16-06-23 |
2370 рет қаралған
Мәртебелі мәслихаттың жауапкершілігі де еселенді.
Мәртебелі мәслихаттың жауапкершілігі де еселенді

Ел аумағында жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар нәтижесінде Парламент Мәжілісіне зор өкілеттілік берілді. Ықпалды Парламент қалыптастырудың да алғышарты осы болса керек. Өз кезегінде жергілікті жерде, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуында өкілді орган ретінде мәслихаттардың да мәртебесі арта түсті. Соңғы өзгерістен соң бұған дейін облыс, аудан, қала әкімдігіне қажетті құжаттарға қол қойып беріп қана отырған мәслихаттар институтының мән-мазмұны мүлде соны сипатқа ие болды.

Өткен жылғы маусым айындағы жалпыхалықтық референдумның қорытындысына сай Ата Заңның 87-бабының 4-тармағына маңызды өзгеріс енді. Яғни ендігі кезекте Президент облыс және республикалық маңызға ие қала әкімдерін мәслихат депутаттарының келісі¬мімен тағайындайды. Оның үстіне Президент мәслихат депутаттарының қарауына ең кемі екі кандидат ұсынады. Олардың ішінде жоғары дауысқа ие болғаны келісім алған болып саналады. Осы бір баптың өзі Президенттің жергілікті қатысты өкілеттігін азайтып, есесіне мәслихаттардың рөлін айтарлықтай арттыруға ықпал етті.

Биылғы сәуір айында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы жергілікті өзін-өзі басқару институтының әлеуетін әлі де арттыра түсуге назар аударып, мәслихат депутаттарын кәсібилік пен жауапкершілік танытқаны жөн екенін еске салды.

– Жалпы, жергілікті өзін-өзі басқару ел басқару ісінде үлкен рөл атқарады. Сондықтан сіздердің ең маңызды мәселеге назар аударуларыңызды сұраймын. Соңғы әлеуметтік сауалнама бүгінде азаматтардың мәслихаттарға деген сенімі бар болғаны 53 пайызды құрайтынын көрсетіп отыр.

Демек мәслихат төрағалары бірінші кезекте жеңіл популизмнің жетегінде кетпей, жергілікті тұрғындардың мүдделерін қорғауы керек. Депутаттар электораттың өзекті мәселелері бойынша күнделікті қажырлы жұмысқа көңіл бөліп, кәсібилік пен жауапкершілік танытқаны жөн, – дейді Президент.

Мемлекет басшысы былтырғы жылдың наурыз айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мәслихаттардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізуді ұсынған-ды.

Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғманов Президент ұсынысы шын мәнінде жергілікті өкілді орган жұмысына жаңашылдық әкелгенін растайды. Оның айтуынша, мәслихат төрағалары аудан әкімдерімен терезесі тең деңгейде сөйлесе алатын деңгейге жеткен.

– Әкімдердің өзі мәслихат төрағаларына есеп беретінін сезініп, олардың өңір дамуында өзімен бірдей жауапкершілік жүктелеген лауазым иесі ретінде мойындай бастады.

Тек өткен үш айдың өзінде біз аудан әкімдігіне қарасты бөлімдерді былай қойғанда аудан әкімінің орынбасарының жұмысын тұрақты комиссияның отырысында қарадық. Ол жетекшілік ететін саладағы жұмыстағы кемшіліктер бойынша аудандық мәслихат депутаттары тиісті ұсыным берді, – дейді Кеген аудандық мәслихатының төрағасы.

Жасыратынын жоқ саясаттанушылар елімізде 29 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мәслихаттардың қызметі күні кешее дейін формальды сипатта болғанын айтады. Яғни мәслихат депутаттары аудан не облысы әкімінің айтқанын екі етпей орындап келген. Арнайы жүргізілген зерттеулер жергілікті мәслихат депутаттарының кейбірі 15-20 жыл бойы депутаттық мандаттан айырылмайтынын көрсеткен. Мұндай жағдайда мәслихаттың мәртебесін арттыруды былай қойғанда депутаттардың сайлаушыларға берген уәдесін орындаудың өзі мұңға айналатынын аңғару қиын емес.

Ал Конституцияға енгізілген өзгерістер бұл үрдісті шектеді. Өйткені ендігі кезекте облыстық және республикалық маңызға ие қалалардың мәслихаттардың депутаттық корпусының тең жартысы мажоритарлық жүйемен, ал қалған жартысы партиялық тізіммен жасақталды. Аудандық мәслихаттардың құрамына депутаттар толығымен бірмандаттық округтер арқылы келеді. Бұл орайда бірмандаттық округтен сайланған депутаттарды сайлаушылардың бастамасымен депутаттық мандаттан айыру құқығы беріліп отыр. Демек мәслихат депутаттарында өздеріне бекітілген уақыт ішінде сайлауалды бағдарламасын орындауға барын салудан басқа амал жоқ.

Белгілі құқықтанушы ғалым, Мәжіліс депутаты Унзила Шапақ сайлау жүйесінде жасалған реформа мәслихаттардың құзіретін барынша кеңейткенін алға тартады.

– Жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық дамуының толыққанды бағдарламасын қазір мәслихатта бекітіледі. Бұл құрылым бюджетті толықтай бақылау мүмкіндігіне де ие болды. Қысқасы мәслихат депутаттарының жұмыс істеу шеңбері кеңейтілді.
Ендігі кезекте мәслихат депутаттары мен партиялардың орталық аппараты және Мәжіліс депутаттары, Үкімет мүшелері арасындағы байланысты нығайту маңызды, – дейді құқықтанушы ғалым.

Сайып келгенде мәслихат депутатына артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Бұл жүкті абыроймен алып жүру мәслихат мәртебесін биік етудің бір жолына айналып барады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.