26-07-22 |
Ұлттық жоба – ұлт саулығының кепілі бола ала ма?.
Ұлттық жоба – ұлт саулығының кепілі бола ала ма?

Былтыр елімізде көптің көңілінен шыққан «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бастау алды. Жоба бүтін халықтың саулығын қамтиды. Табысты жүзеге асар болса, қазақстандықтардың өмірі сүру деңгейі жақсарары даусыз. Мұратқа жету үшін көл-көсір қаржы мен жауаптылардың маңдай тері төгілмек. Сонымен, алдағы 3 жыл ішінде, 2025 жылға дейін әрбір азамат үшін сапалы һәм қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз етуді көздеп отырған ұлттық жобадан не күтеміз, қандай өзгерістер болмақ? Осы жөнінде аз-кем сараптап көрсек.

                   Төрт бағытты қамтиды

Аталған ұлттық жоба негізгі 4 бағытты қамтымақ. Оның аясы 9 тапсырма, 21 көрсеткіш, 72 іс-шарадан құралған. Қаржыландыру көлемі аз емес – 3,6 трлн теңге. Яғни, бұл сан Үкіметтің аталған салаға басым көңіл бөліп отырғанын көрсетеді.

Ең алдымен, жобада бүтін бір халықтың денсаулық жағдайын жақсарту жағы қаралған. Ол тек ем жүргізу жағын ескермейді, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, елдің салауатты өмір сүру салтын қолға алмақ. Мысалы, халық арасында темекі шегетіндер үлесін 19 пайызға дейін азайту, дене шынықтырумен және спортпен айналысатындар санын 50 пайызға дейін арттыру жөніндегі міндеттер бар. Демек, әрбір екінші тұрғын белсенді өмір салтын ұстануы қажет. Халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылуын 1 000 адамға шаққанда 53 пайызға дейін жеткізу секілді елең еткізерлік жоспарлар тұр. Нәтижесінде, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұлғаюы тиіс. 2020 жылы ел тұрғындарының орташа өмір жасы 71,37-ні құраған. Бұл көрсеткішпен әлем елдерінің ішінде 110-орынға тұрақтадық. Егер жоспардағыдай 75-тік межеге жете алсақ, өмір сүру жасының ұзақтығы бойынша жер жүзіндегі озық 50 елдің қатарына кіруге мүмкіндік туады.

                 Дәріге зәру болмаймыз

Ем іздеген адам әуелі дәрі-дәрмек іздеп шарқ ұратынын білеміз. Пандемия кезінде дәрі тапшы болып, ел біраз шуласқаны есте. Үкімет алдағы уақытта осындай олқылық болмас үшін еңбектеніп жатыр. Мәселен, Ұлттық жобада баса мән берілген саланың бірі – отандық фармацевтика. Шынын айтқанда, отандық өндірістің қарқыны сәл сылбыр, дәріге ішкі сұраныстың бар болғаны 13 пайызын жабады. Соның кесірінен шетелден келетін препарат бағасы шарықтап, экономикалық тұрғыдан ұтылып келдік. Енді елімізде 2025 жылға дейін жергілікті фармацевтика нарығында сатылатын барлық дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарының 50 пайызын отандық өндіріс есебінен толықтыру көзделіп отыр. Денсаулық сақтау саласының мамандары мұның жай жоспар емес, міндет екенін мәлімдеді. Егер аталған міндет іске асатын болса, мемлекет үшін пайдасы орасан болмақ. Біріншіден, дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауы тоқтайды. Екіншіден, халықтың қауіпсіздігіне кепіл болмақ. Үшіншіден, импортқа тәуелділік азайғанының арқасында пандемия тәрізді келеңсіз кезеңдерді артық шығынсыз өткеруге мүмкіндік туады. Ал отандық өндірістің үлесі артқан сайын экспорттың жайын ойластыра беруге болады.    

