«Уайымға батырды»: Атырау әкімі қамауға алынған орынбасарының ісі дәлелденсе отставкаға кетуге дайын.
«Уайымға батырды»: Атырау әкімі қамауға алынған орынбасарының ісі дәлелденсе отставкаға кетуге дайын

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жемқорлыққа қатысты күдікке ілініп, үйқамақта отырған орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты пікір білдірді.

«Әрине, уайымға батырды», – деді Досмұхамбетов Хаменованың ұсталуын қалай қабылдағанын сұраған журналистерге. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды. 

«Хаменованың орнына ешкім отырған жоқ, оның қызметі әкімнің негізгі орынбасарлары арасында бөлінеді. Тергеу жүріп жатыр, барлығы тергеуден кейін белгілі болады», – деді ол.

Аймақ басшысының айтуынша, оны әлі жауап алуға шақырмаған. Орынбасары ұсталғаннан кейін онымен сөйлеспеген.

Сондай-ақ журналистер Досмұхамбетовтан Хаменова ұсталғаннан кейін отставкаға кетуге дайынсыз ба деп сұрады.

«Бұл мәселені реттейтін заң бар. Егер маған тікелей бағынышты орынбасарымның бірінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны анықталса, онда заңға сәйкес мен кетуім керек және мен отставкаға беремін. Әрі қарай мемлекет басшысы шешім қабылдайды», – деді Досмұхамбетов.

Облыс әкімі қылмыстық іс қозғауға себеп болған тендер, оның ішінде орнатылуы керек ескерткіш туралы айтты.

«Ескерткіш туралы шешім, қателеспесем, 2016 жылы қабылданды. Пандемия кезінде мұны жүзеге асыра алмадық, ескерткішті биыл орнату жоспарланды. Ескерткіш орнату әрі қарай созылуы да, созылмауы да мүмкін. Оған тергеу әсер ете ме, жоқ па, айта алмаймын», – деп қорытындылады аймақ басшысы.

Еске салсақ, Хаменова Қылмыстық кодекстің 366-бабының екінші бөлігі бойынша «айтарлықтай мөлшерде пара алды» деген күдікке ілінді. Расталмаған ақпарат бойынша, пара Абай ескерткішін орнатуға жарияланған тендер бойынша берілген.

Қазір шенеунік үй қамақта отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk