Ұлттық арна үшін “Асыл арна” жауап беретін болған ба?.
Ұлттық арна үшін “Асыл арна” жауап беретін болған ба?

Мұхамеджан Тазабековтың «Қазақстан» ұлттық арнасынан шыққан «Talim Trend» жобасын қоғамның қызу талқылап жатқаны белгілі. Әлеуметтік желілерде діни көзқарасы түсініксіз азаматты ұлттық арнаға шығару дұрыс па? Зайырлы, құқықтық елде діни медианы басқаратын адам неліктен мемлекеттік арнаның эфиріне шығады? Осындай сұрақтардың төңірегінде Тазабековты даттап жатқандар көп. Осы оқиғалардан кейін ақынға журналистер қауымы да жиі хабарласып түсініктеме беруін өтінген екен. Бүгін Тазабеков өзінің инстаграмдағы парақшасында мынандай пост жариялады: «Кейінгі аптада бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері “Қазақстан” ұлттық арнасы эфирінде жүріп жатқан менің тележобам – “Тәлім Trend” төңірегінде айтылып жатқан әртүрлі әңгімелелерге қатысты сұхбат беруімді сұрап өте көп хабарласты. Әр газет-журнал, TV немесе әр интернет ресурс тілшісімен жеке-жеке дидарласуға, өкінішке қарай, уақытым жетпесі анық. Бірақ журналистер сауалдарын жауапсыз қалдырып, оқырман-көрерменді қажетті ақпараттан қалыс қалдырғым да келмейді. Сол себепті де ертең, кешкі 20:00-де республикалық “Асыл арна” телеарнасының тікелей эфирінде және өзімнің осы жеке инста-парақшамның тікелей эфирінде баспасөз құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап беремін. Қазіргі қалыптасқан пандемия жағдайына орай, онлайн баспасөз мәслихаты десек те болады».
Бұл ретте дау тікелей «Қазақстан» ұлттық арнасына қатысты болғандықтан мәселе неліктен “Асыл арна”-ның эфирінде талқылануы тиіс деген сұрақ туындайды. Сонда зайырлы, құқықтық мемлекеттің стратегиялық маңызы бар медиасы үшін діни арна жауап беретін болған ба?

Фото Мұхамеджан Тазабековтың инстаграмдағы парақшасынан алынды

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk