26-02-24 |
2760 рет қаралған
Құжатсыз көлік басқарғандарға жаза қатаң.
Құжатсыз көлік басқарғандарға жаза қатаң

Жол ережесін бұзғандарға, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғандарға, рөлге мас күйінде отырғандарға жаза қатаңдатылды. Заңдағы мұндай өзгеріс көптеген азаматтардың түсінбеушілігін, кейде тіпті қарсылығын тудырып жатады. Әрине, Қазақстанды мекен еткен жиырма миллион тұрғынның талғамы да, қалауы да әртүрлі. Ал жол ережесін бұзғандарға қатысты жауаптылықты қатайту – көпшіліктің қалауы.

Жол апатының жиілеуі, жол ережесін бұзатындар санының артуы, көлікке мас күйінде отырып, ауыр апаттар жасағандар оқиғасы қоғамда қызу талқы тудырғаны белгілі. Әсіресе, мас жүргізушілердің кесірінен бірнеше адамның көз жұмуы, ауыр жарақат алуы, мүгедек болып қалуы азаматтардың өкпе-ренішін тудырғаны ақиқат. Қоғамның талап-тілегі мен, ұсыныс-пікірінің негізінде заңға өзгеріс енгізу қажеттілігі туындаған еді.

Жолдағы қателіктен кәмелетке толмағандар да көп зардап шегеді. Заңнамаларды дайындағанда бүгінде осы мәселеге айрықша көңіл бөлініп отыр. Өйткені, жасөспірімдер тек жол оқиғасына қатысушы ғана емес, жол апатын тудырушы ретінде де тіркелген жағдайлар көп. Мұның басты себебі кәмелетке толмағандардың көлік жүргізуге қызығушылығы.

Иә, жастардың арасында көлік жүргізуді қаламайтыны аз. Бірақ, Қазақстан Республикасының заңдарына сай, жүргізуші кәлігі тек кәмелетке жасы толғандарға ғана беріледі. Сәйкесінше көлік рөліне де жүргізуші куәлігін алмай тұрып, он сегіз жасқа толмай отыруға рұқсат жоқ. Бірақ, шалғай елдімекендерді былай қойғанда, жолдағы көлігі сапырылысқан ірі қалалардың өзінде құжатсыз көлік жүргізетін балалар азаймай келеді.

Олардың көпшілігі әке-шешесінің рұқсатынсыз, ата-анасы үйінде жоқ кезде көлікті рұқсатсыз мініп кетеді. Ал кей жағдайда үлкендер жағы баласын еркелетіп, өтінішін аяқсыз қалдыра алмай көлігінің кілтін өз қолымен табыстап жатады. Мұндай азаматтар «Балаға пышақты бермесең, бір жылайды. Пышақты берсең екі жылайды», «Балаңды аясаң аяма» деген бағзыдан келе жатқан ата-бабамыздың даналық сөздерін қаперіне ала бермейді.

Өйткені, көліктің кілтін құжатсыз балаға өз қолымен ұсынып тұрған ата-ана өз ұл-қызын ғана емес, жолдағы жүргізушілер мен жүргіншілердің басын да қауіпке тігіп тұр. Бүгінде тәжірибесі бар, жол ережесін жетік білетін жүргізушілердің өзі жол апатына ұшырап жатады. Ал көлікте тосыннан техникалық ақау пайда болса, жолда аяқ асты апаттық жағдай туындаса, ешқандай тәжірибесі жоқ баланың тез шешім қабылдай алмайтыны түсінікті. Бұл баланың өзіне ғана емес, айналасына төнген қауіп.

Мысалы жақында Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында кәмелетке толмаған Ж.-ның ісі қаралды. Сот процесіне жасөспірімнің заңды өкілі ретінде анасы қатысты. Іс барысында белгілі болғандай, 9-сынып оқушысы аулада тұрған анасының көлігін рұқсатсыз мініп кеткен. Сансыз көлік жүретін үлкен жолға шыққанда бозбала рөлге ие бола алмай, қарсы беттегі көлікке барып соқтығысқан. Салдарынан екі көлікке де айтарлықтай нұқсан келген.

Кәмелетке толмаған баланың әкімшілік құқық бұзушылық әрекеті заңды өкілінің түсініктемесінде толық дәйектелген. Бұған қоса, іске полиция қызметкерлерінің оқиға болған жерді тексеру хаттамасы және сызбасы, іске қатысушылардың түсініктері, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, автокөлікті айып тұрағына сақтау үшін қабылдау-тапсыру актісі қоса тіркелген.

Сот барысында жасөспірім өз кінәсін толық мойындады. Анасы да енді баланы бақылаусыз қалдырмайтынын айтты. Әрине, қатені түсінген дұрыс. Бұл жазаны жеңілдетудегі басты аргументтің бірі. Алайда еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы 3-бөлігіне сай, көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның рөлге отырып, жол апатын тудырғаны, мүлiкке материалдық залал келтiргені үшін алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу көзделген. Қазіргі өлшеммен алғанда бұл 221 520 теңгені құрайды. Бұған көлікті жөндеуге кететін материалдық шығынды қоссаңыз отбасы үшін кәдімгідей қаржылық қиындық. Әрине, жол апатынан адамдардың зиян шекпегені үлкен олжа екені рас. Бірақ, баланың еркіне жығылып, тәртіп бұзуына жол ашу – оның болашақта үлкен қылмыстар жасауына негіз қалауы мүмкін.

Дегенмен, заң бәрібір де ана мен бала жағында. Жоғарыдағыдай құқық бұзушылық кезінде де жасөспірімнің қателігін түсінуіне, бұрыс әрекетінен сабақ алуына мүмкіндік берілген. Яғни, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 66-бабы 1-бөлігіне сай, кәмелетке толмаған адамға салынатын әкiмшiлiк айыппұлдың мөлшерiн осы бөлімнің Ерекше бөлiгiнiң бабында көзделген айыппұл мөлшерiне қарамастан, он айлық есептiк көрсеткiштен асырмау қарастырылған.

Осыдан көріп тұрғанымыздай, құжатсыз көлік басқарып жол апатын тудырған азаматтар 221 520 теңге айыппұл төлеуге міндеттелсе, дәл осы құқық бұзушылыққа жол берген жасөспірім 36920 теңге төлеумен шектеледі. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған баланың айыппұл төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, айыппұл ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға салынады. Әкімшілік сотта қаралған кезекті процесте де заң бұзған жасөспірім үшін айыппұлды анасы төлейтін болып бекітілді.   Жасөспірімдердің қатысуымен болатын дәл осындай сот істерін бұқаралық ақпарат құралдарында көрсету арқылы басқа балаларға ой салып, көлік апатынан сақтандыра аламыз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.