Кәмелетке толмағандар ісін қарайтын соттардың жұмысы ауыр. Себебі, олар жасөспірімдер тағдырына қатысты кесімді сөз айтады. Мұндай істерді қарау үшін қазыға заңгерлікті жетік меңгеру аздық етеді, бұған қоса, судьяның психолог, педагог болуы маңызды. Кәсіби еңбек жолының ең өнімді жылдарын осы сотта өткізген Біржан КӘРІПЖАНОВПЕН әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Мамандандырылған соттардың құрылуы, оның ішінде кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын арнайы соттардың тәжірибеге енгізілуі сот саласындағы елеулі жаңалық екені талассыз. Жасөспірімдер ісін бөлек сотта таразылау қаншалықты өзін-өзі ақтады? Жалпы, балалармен байланысты істерді қараудың қиындығы неде?
– Мамандандырылған соттардың құрылуы істерді сапалы, жылдам, тыңғылықты қараудың кепілі. Бір салаға бейімделген қазылардың қателік жібермейтіні де рас. Соның ішінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған соттардың құрылуы мемлекеттің балалар тағдырына алаңдайтынын көрсететін қадам. Бұл сотқа өмірлік тәжірибиесі мол, отбасылы, сот жүйесінде ұзақ жылдар қызмет еткен қазылардың іріктелуі тегін емес.
Әрине, жаңадан жұмысын бастаған сотта қызмет ету оңай болған жоқ. Соған қарамастан, бәріне үлгердік. БАҚ құралдарымен тығыз байланыс орнатып, Алматы қаласындағы әкімдіктерден бастап, білім, денсаулық сақтау басқармасы, полиция, прокуратура, жасөспірімдерге арналған түзеу мекемесі, қорғаншылық және қамқоршылық ұйымдары, қала берді, мектептермен жұмыла жұмыс істеуді жолға қойдық. Түрлі дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйымдастырып, мектептерді аралап жоғары сынып оқушыларымен, ата-аналармен, түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан жеткіншектермен де кездесіп тұратынбыз. Сол кезде соттың бірде-бір үкімі не шешімі бұзылмапты. Бірен-саран өзгерістер енгізілгені болмаса, өрескел қателікке жол берген емеспіз.
– Сот тәжірибесінде қандай қиындықтар кездесті?
– Мамандандырылған соттардың құрылуымен көп өзгеріс енгізілді. Ең алдымен, елімізде кәмелекеттік жасқа толмағандардың құқығын қорғаумен байланысты біраз заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Содан кейін кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтық саясатын жүргізудің жаңа үлгісі жасалды. Осы кезде жасөспірімдерді тәрбиелеген дұрыс па, жоқ жазалаған орынды ма деген сауал басты назарда тұрды. Мысалы, бұрын ауыр қылмыс жасаған жеткіншектерді сотқа дейін тергеп, тексеру кезінде тергеу абақтысына қамайтын. Ал аталған сот құрылғаннан кейін тергеу кезінде балалар қамауға алынбайтын болды. Сот тәжірибесіне психологтарды жұмылдыру ісі де осы кезден басталды. Осылайша психологтардың көмегімен баланың әлеуметтік портретін жасауды жолға қойдық. Сөйтіп «Баланың қылмыс жасауына не себеп болды? Ортасы қандай?ә деген сауалдарға жауап іздеп барып, қылмыстық іске баға бердік. Мұндағы мақсатымыз өмірі енді ғана басталған жас өскіннің болашағына балта шаппай, өмірден өз орнын табуына көмектесу. Өйткені, баланы жазалау арқылы тәрбиелеу мүмкін емес.
– Сот өндірісіне қандай талап арыздар көбірек түсетін еді?
– Бұл сотқа біреулер баланы асырап алғысы келетінін айтып жүгінсе, енді біреулер, керісінше, туған баласынан бас тарту үшін талап арыз түсіреді. Сот тәжірибесінде ата-аналық міндетін дұрыс атқармағандарды ата-аналық құқығынан айыру, ата-анасы ажырасқан балалардың тұрғылықты жерін анықтау немесе бала кімде қалу керек деген сынды мәселелерді шешу де жиі кездесетін істердің санатында. Сол сияқты тәрбиеге көнбеген балаларды арнайы мектеп-интернаттарға жіберу т.б кәмелеттік жасқа толмағандармен байланысты сот қарауына жататын қандай іс болсын бірінші орында бала тағдыры таразыланады. Сондықтан басымдық бала құқығын қалпына келтіру мен қорғалуына беріледі.
