10-07-20 | 18:19
Тұрсынбаеваның Тоқаевқа ашық хаты: Қазаққа қастандық жасалды!.
Тұрсынбаеваның Тоқаевқа ашық хаты: Қазаққа қастандық жасалды!

фото: Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметі

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева президент Тоқаевқа ашық жазып, оны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Хатта айтыскер елдегі ауыр жағдайға алаңдап, халықтан ақша жинап, Түркиядан өкпені жасанды желдететін аппараттарын сатып алғандарын, енді оны нағыз мұқтаж сырқаттарға таратуға көмектесуін сұраған.

***

Айнұр Тұрсынбаева, “Айдың нұры” қорының жетекшісі, айтыскер ақын: 

– Қазақтың даласы қан сасып тұр. Адамдар шыбынша қырылып жатыр. Адамдар өз ажалынан емес, дәрінің жоқтығынан, жағдайдың жоқтығынан, апараттардың жоқтығынан, ауруханаларда орындардың жоқтығынан өліп жатқанын мойындауымыз керек! Қазаққа қастандық жасалды! Осы жағдай жүрегімізге батқан соң біз қоғам белсенділері қосылып халықтан ақша жинадық! Ақшаны жинап Түркия мемлекетінен 125 апаратты сатып алдық!

Бұл апараттар Қазақстанда 500-800 мың көлемінде сатылып та жатыр. Халықтың ондай қымбат апарат алатын жағдайы жоқ екенін менсіз де білетін шығарсыздар деп ойлаймын! Елшіліктің көмегімен шекара шығынынан да құтылғандай болып едік. Бірақ 125 апаратты, яғни 2 тонна жүкті тұтас жіберетін мүмкіндік жоқ екен! Ендігі жан айқайымыз мынау! Біздің тірнектеп жинап алған апараттарымызды Қазақстанға барған соң СК “ФАРМАЦЕВТИКА” деген мекеме қабылдап алады екен.. Ол мекемеге халық та, халықтан ақша жинаған белсенділер де сенбей отыр! Себеп: осы уақытқа дейін шет елдерден келіп жатқан көмектердің жоқ болып кетуі!

Сондықтан осы апараттарды таратудың билігін өзімізге берсеңіздер екен. Қорғаныс министрлігі арнайы ұшақ жібертсе тұтас апаруға болады! Бізге әр минут қымбат! Әр адам қымбат! Әр апарат қымбат! Әр тиын қымбат! Мен Түркия мемлекетіндегі бір зауытпен сөйлесіп 2 аптада 500 апарат алатын болып келісім-шарт жасамақшы едім.. Зауыт келісімін берді! Ең арзан бағаға! Егер қоғам белсенділеріне апараттарды Қазақстанға жеткізуге көмектесіп, таратуға мүмкіндік берсеңіздер 2 аптаның ішінде 500 апараттың ақшасын жинап береміз. Бар мүмкіндікті пайдаланып қалайық.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.