17-09-20 | 16:01
ҮКІМЕТ СОЛТҮСТІКТЕ ҚЫРЫМ СЦЕНАРИІ ҚАЙТАЛАНУЫН КҮТІП ОТЫР МА?.
ҮКІМЕТ СОЛТҮСТІКТЕ ҚЫРЫМ СЦЕНАРИІ ҚАЙТАЛАНУЫН КҮТІП ОТЫР МА?

Өткен жылы елімізден 45 мың, ал биыл соңғы 6 айда 11 мың адам көшіп кеткен. Қазақстан демографиясын зерттеуші Мақсат Имандосов Ресей «Биыл Қазақстаннан 31 мың адам көшіп келді» деп ресми ақпарат таратқанын айтады. Бір сөзбен айтқанда елімізден шет елге көшіп жатқан азаматтардың 90-95 пайызы орыс, украин, беларусь диаспоралары болып отыр. Өкінішке қарай Үкімет Солтүстік Қазақстан облыстарын қазақыландыру жұмыстарына назар аударып отырған жоқ.

ТҰРАҚТЫ ТІРКЕУДІҢ ЖЫРЫ ОҢ ШЕШІМІН ТАБУ КЕРЕК

Әлеуметтік желіде Солтүстік Қазақстан облыстарын қазақыландыру туралы Мырзантай Жақып жиі жазып жүр. Ол бүгінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Ғылым департаментіне қарасты Ғылыми-әдістемелік және патенттік-лицензиялық бөлімінің жетекшісі қызметін атқарады. Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облыстарын қазақыландыру жөнінде нақты заң бекітіліп, бағдарлама қабылданған. Алайда оның іс жүзіне асуына келгенде көптеген кемшіліктер бар.
«Аудандарда көшіп келгендерді баспана мен жұмыспен қамту жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ Петропавл қаласының өзінде мұндай жұмыстар істеліп жатқан жоқ. Мәселен Петропавл немесе аудандарға көшіп келген адам мемлекеттің көмегін алу үшін ең бірінші кезекте тұрақты тіркеуге тұру керек. Өкінішке қарай мұнда тұрақты тіркеуге тұрып, жалға пәтер табу қиын. Жоғары білімді, көзім ашық азамат болсам да, 3-4 ай дегенде тіркеуге тұрып, пәтер таптым. Негізі тұрақты тіркеуге тұруға Солтүстік Қазақстан облысы немесе Петропавл қаласы әкімдігі көмектесуі керек еді», – дейді ол.
Қазіргі мемлекеттік бағдарлама бойынша Елорда, Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындарының солтүстікке көшіп келуіне рұқсат берілді. Әйтсе де, қаладан келген азаматтардың өзіне тұрақты тіркеуге тұрып, арендаға пәтер табу қиын көрінеді.
«Биыл 2011 жылы қабылданған «Халықтың көші қоны туралы» заңға азаматтардың уақытша орналастыру орталығына тіркеуіне болады деген өзегіріс енгізілді. Аталған заңда этникалық қазақтар мен қоныс аударушылар және олардың отбасы мүшелерінің уақытша орналастыру орталығына тіркелуі қарастырылған. Өкінішке қарай заң қабылданғанымен мұндай орталықтар Петропавл қаласы мен оның аудандарында жоқ. Менің ойымша, солтүстік өңірге көшіп келген адам тұрақты тіркеуге тұрып, арендаға үй іздеп жүрмеуі керек. Уақытша орналасу орталығына бір айдан бір жылға дейін тұруға мүмкіндік алып, азаматтар аяқтан тұрып кетуі тиіс. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа, қала әкіміне «Елордадан Петропавлға көшіп келген маған қандай көмек бере аласыздар?» деп жаздым. Олар «Біз пәтер тауып, тұрақты тіркеуге тұрғызуға міндетті емеспіз» деп жауап қайырды», – дейді профессор.
Мырзан Қожабайұлы ең бірінші кезекте тұрақты тіркеу мәселесін оңтайлы шешу керек деген пікірде. Алайда солтүстікті қазақыландыруда тұрақты тіркеуден де басқа мәселелер шаш етектен.

СОЛТҮСТІККЕ КӨШКЕНДЕРГЕ ҚАНША ҚАРЖЫ БЕРІЛЕДІ?

