29-03-24 |
3600 рет қаралған
Айкөркем отырған машинаға оқ атуға Арман Жұман заңсыз бұйрық берген.
Айкөркем отырған машинаға оқ атуға Арман Жұман заңсыз бұйрық берген

Әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты айыпталған әскери қызметкер Арман Жұманның ісін апелляциялық тәртіпте қарап, айыпталушыны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Жұман «қару қолдану арқылы билікті асыра пайдалану» бойынша (ҚК 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен) айыпталған.

«2022 жылғы 7 қаңтарда сағат 19.30 шамасында, сотталушы Ж., блок бекетінде бола тұра, оның қарамағындағы әскери қызметшілерге блок бекетіне жақындап келе жатқан автокөлікке оқ ату туралы заңсыз бұйрық берген. Нәтижесінде, алған оқ жарақаты салдарынан жас бала (2017 ж.т. А.Мелдехан) қайтыс болып, ал, кәмелетке толмағанға (2006 ж.т. Ж.Мелдехан) 5 оқ жарақатынан денсаулығына ауыр зиян келтірілген.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, яғни жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындылары және заттай дәлелдемелерімен дәлелденді.

Әскери соттың сот алқасы ақтау үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды, оған сәйкес ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша Ж. кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылып, 7 жылға сотталды», – делінген сот таратқан ақпаратта.

Арман Жұманның адвокаттары үкіммен келіспей, жоғарғы сотқа жүгінетіндерін айтты.

Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан үкіммен келіспейді.

«Үкімге келіспеймін. Себебі «Билік өкілетін асыра пайдалану» емес, «Адам өлтіру» бабы бойынша тергелуі керек еді. 7 жыл деген не ол? Екі жылдан кейін-ақ шығып кетеді», – деген Азаттыққа берген пікірінде.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.