arasha.kz

Қылмыстық заңнаманы жетілдіру кезек күттірмейді

Қылмысытық, Қылмыстық процесті, Қылмыстық атқарушылық кодекстері 2014 жылы қабылданып, ел игілігіне қызмет етіп келеді. Бүгінгі күнге дейін қылмыстық заңнамадағы жазаны жеңілдету, қылмыстық жауаптылықты ізгілендіру, түрме тұрғындарының санын азайту бағытында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды. Әсіресе, тәуелсіздік алған жылдардағы жазаның қатаңдығы, түрмеде жазасын өтеп жатқандар санының көптігі халықаралық ұйымдар тарапынан елеулі сынға ұшырағаны есімізде. Осы бір сындарлы жылдары еліміздегі пенитенциарлық мекемелерде 100 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатқан болатын. Осылайша біздің жас мемлекетіміз әлемдегі халқы көп Америка Құрама Штаттары мен Ресейден кейін «түрме халқының» индексі бойынша үшінші орында тұрған еді.

Жалпы, түзеу мекемелерінің көптігі, сотталушылар санының артуы жақсылықтың нышаны емес. Түрме тұрғындарының көбеюі жабық мекемелердегі тиісті гигиенаның сақталмауына, азық-түлік жетіспеуіне, медициналық көмектің нашар көрсетілуіне түрткі болады. Мұның соңы  туберкулез және басқа да жұқпалы аурулардың таралып, түрмелердегі өлім-жітімнің көбеюіне соқтыратыны кім-кімге де белгілі. Міне, соған орай түрме тұрғындарын азайтуға байланысты іргелі өзгеріс қолға алынып, сәйкесінше заңнамалар да заман сұранысына толықтыруларды басынан кешірген еді.

Енді міне жиырма жылға жуық қолданыста болған аталмыш құжаттарға бірқатар өзгеріс енгізу бойынша талқылаулар жүргізілуде. Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманы жетілдіру мақсатында енгізілгелі отырған жаңғыртулармен көпшілік танысып, өз пікір-лебізін айту үшін заң жобалары талқыға салынғаны да белгілі.  Бұдан бөлек, Әділет министрлігі заңнамадағы өзгерістер мен жаңғыртуларға орай жиындар өткізіп, көпшілік пікірін ескере отырып құжатты толықтыруға кұш салуде.

Мәселен Әділет минстрі Азамат Есқараевтың төрағалық етуімен Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысына мүдделі мемлекеттік органдардың, ғылыми қоғамдастықтың және азаматтық қоғамның өкілдері қатысты. Отырыс барысында басымдық берілген мәселелер бірнешеу. Соның бастысы – бас бостандығынан айыру жазасына балама жазаларды қолдану практикасын кеңейтумен байланысты. Себебі, түрме түзейді деген түсініктің көп жағдайда ақтала бермейтінін өмір көрсетіп отыр. Түрме жазаламайды, тәрбиелейді дегенмен, бас бостандығынан айрылып, қоғамнан шеттетілген адамның ортаға қайта қосылуы қиын. Бостандыққа шыққан кейін бұрынғы ортасынан орын таба алмай, не жұмыс таба алмай, қиын жағдайға тап болған азаматтардың қайта қылмысқа баратын кезі де аз емес. Сондықтан, залалды өтеп, жәбірленушінің кешірімін алған азаматтарға балама жаза белгілеп, бостандығынан айырмаудың тетіктерін қарастырған абзал. Сондай-ақ, жәбірленуші қайтыс болған жағдайда жақын адамдарының өтініші бойынша жеке айыптауға қатысты қылмыстық істерін қозғау мүмкіндігін айқындау да бүгінгі күні өзекті болып отыр. Бұл да өз кезегінде заңдық тұрғыда нақтылауды қажет етеді. Бүгінгі заман алға шығарып отырған тағы бір шетін мәселе – жалған шот-фактураларды заңсыз жазып берген тұлғаларды жауаптылыққа тартудың кейбір мәселелерін де заң шеңберінде реттеген дұрыс.

Қазіргі кезде әділет министрлігінің бастамасымен заңнаманы таныстыру, ондағы жаңашылдықтарды пысықтау бағытында көптеген алқалы басқосулар, отырыстар өткізіліп келеді. Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай дайындалып, көпшілік талқысына шығарылған. Себебі Президент өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» кезекті жолдауында қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстерін қайта бағамдап, қазіргі кезде жұмыс істемей тұрған немесе сот төрелігін атқаруға кедергі келтіретін тетіктерді реттеудің маңыздылығын атап өткен болатын. Соған орай осы заңнаманы дайындау міндеті жүктелген Әділет министрлігі бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізгенін еске салайық. Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстерін тексеру арқылы құзыретті орган азаматтардың құқықтарын қорғауды арттыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат етті. Сонымен бірге, өзгерістерді қарастырған кезде оның бизнес істеріне өз бетінше араласу және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың өзге де нысандарына жол бермеуі басшылыққа алынды. Бұдан бөлек, қылмыстық процестің орбитасына тарту кезінде азаматтардан шындықты анықтау үшін қажетті рәсімдерді оңтайландыру бойынша да нақты қадамдар жасалған. Қылмыс жасағандарға қолданылатын санкцияларды қайта қарау, қоғамдық жұмыстарды қолдану аясын кеңейту арқылы заңнаманы жаңғырту да министрліктің алға қойып отырған мақсатты жұмысының бір парасы.

Қазіргі кезде Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша Әділет министрлігінде жобалық кеңсе мен ведомствоаралық жұмыс тобы жасақталған. Өзіне жүктелген істі мінсіз атқаруды көздеген жұмыс тобы қылмыстық заңнаманы қолдану практикасы мен статистикалық деректерді саралап барып, жобаны жасауға қадам басқан. Осы тұста жұмыс істемейтін заң нормаларын іріктеп, олқылықтар мен сот төрелігіне кедергі келтіретін нормаларды анықтауға, сондай-ақ заман талабына жауап бере алмайтын кодекстегі әлсіз баптарға жан-жақты талдау жүргізген. Бір қуанарлығы, заң жобасындағы ұсыныстарды талдауға азаматтар белсенді қатысуда. Ақиқат таластан туады демекші, заң жобасына қатысты диалогтар сапалы, халықаралық талаптарға толық жауап беретін заңнамаларды қабылдауға түрткі болады деп сенеміз.

Exit mobile version