Шыны керек мың жерден отаншыл болсаң да, қомақты қаржы төленбесе солтүстік өңірге азаматтар көптеп көшіп келмейді. Үкімет «Еңбек» бағдарламасы бойынша квота беріп, солтүстікті қазақыландырғысы-ақ келеді. Алайда солтүстікке көшіп келгісі келетін азаматтарға берілетін қаржы үйден аттап шығуға жетпейді.
«Қазіргі заңнама бойынша бір адам көшіп келетін болса, Үкімет 35 АЕК (Бір АЕК 2 651 теңге), яғни 92 785 теңге береді. Мәселен бір отбасында 5 адам болса, онда 500 мың теңге көлемінде төлемақы алады. Сондай-ақ пәтерақы бойынша қалаға тұрамын дегендерге 66 275 теңге (25 АЕК), ал ауылды жерге (20 АЕК) 53 020 теңге бір жыл бойы төленеді. Бұл қаржы оңтүстік пен батыстағы халықтың солтүстікке алып-ұшып келуіне ықпал етпейді.
Менің ойымша, аудандарды дамыту үшін ең алдымен Петропавл қаласына айрықша көңіл бөлу қажет. Бір сөзбен айтқанда Петропавл рухани-мәдени орталыққа айналуы керек. Әлеуметтік желіге «Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін халықаралық жоғары оқу орнына айналдыру керек» деп жаздым. Мүмкіндігінше солтүстікке жоғары білімі бар азаматтар келгені жөн. Өйткені мұнда қыста қар күреп, жазда аула сыпыратын адамдар онсызда жеткілікті», – дейді ол.
Ашығын айтсақ, 93 мың теңге үшін солтүстікке азаматтардың көшіп келуі күрделі мәселе. Сондықтан үкімет ең кем дегенде 500 мың теңге төлеуі керек секілді. Сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысу үшін жеңілдетілген несие беріп, халықты ынталадыру маңызды деп білеміз.

СОЛТҮСТІККЕ ҚАНДАС ЖАСТАРДЫҢ ҚАРАСЫ КӨБЕЮУІ КЕРЕК

Иә, расында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне халықаралық деген статус беру өте маңызды. Шет елдегі қазақ жастарын дайындық бөлімінде оқыту үшін жоғары оқу орындарына 2018-2019 оқу жылына – 992, 2019-2020 оқу жылына – 1000, ал биылғы оқу жылына – 1300 орын мемлекеттік білім беру тапсырысы бекітілген. Оның ішінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне 2018-2019 оқу жылына – 34, 2019-2020 оқу жылына – 50, ал биылғы оқу жылына – 60 арнайы квота берілген.
Алайда жастардың теріскейге барып, білім алуына құлшынысы бәрі бір де төмен болып отыр. Мұның себебін Мырзан Қожабай үгіт-насихат жұмысының төмендігімен байланыстырады.
«Қазіргі кезде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде оқитын студенттердің саны 7300-ден асады, олардың арасында Қытай, Моңғолия, Ресей және Өзбекстаннан келген шетелдік жастар да бар. Өкінішке қарай Білім және ғылым министрлігі тарапынан бөлінген квотаның насихатталып, түсіндіру жұмыстары өте нашар. Шет елдегі қазақ жастарын тұрып жатқан еліне барып, шақыру жұмыстарымекн ешкім айналысып жатқан жоқ. Министрлік бұл жұмыстарды әр облыстың ЖОО тапсырып қойған. Бізде қожайын көп, бірақ нақты іспен айналысып жатқан ешкім жоқ. Сондықтан да өз басым көші-қонды ұйымдастыру үшін арнайы бір ұйым құру керек деп есептеймін», – дейді Мырзан Қожабайұлы.

«СЕРПІН» ЖОБАСЫНА СЕРПІН ЖЕТІСПЕЙДІ

Сондай-ақ солтүстікті қазақыландыру үшін «Серпін» жобасы іске асқан болатын. Алайда жастардың «Серпін» бойынша білім алып, солтүстікке бет түзеуі қиын болып отыр. Өйткені «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасына арнайы бөлінген 5 мыңнан астам гранттың 4 мыңнан астамы игерілмей қалған.
«Шыны керек «Серпін» жобасымен ешкім айналысып жатқан жоқ. Мен екі ай бойы тегін ерікті болып, үгіт-насихат жұмысын жүргіздім. Өйткені «Серпін» жобасына байланысты жылда жоспар орындалмай қалады. Мәселен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне 450 грант берілсе, оның небәрі 90 ғана оқуға түскен. Мұның себебі – ең біріншіден ақпараттық-түсіндіру жұмыстары нашар. Үкімет грантты бөлдік бітті деп қарап отырмай, Түркістан мен Маңғыстау облыстарына бару керек қой. Көптеген ата-ана баласын солтүстік Қазақстан облыстарына жібергісі келмейді. Қиындық барлық жерде бар. Бірақ солтүстікке қиындықтан қорықпайтын азаматтар келуі керек. Менің өзім 4-5 ай бойы жұмысқа орналаса алмай жүрдім. Ал алыстарн келген жастың жайы не болмақ?», – дейді профессор.
Мырзан Қожабайұлының айтуынша, 2020 жылы «Серпін» жобасы аяқталады. Естеріңізде болса, аталған жоба 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннекциялап алғанынан кейін іске асқан болатын. Ал қазіргі Үкіметтің «Серпін» жобасын созу-созбасы әзірге белгісіз. Бізге белгілісі Үкімет Солтүстік Қазақстан облыстарын қазақыландыруға арналған «Серпін» жобасына жүрдім-бардым қарап отыр. Соған қарағанда Үкімет солтүстікте Қырым сценаиінің қайталануын күтіп отырған тәрізді.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.