19-03-24 |
9440 рет қаралған
Самат Әбіш 8 жылға шартты түрде сотталды.
Самат Әбіш 8 жылға шартты түрде сотталды

Экс-президент Н.Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш қаңтарға оқиғасына байланысты 8 жылға шартты түрде сотталғаны туралы ақпарат шықты. Бұл туралы «Дат» газеті жазған. Басылымның материалын мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жария етті.

26 ақпан күні Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен 8 жылға шартты түрде сотталды. «Оның генерал атағы мен мемлекеттік марапаттары алынды. Бірақ меншік-мүлкіне конфискация жасалмады», деп хабарлады «ДАТ»-тың инсайдерлік ақпарат көзі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда ешкім 8 жылға шартты түрде сотталмаған. Соған қарағанда, мүдделі біреулер «8 жыл» деген едәуір жазамен қоғамды алдарқатып, ал шындығында Самат Әбішті түрме жазасынан алып қалған. Қаңтар оқиғасына бірден-бір кінәлі күштік құрылымның жоғары дәрежелі лауазымгері осылайша тиісті жазадан құтылды. Әлбетте, бұл «комедияның» басты режиссері Нұрсұлтан Назарбаев екені тайға таңба басқандай аян жағдай.

Ең қиыны – бұл Әділетті Қазақстан құру бастамасын алға қойған қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың беделіне белгілі бір деңгейде нұқсан келтіріп, халықтың онсыз да төмен билікке деген сеніміне тағы бір үлкен сызат түсіргелі тұр. Жағдай осылай жалғаса берсе, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қайғылы оқиға – Қаңтар қасіретін ұйымдастырған қылмыскерлер түк болмағандай, Самат сияқты сайран салып, тайраң қағып, меншік-мүліктері де тәркіленбей, емін-еркін жүре беретін болса, керісінше, ешнәрсені бүлдірмеген, ешқандай қылмысы жоқ қоғам белсенділері жазықсыз қудаланып, нақты жазаға тартыла беретін болса, онда – жаңа Қазақстанның таңы жақын жылдарда ата қоймайтыны анық. Бұл қазақ қоғамын әбден ызаландырып, халықтық көтеріліске соқтыруы бек мүмкін! Отыз жыл бойы әлаулайым таусылса, хәлаулайым бар деген бітпес ертегіге алданып келген халық енді отыз күн алдауға да көне қоймас!

Бұған мемлекет басшысының жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтқан мына пікірі де анық дәлел: «…Бір сөзбен айтсақ, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды деп сеніммен айта аламыз. Мұның еліміз үшін айрықша маңызы бар. Себебі ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Жұрттың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналды. Тоқетерін айтсақ, кері кетуге халықтың өзі жол бермейді және елге жаңа леп әкелген осы өзгерістерді табандылықпен қорғайды. Мен бұған бек сенімдімін».

Бұдан ұғатын тағы бір кереғар ой – Самат Әбішке қатысты ескі жүйенің әлі ешқайда кете қоймағаны! Егер әділетті, жаңа жүйе қалыптасты десек, онда тек ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары ғана емес, 238 адам қаза тауып, миллиардтаған материалдық шығын әкелген Қаңтар қасіретіне жауапты үлкенді-кішілі барлық шенділер түгелдей жауапқа тартылып, тиісті жазаларын алулары керек еді. Үлкен өкінішке қарай, әлі олай болмай тұр. Отыз жыл бойы қара халықты зар қақсатып, еліміздің бар байлығын бауырына басқан ескі Қазақстанның өкілдері бұған барынша қарсылық көрсетіп, өткенді аңсап, соған қайтып келуге тырысып бағуда.

«Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» дейді қазақ даналығы. Егер жаңа Қазақстан ескі Қазақстанға қатысты солқылдақтық танытып, бұрынғы президенттің маңына топтасқан, 220 триллион теңгені заңсыз иемденген, ақыр соңында Қаңтар қасіретін ұйымдастырған олигархтарды қылмысына сай жауапқа тартпаса, бұл ешқандай жақсылыққа әкелмейді.

Осы орайда, 2005 жылы 13 мамырда Андижан оқиғасы болған кезде Өзбекстанның бұрынғы президенті, марқұм Ислам Кәримовтың: «Маған мың бұзақыдан 30 миллион халқымның келешегі қымбат» деген сөзі еске түседі. Ол сөйтіп, елде тұрақсыздық орнатып, мемлекетке қауіп төндіргісі келген қылмыскерлерді ешқандай аяусыз қырып салған еді.
Егер біз енді ғана 20 миллионнан асқан Қазақстан халқының келешегін ойлайтын болсақ, азат заманда аз халқын тонап келген, жаңаруға, жаңғыруға, әділетті қоғам, кемел келешек құруға кедергі келтіріп, қарсы тұратын ескі Қазақстанның өкілдеріне ешқандай кеңшілік көрсетпеуіміз керек!

Дереккөз «DAT» газеті

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.