Біз
әлеуметтік
желіде
18-06-25 |
100 рет қаралған
Алакөл жаңа туристік маусымға дайын.
Алакөл жаңа туристік маусымға дайын

Биыл шомылу маусымына қарай жаңарған инфрақұрылымы бар, ыңғайлы көлігі қарастырылған, қауіпсіздік шаралары күшейтілген Алакөл туристерді қарсы алуға дайын.

Осы орайда назарларыңызға жаңа маусымның 10 басты игілігін ұсынамыз:

Үшарал қаласы бағытында әуе рейстерінің саны артты. Енді Алакөлге күн сайын Астана және Алматы қалаларынан «Алматы-Үшарал» және «Астана-Үшарал» бағыттары арқылы жетуге болады. Мемлекет тарапынан субсидияланған билеттер құны — небәры 20 000 теңге. Әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңартудың арқасында Үшарал қаласында ірі әуе кемелерін қабылдауға жағдай жасалған.

Жазғы шомылу маусымына қарай қосымша пойыздар іске қосылды. Көлге 13 пойыз жүреді, оның ішінде Астана мен Алматыдан «Тальго» жүрдек пойызы да бар. Өскемен, Павлодар, Қызылорда, Семей және Ақтоғай бағыттары қосылды.

Ақши және Көктұма ауылдарына автобус маршруттары ұйымдастырылды. Алматыдағы «Сайран» және Талдықорғандағы автобекеттерден автобустар тұрақты жүреді. Билет құны — 5 000 теңгеден 9 000 теңгеге дейін.

Ақши ауылында дәрігерлік амбулатория, дәріхана және тәулік бойы Жедел жәрдем жұмыс істейді. Облыс орталығынан хирургтар, кардиологтар, травматологтар және басқа да мамандар іссапарға жіберіледі.

Судағы қауіпсіздікті және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биылғы шомылу маусымында Ақши ауылында тәулік бойы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару бөлімшелерінің кезекшілігі ұйымдастырылады. 19 құтқарушы мен қосымша 28 полиция қызметкері жағалауда тәртіпті қамтамасыз етеді. Құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін 9 құтқару мұнарасы орнатылады.
Тыйым салынған жерлерде су көліктерінің бақылаусыз қозғалысы мәселесін реттеу мақсатында Жетісу облысында Суды ортақ пайдалану ережесі бекітілді. Ережелердің сақталуын көліктік бақылау инспекциясы жүргізеді, бұл ретте инспекторлар саны ұлғайды. 3 су көлік тұрағы және құқық бұзушыларға арналған арнайы 1 айыппұл тұрағы болады.

Байланыс пен Интернеттің сапасын арттыру мақсатында жағалауда 16 базалық станция жұмыс істейді, 2024 жылы оптикалық-талшықты желі тартылды. Интернет байланысына туристік нысандар кезең-кезеңімен қосылуда.

Сондай-ақ жағалаудың санитарлық инфрақұрылымын жақсарту үшін бірқатар шаралар қабылдануда. Бүгінге дейін 11 санитарлық-гигиеналық торап қойылған, маусымның соңына дейін тағы 12-сі қойылады. Қосымша 60 қоқыс жәшігі қойылып, 20 биотуалет орнатылады.
Ақши ауылында кәріз-тазарту құрылысы бастады, бұл – өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген маңызды қадам.

Электрмен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету үшін жаңа «Ақши» қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде, биыл Бескөлден Ақшиге дейін жоғары вольтты электр беру желілерін салу жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ, Көктұма және Ақши ауылдарында жағалауды нығайтудың ауқымды жұмыстары басталды.

Жетісу облысының Алакөл демалыс орны туризмнің ең танымал бағыты ретінде үнемі даму үстінде. Оған көлікпен бару мүмкіндігін кеңейту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жағалаудың экологиялық инфрақұрылымы мен заманға сай қолайлы жағдай жасау – қазақстандықтар мен шетелдік туристер үшін көл жағалауында демалуды жайлы ете түседі.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.