arasha.kz

Мәдениет және спорт министрлігі: Қытайлар мен үнділер қазақстандық қыздардың сұлулығын көруге асық

фото: kazpravda.kz

фото: kazpravda.kz

Мәдениет және спорт министрі «Қазақстан аруы» сұлулық байқауына жұмсалған 73 миллион 200 мың теңгені қазақстандық қыздардың сұлулығын көруге қатты ынтығып отырған қытайлар мен үнділердің туристтік шығындарының есебінен қайтарып алмақшы көрінеді. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов туризм қызметін дамытуға арналған мемлекеттік активтер мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына арналған мемлекеттік аудиттің қортынды отырысында айтты, – деп жазады zakon.kz

Вице-министр есеп комитетіндегі сөзін елде туризм ойдағыдай дамымай жатқандығын және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясын құру уақыттың талабынан туындағанын алға тартудан бастаған. Қожағапановтың сөзіне қарағанда, туризм бағытындағы формасы жағынан жаңарған дүниенің бірі – «Қазақстан аруы» байқауы.

Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов, фото: sputniknews.kz

-Бір қарағанда, бұл байқау бізге тән емес нәрседей көрінеді. Бұған біздің қандай қатысымыз бар? Бірақ біз туристтік бизнеспен үлкен кездесу өткіздік. Сөйтсек, көптеген қытай және үнді туристтері байқауды көруді асыға күтіп отыр екен. Олар теледидардан, интернеттен қызыға көріп, тамашалайды екен. Біз «Астана аруы» байқауын өткізгенде Қытай мен Үндістаннан 400 турист келді. Оларды туркомпаниялар өздері шақырды. Сөздеріне қарағанда, олар біздің қыздардың сұлулығына сүйсінеді екен. Біз мұны өте дұрыс деп есептейміз – депті Ерлан Қожағапанов.

«Қазақстан аруы» байқауы қазір ел аумағында өтіп жатыр. Биыл шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында ақтық сыны болады.

Айтпақшы, Қожағапанов айтып отырған «Kazakh Tourism» ұлттық компания 2017 жылы құрылған. Толықтай мәдениет және спорт министрлігіне қарайды. Компания сайтында: ««Kazakh Tourism» ҰК» АҚ туризм саласындағы бірыңғай елдік бренд-менеджер болып табыла отыра, Қазақстанның туристік саласын жүйелік және институционалдық дамытуды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік акциялар пакетіне иелік ету және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті (бұдан әрі – Жалғыз акционер) жүзеге асыратын Қоғамның жарғылық капиталына мемлекеттің жүз пайыз қатысуы – мемлекеттің туризмді дамыту және қолдау саласындағы белсенді саясатының, саланың барлық субъектілерінің қызметіне қолайлы жағдай жасау кепілінің нәтижесі» деп компания қызметі бағыты мен үкіметке тиесілі екендігі жазылған.

Exit mobile version