Түркістанда 74 жастағы зейнеткер әкімдік ғимаратын заңсыз сатып алған.
Түркістанда 74 жастағы зейнеткер әкімдік ғимаратын заңсыз сатып алған

Түркістан қалалық әкімдігінің ғимараты бір көзден арзан бағаға сатылып кеткен. Прокуратура заңсыздықтарды анықтады. Көкшетаулық 74 жастағы зейнеткердің әкімдік ғимаратын жырты бағасына қалай жекешелендіріп алғаны тексеріліп жатыр.

Нысанды жергілікті билік бастан аяқ жөндеп, артынша жарты бағасына өткізіп жіберген. белгілі болғандай әкімдік қызметкерлерінің өздері ғимаратсыз қалған.

Түркістан қаласының орталық Есім хан алаңында орналасқан әкімдік ғимараты 4 қабатты, аумағы екі жарым мың шаршы метрден асады. Ғимаратты әкімдік осыдан үші жыл бұрын 257 миллион теңге жұмсап, бастан аяқ жөндеп шықаны белгілі болды. Арада көп уақыт өтпей қала әкімі қаулы шығарып, зәулім ғимаратты небәрі 313 миллион теңгеге сатып жіберген.

Қалалық прокуратура ғимаратты жекешелендіру кезінде көптеген заңсыздыққа жол берілгенін анықтаған. Яғни, әкімдік ғимаратының іші сатылмай жатып-ақ қонақүйге ыңғайластырылып бұзылған. Сондай-ақ, сот кезінде бұл ғимараттың нарықтағы құны 438 миллион теңге деп бағаланған. Ал ішіндегі бүлінген дүниелерді қалпына келтіруге тағы 146 миллион қажет деп тапқан.

«Ғимаратты бағалау жұмыстары жүргізілмей жатып, сатып алатын тұлға анықталмай жатып, ішкі құрылыстың элементтерін бұзу жұмыстары басталған. Осыған байланысты ғимараттың бағалау құны 29 процентке арзандатылған», – дейді Түркістан қалалық прокуратурасының аға прокуроры Нарбек Мықтыбаев.

Сондықтан қадағалаушы орган қала әкімінің қаулысы негізсіз деп экономикалық сотқа талап арыз түсірген. Кейін сот шешімімен қаулының күші жойылды. Сөйтіп әкімдік ғимараты мемлекет меншігіне қайтарылатын болды. Алайда бұл шешіммен ғимаратты сатып алған көкшетаулық зейнеткер келіскісі жоқ.

«Мен келіспеймін, заңсыздық жасаған жоқпын. Бәрі заңды. Келгеннен кейін аппеляцияға береміз. Болмаса республикалық сотқа барамын», – дейді кәсіпкер Құлбибі Бектасова.

Соттың шешіміне түркістандық шенеуніктер де келіспей отыр. Шаһар басшысының айтуынша, ғимарат заң аясында сатылған. Ал, тым арзанға бағаланғаны – нысанның ескілігінен дейді.

«Түркістан қаласында өтетін саммит кезінде қонақүй жетіспейтін болды. Сол жерде туристерге арналған орын болсын деген тапсырма берілді. Соған сәйкес шешім қабылданып, саудаға қойылды», – деп түсіндірді Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов.

Сондықтан әкімдіктегілер қаулыны қайта қарау туралы жоғары сотқа талап арыз түсірмек. Қазір сатылып кеткен ғимарат бастан аяқ жөнделген. Бірақ есігі жабық тұр. Ал қаланың шенеуніктері бұрынғы мұражай ғимаратында отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.