                     Мамандар қатары артады

Соңғы онжылдық кезеңде еліміздің денсаулық саласына жүк артқан бір мәселе бар. Ол – маман тапшылығы. Бұл тұста кемшілікті мемлекетке жаба алмаймыз. Өйткені оқу орындарына жағдай жасалды, сала бойынша бөлінген грант саны көбейді. Алайда жыл сайын денсаулық сақтаудағы инфрақұрылымның дамып, қажеттілігі өскен сайын мамандарға сұраныс еселенді. Оның үстіне білімін жетілдіріп немесе шетелде жұмыс істегісі келетін азаматтар саны да өсті. Сөзіміз жалған болмасын, есеп комитетінің дерегінше, 2017-2022 жылдар аралығында қазақстандық 5 мың дәрігер шетел асыпты. Мемлекеттік аудиторлар соңғы 3 жылда кадр тапшылығын жоюға бөлінген қаражатты зерттеп, шамамен 6 млрд теңгенің мақсатсыз жұмсалғанын анықтаған. 2021 жылғы мәлімет бойынша, елімізде жоғары санатты дәрігерлерден бастап, алғашқы көмек көрсететін мамандар мен медбикелерді қоса алғанда, 23 мыңнан астам кадр жетіспейтіні мәлім болған.

Сайып келгенде, барлық мәселе саладағы мамандардың ішкі қалауында болып тұр. Жұмысына лайық жалақы мен қолайлы орын іздейді. Осыны ескеріп, Үкімет дәрігерлердің орташа жалақысын 2023 жылға қарай 2,5 есе өсірмек. Бұның алғышарты орындалып үлгерді. Мұндай тиімді шаралар тоқтап қалмақ емес. 2025 жылға дейін мамандардың материалдық жағдайын жақсартуға ден қойылады. Аса тапшы мамандықтар бойынша резидентураның білім беру грантының саны 3 800-ге дейін артып, әлемнің жетекші орталықтарында қарқынды терапияның халықаралық стандарттары бойынша оқытылған дәрігерлердің саны ұлғайтылады. Яғни, дәрігерлердің санына ғана емес, сапасына да мән беріледі.  

                    Аурухана саны көбейе ме?

Осы күні қала мен аудан орталықтары, елді мекендер емханамен қамтылған. Дегенмен мәселені түпкілікті шешу қажет еді. Әсіресе арнаулы стационарлардың жайы ойлантары анық. Ұлттық жобада бұл тармақтар елеусіз қалмады. 2025 жылға дейін тірек және серіктес ауылдар 100 пайыз МСАК ұйымдармен, бастапқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмекпен қамтылады. Елде кемінде 40 аурухана, 2 ғылыми орталық салынып, жаңғыртылмақ. Амбулаторлық деңгейде медициналық көмектің көлемі кеңейтіледі. Жүкті әйелдер жеке және аралық босануға дейінгі бақылаумен, 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтамасыз ету көзделген. 8 балаларды оңалту орталығын, 2 ерте анықтау орталығын ашу жоспарланған. Бұның бәрі әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтуды 3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ең қуантарлығы, ұлттық жобаның шеңберінде елдегі 5 медициналық жоғары оқу орнының жанынан университеттік ауруханалардың құрылысын салу жоспарланған. Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе мен Нұр-Сұлтанда осындай маңызы зор ғимараттар бой көтермек. Сонымен қатар Түркістан, Петропавл мен Көкшетау қалаларында 3 көпсалалы аурухана салынады. Оның құрылысы жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде, демек, 2025 жылға дейін жоспарланған. Міне, осы арқылы ауруханаларда орын тапшылығы деген мәселе болмауы тиіс.

Қорыта айтар болсақ, бұл жобадан кейін елдің денсаулық сақтау саласына көңілі толатын дәрежеге жетуі қажет. 2020 жылы халықтың медициналық қызметтер сапасына қанағаттану деңгейі 53 пайыз болған. Жоспар бойынша 2025 жылы 80 пайызға дейін артуы тиіс. Бұның бәрі нақты мақсатқа құрылған нақты істердің еншісінде.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk