Аса ірі көлемде алаяқтық қылмыс бойынша күдікті іздеудегі қылмыскер ұсталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Осы жылдың 6 ақпан күні Бас прокуратураның үйлестіруімен Астана қаласында аса ірі көлемде алаяқтық қылмысы бойынша күдікті М.К.Сүлейменов ұсталды.
Бұған дейін 30 қаңтарда Қызылорда қаласында оның тағы бір сыбайласы Р.Қ.Қаржауов анықталып, ұсталған.
«Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, К.Сүлейменов 2021-2022 жылдары адамдар тобымен азаматтарға жалған автокөлік несиесін рәсімдеген. Олардың алаяқтық әрекеттерінен 231 адамға 2,9 млрд теңге залал келтірілген»,- делінген хабарламада.
Тергеу барысында 2022 жылдың мамыр айында Сүлейменов тергеуден бой тасалап, оған іздеу жарияланған болатын.
Қазіргі уақытта Сүлейменов Ақтау қаласына жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оған тағылған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.