08-12-20 | 11:32
Ұйғыр ауданында Абайға көше қашан беріледі?.
Ұйғыр ауданында Абайға көше қашан беріледі?

«Ұйғыр ауданы» деген атауды өзгерте алмаған Алматы облысы әкімдігі енді сол аудан орталығынан ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлына көше атын бере алмай отыр.

Дәлірек айтқанда, әлемнің 70-тен астам елінде Абай Құнанбайұлының тойы дүркіреп өткен, «орыстанған» қала Қарағандыда Ленин көшесі Абайдың атына беріліп жатқан тұста Алматы облысындағы «айрықша» мораторий һәкімді көшесіз қалдыратынға ұқсайды.

ТҰЛҒАЛАРЫМЫЗҒА ОН ҮЙІ БАР КӨШЕЛЕРДІҢ ҒАНА АТЫН БЕРЕДІ

Онсыз да бітеу жарасы әне-міне жарылуға шақ тұрған ауданда бұл мәселе қоғам наразылығын тудырмай қоймады. 60 мыңнан аса тұрғыны, алпыстан аса көшесі бар аудан орталығында ұйғыр диаспорасынан шыққан тұлғалар көптеп ескерілген.

«Біздің Абай атамыздың атына сұрап отырған көшеміз Кинтал Исламов көшесі, Кинтал деген кісі бұрын осы Шонжыда бірінші хатшы болған біреу ғана. Бірақ қазір бұл мәселе «мораторий», «анау-мынау» деген сылтаумен шешілмеді», – дейді Мәулен Нұрқанатов есімді қоғам белсендісі.

Сонымен бірге қоғам белсендісі «Ауданда неге біздің ірі тұлғаларымызға төмен жақтағы он үйі бар көшелердің ғана атын береді?» деген сұрағына да жауап таба алмағанын жеткізді. 

«Мәселен, орталықтағы үлкен көшелердің біріне Ашим Арзиевтың атын беріп қойған. Біз ол көшеге даңқты бабамыз Әл-Фарабидің атын беруді сұрағанбыз. Оны да бізге «анау болды, мынау болды» деді де жылы жауып қойды», – дейді ол.

«Жылы жауып» демекші, аудан ақсақалдары Ызғарбек Бектұрсынов пен Жәнет Керімқұлов те мәселе дер кезінде қозғалғанын, тек бұл түйткілде әкімдіктің жалтақтап отырғанын айтады.  

«Біз әкімдікпен сайлауға дейін келісіп қойдық. Енді ол келісімді білмейтіндер бар. Жалпы  қозғала берген дұрыс деп жатыр», – дейді олар.

«ОНДАЙ МӘСЕЛЕ КҮН ТӘРТІБІНЕН АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ»

Аталған мәселеге орай Алматы облысының идеология жөніндегі орынбасары Рустам Алпысбаевқа хабарласқанымызбен тілдесу мүмкін болмады.

Ал облыс әкімінің баспасөз хатшысы Айдар Башбаев болса: «Бұл мәселемен жауапты басқарманың өзіне хабарлассаңдаршы» деген «сілтеме» сөзден көп асқан жоқ. (жауапты басқарма – Алматы облысы Тіл басқармасы – Қ.Қ.)

Баталовтың баспасөз хатшысы сілтеген «жауапты басқарманың» өкілі Ермек Ақшабаевты күте отырып, Сағ: 17.28-де тілдестік.

Ұйғыр ауданы орталығы Шонжыда бір де бір көшеге Абай Құнанбайұлының есімі берілмепті. Осыған байланысты аудан тұрғындары мәселе көтерген екен…

Ермек Ақшабаев:

– Саяси науқанға байланысты (парламенттік сайлауды меңзеп тұр – ред.) ондай мәселе күн тәртібінен алынып тасталды. Алдағы уақытта мерзімі өткеннен кейін ұсыныс негізінде заңнамаға сәйкес қаралады.

Сіздер бұдан бұрынғы жауаптарыңызда бұл мәселенің қолдау таппауына мораторий есеп болып отыр депсіздер. Енді, саяси науқан туралы айтасыздар…

Ермек Ақшабаев:

– Енді атауларды өзгертуге шектеу болып тұрған екінші мәселе – бізде мына халық санағына байланысты шектеу, яғни, халық санағы ең алғашқысында 2020 жылы өткізіледі деді. Соның негізінде жоғарғы атқарушы органдар тарапынан «атауларды өзгертуге болмайды» деген тапсырма келді. Енді ол тапсырманың күші жойылған жоқ.»

Қарағандыда осы сіз атап отырған мораторий мерзімінде Ленин көшесінің атын биыл әлемдік деңгейде 175 жылдығы тойланып отырған Абай Құнанбайұлының атына берген жоқ па? Әлде сіздерге мораторий басқаша жүре ме?

Ермек Ақшабаев:

– Енді олар үшін мен жауап бере алмаймын. Өзімнің позициямдағы дүниені айтып отырмын…

ТОҒЖАНОВ КЕЛЕ ЖАТЫР

Біз осы мақаланы жазып отырғанда ұзынқұлақтан «Осы сенбі күні Ұйғыр ауданына Тоғжанов келе жатыр екен» деген хабар бұрқ ете қалды. Кәдімгі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Енді сәл шегініс жасап көрелік.

Естеріңізде болса,17 маусым күні Амандық Баталов Шонжыға шұғыл түрде жеткен болатын, Себеп – жанжал туындаған еді. Ал осы мәселеге орай өткен кездесуде ауыл тұрғындары Амандық Ғаббасұлына басқа басқа емес, тап осы аудан атауын өзгертуді талап қылып қойған.

Тиісінше, тұрғындардың арыз-арманын тыңдаған облыс басшысы елдің талап-тілегін Ақордаға жеткізуге уәде берген.

«Бұрын мен әр жолы Нұр-Сұлтанға барғанда, Елбасына, Президентке, Премьер-министрге, министрлерге кіремін. Мәселелерді шешіп жүрмін ғой» деген сөз болатын.

Айна-қатесіз «шешіп жүрмін ғой» деген.

Алайда, Ұйғыр ауданының аты тұрыпты, көшесінің атауын шеше алмаған Баталовтың командасына Қара дала  халқы тағы өкпе артуға мәжбүр.

Бәлкім, Қара дала халқы аталған мәселені Тоғжановқа төтесінен қоя ма?

 

Қозыбай ҚҰРМАН, arasha.kz

Алматы облысы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk