Сөйтіп жүріп, 1928 жылы Санкт-Петербургтегі Шығыс тілдері институтын бітірді, ал 1930 жылы КСРО Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасына түсті. 1932–1937 жылдары ҚазПИ-де (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) профессор, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып та үлгерді.
Құдайберген Қуанұлының ғылыми көзқарасы мен ұлт мүддесіне бағытталған идеялары оны Алаш қайраткерлерімен рухани және ғылыми тұрғыда жақындатты. Ол ресми түрде Алаш партиясының мүшесі болмағанымен, олардың ұстанымдары мен ұлттық идеяларын қолдаған. Оны Ахмет Байтұрсынұлының әліпби, емле, грамматика саласындағы жұмыстарын жоғары бағалап, өзінің еңбектерінде жалғастыруынан байқауға болады. Латын әліпбиіне көшу мәселесінде де Алаш зиялыларының пікірімен келісті.1937 жылы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, “халық жауы” деген қара күйе жағылып, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Міржақып Дулатұлымен бір күнде, 1938 жылы 25 ақпанда атылды.

Ақтөбе қаласы, 1928 жылы. Солдан оңға қарай отырғандардың біріншісі–Ахмет Қуанұлы, үшіншісі–Құдайберген Қуанұлы.
Ол қамшыдай қысқа өмірін қазақ тілінің фонетикасы, морфологиясы, синтаксисі, лексикологиясы, терминологиясы және тіл тарихы сияқты салаларды зерттеуге арнаған. Профессор қазақ тілінің дыбыстық жүйесін зерттеп, грамматикалық құрылымын талдады, сондай-ақ қазақ тілінің орфографиясы мен терминологиясын қалыптастыруға үлес қосты. Білімнің бәрін жинақтап, 1966 жылы «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» атты ғылыми мақалаларға толы жинақ шығарған.
Ғалымның еңбектері алғаш рет 1966 жылы 2400 данамен, екінші рет 1999 жылы 600 данамен жарық көрді. Бұл еңбектер қазіргі уақытта сирек кездеседі және ғылыми қауымдастық арасында жоғары бағаланады. Соның ішіндегі ең өзекті тақырыптардың бірі – қазақ тіліндегі ғылыми терминология. Бүгінгі күннің өзінде ғылым мен технологияның дамуымен бірге жаңа терминдерді қазақшалау мәселесі бар. Кейбір терминдердің аударылуы мен қолданысына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Құдайберген Қуанұлы өз ғылым жолында бұл мәселеге де көңіл аударып,
«Қазақ тілі — ғылыми тіл» атты еңбегін жазды. Бұл еңбегінде ол қазақ тілінің ғылыми терминологиясын қалыптастыру жолдары туралы пікірлерін ортаға салады. Қазақ тілін ғылым мен білімнің тілі ретінде дамыту мәселелерін қозғап қана қоймай, ғылыми терминдерді қазақ тіліне бейімдеу және жаңа терминдер жасау қажеттігін атап өтті. Аталмыш шығармасында «ғылым тілін жасау — тек сөзді аудару емес, ойды ұлттық болмысқа бейімдеу.» деген сөзінен-ақ оның ғылыми терминология қалыптастыруда қаншалықты терең мазмұн мен ұлттық ерекшелікке мән бергенін байқауға болады. Өйткені оның ойынша «ғылымды өз тілімізде меңгеру — ұлттық сананы оятудың ең тиімді жолы.» Сонымен қатар, «тіл шұбарланбауы керек, бірақ қажет кезде шет тілдерден сәтті сөздерді қабылдай білу қажет» екенін де алға тартқан, яғни ол тілдің дамуы ашықтық пен икемділікті талап ететініне сенген.
Құдайберген Қуанұлының идеялары бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтпайды. Қазіргі Қазақстандағы қостілділік мәселесі мен қазақ тілінің мәртебесін көтеру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарда оның еңбектерінің маңызы зор. Қазақ тілінің ғылым мен білім тілінде кеңінен қолданылуы, сондай-ақ жаңа терминологиялар мен тілдік құрылымдардың қалыптасуы профессордың зерттеулерінен туындайтын негізгі бағыттар. Оның еңбектері болашақ зерттеулер үшін маңызды бағдар болып қала береді, себебі олар қазақ тілінің дамуы мен оның қоғамдағы рөлін түсінуге және одан әрі жетілдіруге негіз бола алады.
Педагогтың ойлары қазақ тілін тек қарым-қатынас құралы ретінде емес, ұлттың рухани байлығы ретінде қарастыруды ұсынады. Оның идеяларын қазіргі тіл саясаты мен зерттеулерде пайдаланудың маңызы ерекше. Тілдің ғылым мен қоғамдағы орны, оны дамытуға бағытталған зерттеулер мен ұсыныстар болашақта да өзінің ықпалын тигізеді деген сеніммен қазаққа Құдай берген Құдайбергеннің еңбектерін назарда ұстау керек.
Жанель Тұрарқызы
Мақсұт Нәрікбаев университетінің
2-курс студенті
-
12.03.2025
-
11.03.2025
-
11.03.2025
-
11.03.2025
-
11.03.2025
-
11.03.2025
-
11.03.2025
-
11.03.2025
-
11.03.2025