21-05-20 | 12:50
Үкімет Армениядан әкелінген көліктерге байланысты қаулы қабылдады.
Үкімет Армениядан әкелінген көліктерге байланысты қаулы қабылдады

Үкімет басшысы Асқар Мәмин Арменияда тіркелген көліктерді Қазақстан азаматының әкелуі мен пайдалануына байланысты қаулыға қол қойды.

Қаулыға сәйкес Армениядан әкелінген көліктер уақытша тіркеуге алынады. Аталған қаулы 20 мамырда қабылданған.

“1. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі 2020 жылғы 1 қыркүйекке дейін заңнамада белгіленген тәртіппен:

1) Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 553-бабы 4-тармағының 1.1) тармақшасына сәйкес мемлекеттік тіркеу үшін алым мен Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 615-бабына сәйкес мемлекеттік баждар төлей отырып, Армения Республикасының уәкілетті органдарында Қазақстан Республикасының азаматтарына тіркелген және Қазақстан Республикасына 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген, жүргізу органдары сол жақта орналасқан көлік құралдарын тіркеу;

2) осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген көлік құралдарын тіркеу кезінде берілетін мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерінің типін бекіту;

3) меншік иесі осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, тіркелген көлік құралдарын бастапқы тіркеу не Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығару туралы шешім қабылдаған жағдайда оған қатысты тіркеу іс-әрекеттерін жасауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдасын.

2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі көлік құралын тіркеуді жүзеге асыру кезінде Армения Республикасының уәкілетті органдары берген көлік құралдарын тіркеу құжаттарының түпнұсқаларын және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін меншік иелері сұрағанға дейін сақтауды және осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген көлік құралдары Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарылған жағдайда оларды беруді қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасы Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, тіркелген көлік құралдары меншік иелерінің салық міндеттемелерін төлеу және міндетті техникалық қарап-тексеруден өту мүмкіндігін қамтамасыз етсін.

4. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, меншік иесі оны бастапқы тіркеу не Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығару туралы шешім қабылдағанға дейін осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, тіркелген көлік құралдарын пайдалануға шектеулердің жоқ екені жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізуді қамтамасыз етсін.

5. Қазақстан Республикасы Қаржы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, тіркелген көлік құралының меншік иесі оны бастапқы тіркеу туралы шешім қабылдағанға дейін кедендік баждарды, бастапқы тіркеу үшін алымдарды және өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру үшін төлемді төлеу қажеттігінің жоқ екені жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізуді қамтамасыз етсін.

6. Қазақстан Республикасы Қаржы және Ішкі істер министрліктері Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтары мен Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, 2020 жылғы 1 ақпаннан кейін Қазақстан Республикасына Армения Республикасынан көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған адамдарға қатысты заңнамада белгіленген шараларды қабылдасын.

7. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы (келісу бойынша) және Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісу бойынша) 2021 жылғы 1 желтоқсанға дейін ішкі істер органдарының басқа елдердің уәкілетті органдарында тіркелген көлік құралдарымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту туралы мәліметтерге, олардың иелері және оларды жүргізетін адамдар туралы деректерге қолжетімділігін ұйымдастыру үшін «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» және «Бүркіт» ведомстволық ақпараттық жүйелерін интеграциялауды қамтамасыз етсін.

8. Қазақстан Республикасы Ішкі істер, Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология, геология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

9. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі” деп жазылан премьер-министрдің қаулысында.

Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздің әр жерінде шетелден әкелінетін көліктерді тіркеуге қатысты наразылық шаралары өткен. Олар Армения, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен Қазақстанға әкелінетін көліктерді елге тіркеу кезінде жеңілдіктер беруді сұраған. Себебі оларды заңдастыру тым қымбатқа түсетіндіктен, заңсыз көлік айдауға мәжбүр екендіктерін айтқан. Ал билік тіркелмеген көліктер заң бұзса жазадан құтылып кетеді деп санайтындықтарын мәлімдеген.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk