“Westoil Software” ЖШС жұмысшылардың ереуіліне қатысты мәлімдеме жасады
.
Қызметкерлердің заңсыз ереуілге шығуына байланысты компания күн сайын миллиондаған қаржыға шығынға батуда, бұл сомма бүгінгі таңда 1 миллиард теңгеден асты. Осыған дейін хабарланғандай, жұмыс орындарына оралғысы келмейтін қызметкерлерді соттың шешімімен жұмыстан босатуына компанияның толық құқы бар. Жұмысқа шықпағандардың басым бөлігі мұны өз қалауынсыз, деструктивті элементтердің қысымымен жасап жатқандарын жақсы білеміз.
Ал, ішкі түйсігіне сеніп, жұмысқа оралған азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. (Олардың саны 120). Біз компаниямыздың қаржылық тұрақтылығын нығайтып, сіздердің еңбек жағдайларыңызды жақсартып, еңбекақыларыңызды тұрақты және уақытылы алуларыңыз үшін бар күшімізді саламыз деп сендіргіміз келеді.
Кәсіпорынның жабдықтарын және техникасын жаңарту процесі жүріп жатыр. Техникаға арналған жаңа жылы бокстердін құрылысын бастап, еңбек жағдайын жақсарту ісі жоспарлануда.
Өз міндеттерін орындау үшін жұмысқа оралған қызметкерлеріміз компанияның қазіргі жағдайын түзетуге зор үлестерін қосуда. Қалған азаматтарды да қатарға қосылып, бірнеше жыл еңбек еткен ұжымына, өз жұмыстарына оралуға шақырамыз. Біз заң аясында қазіргі орын алған жағдайдан бірге шығудың жолын қарастыруымыз керек.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдауға ішкі дайындық жұмыстарының басталғанын хабарлаймыз.
Дұрыс таңдау жасайтындарыңызға сенеміз және заңсыз әрекеттер жасағандар үшін жауапкершіліктің бар екенін ескертеміз», – делінген компания мәлімдемесінде.