arasha.kz

Қолдау орталықтарының шарапатын көргендер көп

Гендерлік теңдік, әйелдер мен балалар құқығын қорғау мәселесі мемлекеттің оң имиджін көтеру үшін айтылған қатардағы сөз емес. Бұл бағытта қандай заңдардың қабылданып, қандай маңызды шаруалардың атқарылғанынан жұртшылық хабардар. Басқаны былай қойғанда, әр облыс, әр қаладан құрылып, нәтижелі жұмыс жасап жатқан дағдарыс орталықтарының өзі талай шарапатты істерге мұрындық болып жатыр. Осы күнге дейін жақындарынан жәбір көрген талай ана осындай орталықтардың көмегімен аяғынан тік тұрып, өмірін жаңа парақтан бастауға мүмкіндік алған.

Дағдарыс орталықтарының дағдарып қалмай, ісінің бір ізге түсуіне Ішкі істер министрлігі тарапынан көп қолдау көрсетіледі. Биыл әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау құрылымының жұмыс істеп келе жатқанына 20 жыл толып отыр. Бұл құрылымның мақсат-міндеті айқын, жұмысы бірізге түсіп үлгерген. Бұған ішкі істер тарапынан ұйымдастырылған әр істің арнайы құжаттарға сай сауатты жүргізілуі түрткі болғаны анық. Мәселен, Ішкі істер органдарының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастыру бойынша арнайы қағиданың өзі заңды түрде бекітілген. Аталмыш құжат әйелдерге қатысты әлімжеттіктің алдын алуды, нәзік жандыларға қарсы жасалған қылмыстарға талдау жүргізе отырып, жұмысты ұйымдастыруды көздейді. Осы бағытта қызметін үйлестірген орталықтар әсіресе Алматы, Астана қалаларында көп. Бұл нені білдіреді? Ірі қалалардың ғана қыз-келіншектері зорлыққа жиі ұшырай ма? Әлде бұл қалалық келіншектердің құқықтық сауатының жоғарылағанын көрсете ме?

Осы сауалдарды Алматы қалалық полиция департаментінің өкілі Алматай Жандарқызына қойғанымызда қалалық жерлердегі шағымданушылар қатарының көптігін бірнеше себеппен байланыстырды. Маманның айтуынша, ауылдық жерде отбасылық жанжалдарды сыртқа шығаруға ешкім құлықты емес. Күйеуінен таяқ жеген әйелдер өз құқығының тапталғанына қысылмайды, керісінше, өз құқығын қорғап полицияға барудан арланады. Содан кейін үйдегі әлімжеттік жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде әлімжеттік көрген әйелдерді туыстары паналатып, көршілері ақыл қосып, істі ушықтырмай басуға күш салады. Ал қалалық жерде мұның бірі жоқ. Ерлі-зайыптылардың жанжалына ешкім араласпайды. Күйеуінен таяқ жеген, ешкімнен пана таппаған әйелдер ақыры көмекті құзырлы орындардан сұрайды.

Алматай Жандарқызы осындай жағдайларға мониторинг жасай келе, учаскелік инспекторлар әлеуетін көтеруге күш салынып жатқанын айтты. «Инспекторларды аймақ халқы толық тануы, біреуден қорлық көрсе кімнен көмек сұрайтынын білуі керек. Учаскелік инспекторларға өзі қадағалайтын аймақтан тұрғын үйдің берілуі де сондықтан. Құзырлы орын өкілінің жақын жерде тұратынын білгендер аяғын тартып басады. Аналар мен балалар да отбасынан қолдау таппай, далада қалса алдымен инспекторлардың көмегіне жүгінуге толық құқылы» -дейді маман.

Әрине, зорлық-зомбылық жасаған адамдарға алдымен айыппұл салынып, кейіннен қоғамдық жұмыстарға тартылатыны, құқықбұзушылықты қайталағандардың қамауға алынатыны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен бекітілген. Алайда, қатігез отағасы жазадан сабақ алмай, керісінше, арыз түсірген әйел-баласынан бас тартқан жағдайда не істеу керек? Барар жер, басар тауы қалмаған әйел-баланы кім қанатының астына алады? Қазіргі кезде бұл мәселенің де шешімі табылған.

Ана мен баланың басына уақытша болса да баспана беріп, психологиялық оңалту үшін құрылған дағдарыс орталықтарында барлық жағдай жасалған. Мәселен, Ақмола облысында жұмысын бастаған «Үміт» қолдау орталығы жайлы жағымды пікірлер жиі айтылады. Сол орталықтың көмегімен жаңа өмір бастаған жанның бірі Гүлнұр Саменова. Отбасылық тірлігі таяқ жеумен өткен келіншек әлі жасқа толмаған баласымен осы орталықты паналаған екен. Басқа әйелдер секілді емес, өзінің шын аты-жөнін атаудан да жасқанбаған әйел орталықтың орналасқан жерінің өзі көркем, аурасы керемет дейді. «Орталық қызметкерлерімен әлі күнге байланысымды үзген емеспін. Олар мені өмірге оралтты. Мен сияқты елуден аса әйел осы жердің шарапатын көрді. Бұл жерді уақытша пана деуге қимайсың. Маған өз үйімнен артық болды. Көп қиындық көріп, күйзелген мен сияқты әйелдер өмірден баз кешіп, өзіне-өзі қол жұмсауға бейім. Соны білетін мамандар алдымен бізге психологиялық көмек көрсетті. Қиындықтың уақытша екенін, өз өмірің өзіңнің қолыңда екенін ұқтырды. Балама қамқор болды. Ешқандай мамандық алмаған мен секілді келіншектердің шаштараз, тігінші секілді қазіргі кезде үлкен сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне күш салды» деген Гүлнұр Саменова қазір баласын балабақшаға орналастырып, өзі орталықтың кеңес беруімен сауда орындарының біріндегі сән салонына жұмысқа тұрған.

Гүлнұрдың тағдыры өмірдің күрестен тұратынының нақты дәлелі. Және жалғызбасты ана ретінде баспана кезегіне тұрып, алдағы күндеріне әдемі жоспар құрған әйел қиналған кезінде демеу болған учаскелік инспекторға, «Үміт» дағдарыс орталығының қызметкерлеріне дән риза.

Гүлназ Әсенғазы

Exit mobile version