21-07-20 | 22:27
“Ұят туралы сөз қозғауға моральдық құқығы жоқ”.
“Ұят туралы сөз қозғауға моральдық құқығы жоқ”

Мұхтар Тайжан, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, экономист:

– Білдей бір халықтың сан ғасыр, тіпті мыңдаған жылдар бойынша қалыптасқан қазақ ұяты деген көне әрі терең ұғым туралы сөз қозғайтын адам алдымен қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін, жырларын, әдебиетін, оның мағынасын терең білуі керек. Алдымен Қобыланды, Алпамыс жырларын жатқа біліп, Әуезовтің «Абай жолын», Есенберлиннің «Көшпенділерін» түсініп оқуы керек, Алаш қайраткерлерінің, Абай мен Шәкәрім еңбектерінен, т.б. хабардар болуы керек. Кемінде базалық тарихи, философиялық білімі болуы керек. Ал біздің кейбір алаяқ байшыкештеріміз білімсіздіктен құрылыста қабырғаға сылақ жаққандай ұлтымыздың негізгі түсінігі Ұят туралы қалай болса солай пікір айтады.

Соңғы жылдарда байқағаным, біздің кей алаяқтар өздерін ұлттық масштабтағы ойшыл сезінетін болыпты. Олардың кейбірі бізге қалай бала тәрбиелеуді үйрете бастады. Оларға сенсек баланы ақшаға тәрбиелеу керек екен), ал өздерінде базалық та білім жоқ. 1990 жылдары олар алыпсатарлықтан қолдары босамады, кейін мемлекет меншігіндегі зауыт, фабрикаларды «прихватизациялаумен» әлек болды. Сондықтан, олардың кітапханаға баруға уақыттары болған жоқ. Қайтеді ол кітапханаға барып?! Кедей мұғалімдерден экстернмен диплом сатып алды, бірақ бұл олардың керемет білімді екенін білдірмейді ғой.

Қазір енді солардың ақымақтығы әшкере болып жатыр. Негізі ақымақ, сауатсыз олигархтардың үндемегені дұрыс, бәлкім сол кезде оларды ақылды деп ойлап қалар жұрт. Өздерінің сауатсыздығын олар бүркегісі келіп, қазір аннан-мыннан бірдеңелерді оқып, студенттердің лайфхагы деңгейіндегі біреулердің қарапайым ойларын бөлісіп, ақылды болып көрінгісі келеді.

Оқытушысы, оқулығы, кітапханасы бар базалық білімді ештеңемен алмастыруға болмайды. Бұны олар өздері де жақсы түсінеді. Сосын «қауашақтарындағы» осы бос кеңістік қайдағы-жайдағыны оқып, болмайтын бірдеңелерге толады да өздерін философ сезіне бастайды. Сөйтіп өздерін Леонардо да Винчи сезініп, ұлтқа ақыл айта бастайды, қазақ ұяты сияқты терең философиялық категориялар туралы сөз айта бастайды. Басында базалық білім болмаған соң бұл айтқандары халықтан әділ бағасын алып, сынға ұшырайды.

Қазақстан жағдайында бай болу – сауатты, ақылды болу дегенді білдірмейді. Олардың қалай қор жинағанын біз жақсы білеміз: егер 90-жылдардағы «прихватизация» мен «ағашкалары», 2000 жылдардағы мемлекеттік дотациялар болмағанда бұл олигархтар да болмас еді. Алайда, әрине олигархтардың барлығы бірдей ақымақ, сауатсыз емес, олардың ішінде дүниетанымы кең азаматтар да бар. Бірақ олар ешқашан ұлттық масштабтағы ойшыл болуға таласпайды.

Қысқа қайырар болса, бүгінгі орташа қазақ олигархының (дұрысы ірі ұры) көне әрі терең түсінік қазақ ұяты туралы сөз қозғауға ешқандай моральдық құқығы жоқ.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.