Қорғаныс министрлігі Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Стамбековтің сөзіне қатысты ресми түсініктеме берді.
Депутат мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді кредит алуға мәжбүрлеу туралы айтқан болатын.
Заң шығарушы билік өкілінің мәлімдемесі негізсіз және шындыққа жанаспайды. Мерзімді қызметтегі сарбаздардың әскери қызмет өткеру кезеңінде әскери бөлімде жүріп несие ресімдеуге мүмкіндігі жоқ. Бүгінгі таңда мерзімді әскери қызметке шақырылғанға дейін жастардың алған несиесі қомақты соманы құрайды. Қарулы Күштер қатарына келгенге дейін 12 мыңға жуық сарбаздың екінші деңгейдегі банктер мен микрокредиттік ұйымдарда 4,8 млрд теңге көлеміндегі 30 мыңға жуық несиесі болған – делінген министрлік ақпаратында.
Барлық несиелер мен ақшалай қарызды кейінге қалдыру мәселелерін шешу үшін Қорғаныс министрлігі мерзімді қызметтегі сарбаздарға арналған «кредиттік демалыс» жобасына бастамашылық жасап, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісім жасасты.
Соның арқасында бүгінде бес мыңнан астам сарбаздың екінші деңгейдегі банктерде және микрокредиттік ұйымдарда 1,4 млрд теңгеден астам қарызы кейінге қалдырылды. Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде. Қарулы Күштер мемлекеттің аумақтық тұтастығының және оның егемендігін қорғаудың кепілі ретінде кез келген сәтте Қазақстан халқы мен оның аумағын сыртқы қауіп-қатерден қорғауға дайын – делінген хабарламада.
Айта кету керек, фактілермен расталмаған мәлімдемелер Қарулы Күштердің имиджіне едәуір әсер етіп, армияның беделін түсіреді.
Біз мұндай жариялы түрде жасалған мәлімдемені жауапсыздық деп есептейміз. Естеріңізге сала кетсек, бүгінгі таңда Қорғаныс министрлігімен әскери қызметті қолайлы өткеру үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Қазіргі уақытта мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне борышын өтеу уақытында несиелік демалыстар беріледі. Одан бөлек мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтардың еліміздің жоғары оқу орындарында ҰБТ тапсырмай-ақ тегін және ақылы негізде оқуға құқығы бар. Бұл мәселе бүгінде мүдделі мемлекеттік органдармен оқуға мемлекеттік гранттар беру деңгейінде пысықталып жатыр – делінген министрлік ақпаратында.
Сонымен қатар, министрлік әскердегі әлімжеттікке қатысты да түсініктеме берген.
«Әлімжеттік» терминіне қатысты, бүгінгі күні әскери ортада бұл жағымсыз құбылыстың жоқ екенін айтамыз. ҚР Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарында мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін қызмет мерзімі бір жыл болып табылады. Бұл ретте әскери міндеттерді орындау кезінде аға және кіші буындағы борышын өтеп жүрген әскерилер бір-бірімен тоғыспайды. Барлық фактілер бойынша қандай да бір құқық бұзушылық орын алса, әскери полиция және басқа да қылмыстық қудалау органдары жедел тексерулер мен тергеулер жүргізеді, ал оқиғаның заңды не заңсыз екенін бақылауды әскери прокуратура жүзеге асырады – делінген хабарламада.
Arasha.kz
ФОТО: дереккөзден