– Осы жылдары қаралған істерден есіңізде қалғаны бар ма?
– Расында бұл сотта қызмет еткен жылдары қайнап жатқан өмірдің қазанына түсіп кеткендей болдым. Сот залында қаралған істер әлі күнге дейін жадымда тұр. Әттеген-ай дегізген, жанды түршіктірген істер де болды, сүйсіндірген де істерге куә болдым.
Бірде отасқандарына он жылдан асқан ерлі-зайыптылар сотқа бала асырап алу туралы өтінішпен келіпті. Осынша жыл бірге тұрса да орталарында бала болмапты. Ажырасып кетейін десе, бірін-бірі қимайды. Бір жағынан екеуінің жанына шаңырақтарында баланың былдыры естілмегені батады. Ақыры ақылдаса келе бала асырып алуға бел буады. Сонда әлгі ерлі-зайыптының бір-біріне деген махаббаты, адалдығы мені қатты сүйсіндірген еді.
Осы оқиғаға мүлде кереғар мына бір оқиға есімнен кетпейді. Бала сүю бақыты бұйырмаған тағы бір ерлі-зайыпты балалар үйінен кішкентай баланы асырып алады. Біраз жылдан кейін әйел қайтыс болып кетеді де, әкесі асырап алған баланы туыстарының қолына жібереді. Кейіннен әлгі кісі үйленіп асырап алған баланы өз қолына алады. Ол кезде бала есейіп қалған екен. Бірақ, өзін асырып алғанын білмейді. Әкесі екінші рет үйленгеннен кейін көп ұзамай ортақ балалары өмірге келеді. Сөйтіп жүргенде әйелі баланың асыранды екенін біліп, оны шеттете бастайды. Аяғында күйеуіне екеуміздің бірімізді таңда деген шарт қояды. Сөйтіп, ол сотқа баладан бас тарту туралы талап арыз түсірді. Біз мәселені зерделей келе, арыз иесімен сөйлесіп, баладан бас тартпауға көндірдік. Содан біраз уақыт өткен соң, әлі талап арыз сотқа тағы түсті. Баланың жағдайын ойлап қатты алаңдадық. Он жастан енді асқан баланың не жазығы бар? Туа сала анасы тастап кеткені аздай, бауырына басқан анасынан айырылып, енді туған әкем деп арқа сүйеп жүрген адам одан қашып, өз қолымен балалар үйіне тапсырмақшы. Мұның кіп-кішкентай балаға қандай соққы болатынын елестеудің өзі ауыр еді. Әлгі азаматпен тағы сөйлесіп, «қолымыздан келгенше көмектесейік, әйеліңізбен сөйлесейік, баладан бас тартпай оны жақсы бір мектеп-интернатқа орналастырып берейік, бала біраз өсіп, буыны бекігенше оған мұндай соққы жасамаңыз» деп те көрдік. Түсінгендей болып арызын қайтып алды. Бірақ, үшінші рет тағы келді. Осыдан кейін талап арызды қанағаттандырудан басқа амалымыз қалмады. Осылайша, әлгі бала балалар үйінің біріне жол тартты. Кейін сол баланы сырттай бақылап, жағдайын сұрастырып жүрдім. Бала қатты өзгеріп кеткен. Өзімен-өзі тұйықталып, ешкімге сенбейтін болған. Әрине, оны түсінуге болады. Оның жүрегі аяусыз жараланды. Ал оған кінәлі кім?
– Расында, өмірде осындай жағдайлардың орын алуына, тастанды балалар мен жауапсыз ата-аналардың көбеюіне не себеп? Жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны да артып, балаларға жәбір көрсетушілер де азаймай тұр. Неге?
– Мен мұның барлығы тәрбиеге байланысты деп есептеймін. Кейде мұндай келеңсіздіктердің астарынан әлеуметтік себептерді іздеп жатамыз. Дейтұрғанмен, тәрбие дұрыс болса, тастанды бала да, жауапсыз ата-ана да, бұзақы бала да, қылмыскер де болмас еді. Ал тәрбие бесіктен, отбасынан басталады.
– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
К.Әкімбекқызы
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024