Ел Конституциясының 12-бабының 2-тармағында «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» деп көрсетілген.
Ал, Қазақстан Республикасының «Әділет органдары туралы» Заңының 3-бабының 3-тармағына сәйкес орталық мемлекеттiк органдардың және ведомстволардың, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ, әкімдердің нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк есепке алуды қамтамасыз ету әділет органдарына жүктелген міндеттің бірі болып табылады. Осыған орай аумақтық деңгейде жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Әділет департаменттеріне жүктелген.
2016 жылдың 6 сәуірінде Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңы қабылданып, осы Заң Қазақстан Республикасының құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қабылдау, тіркеу, қолданысқа енгізу, өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату, тоқтата тұру және оларды жариялау тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының 44-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы №568 қаулысымен бекітілген «Нормативтік құқықтық актілерді ресiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы» қағидасы мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларын ресімдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою тәртібін айқындайды.
Өз құзыреті шегінде қабылданған жергілікті мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары мемлекеттік тіркеуге Әділет департаменттеріне ұсынылуда.
2018 жылдың 24 шілдесінде «Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Нормативтік құқықтық актілерді ресiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы» және «Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы» қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданып, облыстық және аудандық деңгейдегі жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік құқықтық актілерін электрондық мемлекеттік тіркеуге мемлекеттік органдардың интернет порталы арқылы ұсыну көзделіп, тіркеуге ұсыну мерзімі он төрт күнтізбелік күннен үш жұмыс күніне қысқартылды (2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жоспарланған, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерімен шығарылатын актілерді қоспағанда).
Аталған өзгерістер өз кезегінде Алматы облысының 17 ауданы мен 3 қаласының атқарушы және өкілді органдарымен қабылданатын нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеуге ұсыну жолын оңтайландырды. Сонымен қатар, нормативтік құқықтық актілерге заң сараптамасын жүргізу отыз күнтізбелік мерзімнен он бес жұмыс күніне ауыстырылды. Осыған орай 2018 жылы Алматы облысының Әділет департаментіне мемлекеттік тіркеуге 443 акті ұсынылған (2017 ж. – 350), оның ішінде облыстық деңгейде – 84 (2017 ж. – 59) акті, аудандық, қалалық деңгейде – 359 (2017 ж. – 291) акті.
«Әділет органдары туралы» 2002 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабының 4) тармақшасына сәйкес 2018 жылы нормативтік құқықтық актілерді шығару, қолдану, мемлекеттік тіркеу және жариялау тәртібін реттейтін заңдардың сақтауларына 6 (2017 ж. – 6) тексеріс жүргізіліп, аталған тексерулер барысында барлығы – 66 (2017 ж. – 42) заң бұзушылық анықталды және 9 (2017 ж. – 6) лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жүргізілген мониторинг барысында барлығы 29 (2017 ж. – 21) заңсыз акті анықталып, тиісті жергілікті мемлекеттік басқару органдарына қолданыстағы заңнаманы бұзуды жою туралы 1(2017 ж. – 3) хат жолданды.
Сонымен қатар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 457-бабымен нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілері анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осыған орай Кодекстің 457-бабының 1-тармағы бойынша жергілікті мемлекеттік басқару органының лауазымды тұлғасына қатысты 4 (2017 ж. – 2) әкімшілік іс қозғалып, әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, Әділет департаментінің нормативтік құқықтық актілерді тіркеу бөлімі құқықтық түсіндіру жұмыстары мен жергілікті өкілді және атқарушы органдарының өкілдерін тағылымдамадан өткізу жұмыстары жиі жүргізіліп отырады.
Тілек АРЫНХАНҰЛЫ