Біз
әлеуметтік
желіде
05-05-25 |
90 рет қаралған
Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде болған төрт шетелдік азамат ұсталды.
Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде болған төрт шетелдік азамат ұсталды

Өткен аптада өңір аумағында жүргізілген жедел іс-шаралар барысында өз елінде түрлі қылмыстар жасады деген күдікпен көршілес елдің азаматтары ұсталды. Олардың қатарында — 1981 жылы туған бір әйел және 1980, 1989 және 1990 жылдары туған үш ер адам бар.

Полиция мәліметінше, ұсталғандардың бірі аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін, екіншісі — азаматтарды тау-кен-металлургия комбинатына жұмысқа орналастыру сылтауымен алдағаны үшін іздеуде болған. Әйел адам мобильді телефондарды сату арқылы түскен ақшаны иемденіп алған деген күдікке ілінсе, тағы бір ер адам экономикалық қылмыстар жасағаны үшін іздеуде болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, шетелдіктер Қазақстан аумағында жасырынып, мұнда да қылмыстық әрекеттерін жалғастыруды көздеген болуы мүмкін. Жедел ақпараттың нәтижесінде полиция қызметкерлері оларды құрықтады.

— Қазіргі уақытта барлық шетелдік азаматтар уақытша ұстау изоляторына қамалды, оларды өз еліне қайтару мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар, олардың өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, — деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Алматы облысы Полиция департаменті халықаралық құқық қорғау органдарымен орнатылған өзара іс-қимыл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, трансшекаралық қылмыспен күресте тиімді нәтиже беріп отырғанын атап өтті.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.