16-08-24 |
13740 рет қаралған
М.Тазабек: Қайрат ағамның өзінің дұғасы қабыл болған екен.
М.Тазабек: Қайрат ағамның өзінің дұғасы қабыл болған екен

16 тамызда Өскемен қаласының №2 соты Қайрат Сатыбалдының жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын қанағаттандырып, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырды.

Бұл хабарды айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек «қуанышты жаңалық болды» деп сипаттап, президент пен сот билігіне рахмет айтты.

Ер басына не келіп не кетпейді! Қуанышты жаңалық болды! Аллаға шүкір! Президентімізге, сот билігіне көп рахмет, ынсапты шешім қабылдаған! Дұға қылушы ек: «Азамат отбасына ертерек оралса екен» деп. Жақындары мен жанашырларының, Қайрат ағамның өзінің дұғасы қабыл болған екен!, – деп жазды Мұхамеджан Тазабек.

Сондай-ақ сот Сатыбалдыға пробациялық бақылау белгілеген.

Тұрақты жұмысы болмаған жағдайда сотталған жазаны өтеудің барлық мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылады.
Сот қаулысымен оған мынадай міндеттер жүктелген: Соттың қаулысы тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне заңды күшіне енген күннен бастап 10 күн ішінде есепке қою үшін келу, сотталған адамның (пробация қызметінің) мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етпей тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмау, басқа да міндеттерді орындау сотталғанды түзеуге және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға ықпал етеді.

Міндеттерін орындамаған жағдайда бас бостандығын шектеу бас бостандығын шектеудің бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебінен бас бостандығынан айырумен ауыстырылатыны түсіндірілді.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ және шағым жасалуы, прокурордың өтінішхаты келтірілуі мүмкін, – делінген сот таратқан хабарламада.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2022 жылдың 13 наурызда экс-президент Н.Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды «Қазақтелеком» АҚ қомақты қаржысын жымқырды және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын. Сол кезде агенттік: «Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін өзге де қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр» деп хабар таратқан.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.