Қарағанды облысы прокурорының ұсынуы бойынша Приозерск қаласы полициясының бірқатар қызметкерлері жауапқа тартылды.
«Приозерск қаласының прокуроры әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында қалалық полиция бөлімі бастығының мейрамхана әкімшісіне бақылаушы-қадағалаушы органдардың тексерулерімен қорқытып, Жаңа жыл қарсаңында жұмыс істеуге тыйым салынатыны туралы телефон арқылы сөйлесуінің бейнежазбасын анықтады», – делінген прокуратура хабарламасында.
Тексеру нәтижесінде Қазақстан Республикасы Конституциясының кәсіпкерлік қызметпен айналысу еркіндігіне кепілдік берілетіні туралы 26-бабының талаптарын бұзу фактісі анықталды.
Аталған факті бойынша Қарағанды облысының прокуратурасы қадағалау актісін енгізді.
«Нәтижесінде Тәртіптік комиссия Приозерск қаласы полиция бөлімінің бастығын атқаратын қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта тиісті материалдар ҚР ІІМ-ге жолданды. Сонымен қатар аталған полиция бөлімінің 5 лауазымды тұлғасы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.