20-09-23 |
980 рет қаралған
«Самұрық-Қазына» ел қаржысын жым-жылас жымқыра бере ме?.
«Самұрық-Қазына» ел қаржысын жым-жылас жымқыра бере ме?

Бүгінде мемлекет ішіндегі мемлекетке айналған «Самұрық-Қазына» қорының бас сұқпаған саласы қалмады.

«Фонд-бюро расследования коррупции» Телегарам арнасы 2020 жылы қорға қарайтын «Самұрық-Энерго» АҚ-ға қарасты «Ereymentau Wind Power» ЖШС құны 26,1 млрд теңгені құрайтын 50 МВт-тық жел электр стансаларын салу үшін тендер өткізіп, нәтижесінде жеңімпаз деп танылған «Олимп Транс Сервис» серіктестігі ақшаның жартысынан көбін қалтаға басып алып, міндеттмесін орындамағанын жазды.

Арнаға сілтеме жасап dalanews.kz-тің хабарлауынша, бұл былықты Астана қаласының ішкі аудит департаменті анықтап, серіктестік мемлекеттің 15 млрд теңгесін талан-таражға салып, уәде еткен жел электр стансасын салмағанын жария еткен.

Келісім-шартқа сай Ақмола облысының аумағында салынуы тиіс жел электр стансасы 2021 жылдың 4 маусымында, яғни 17 айдың ішінде қолданысқа берілуі керек еді. Бірақ жел электр стансасының қара-құрасы да жоқ.

2020 жылы мердігерге 10,5 млрд теңгені құрайтын аванстық төлемді «Ereymentau Wind Power» ЖШС-ы толық көлемде төлеген.

Арада біршама уақыт өткеннен кейін аталған компания желден қуат көзін өндіретін 11 қондырғыны елге жеткізу үшін келісім-шартта көрсетілген аванстық төлемнің аз екенін айтып, оның мөлшерін көбейтуді талап еткен.

Бұдан кейін тапсырыс беруші мердігердің келісім-шартқа қайшы келетін талабына назар аудармастан, тағы да 5,5 млрд теңге аударған. Мердігер қосымша қаржы алса да келісім-шартта көрсетілген өзінің міндеттемесін мүлде орындамаған.

Бүгінде «Самұрық-Энергоға» қарайтын «Ereymentau Wind Power» команиясы мердігердің айтқанына көніп, келісім-шартта көрсетілген аванстық төлем мәселесі өздері сақтамаған соң, жобаны сақтандырушы компания оларға сақтандыру төлемін төлеуден бас тартқан.

Телгарам арна мемлекет қаражытын қайтаруға қатысты ешқандай жұмыстар жүріп жатпағаны туралы мәліметті алға тартты.

Ал «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры өзінің еншілес компаниясына анықталған заңбұзушылақтарды жойып, бұл іске қатысы бар тұлғаларды анықтауды тапсырған. Болған-біткені осы.

Осылайша «Самұрық-Энергоның» жасыл энергетиканы дамытуға қатысты бір жобасы сәтсіздікке ұшырап, бірде-бір жел электр стансасы салынбады. Ал бұл жағдайдан кейін «Самұрық-Қазынаның» елімізде Атом электр стансасын салауға қатысты бастамасын халық қалай қолдайды? АЭС салуға бөлінген мемлекет қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетпейді дегенге кім сенеді?

Осындай әрекеттер ел азаматтарының билікке деген сенімін жоғалтатыны анық. Ал оның ойлап, бас қатырған «Самұрық-Қазына» қорын байқамадық. Халық алдындағы сенімге, репутатцияға нұқсан келсе, оны қайтадан жөндеп алатын көлік емес екенін қор басшы Нұрлан Жақыпов неге түсінбейді?!

Осы бір оқиғадан «Самұрық-Қазынаның» иегінің астында не болып жатқанын көрмейтін, сезбейтін ебедейсіз құрылымға айналғанын байқауға болады.

Қорда еншілес компанияларының нендей мәселемен айналысып жатқанын қадағалайтын жүздеген менеджер бар. Солар «Ereymentau Wind Power» ЖШС-ның келісім-шарттағы алдын ала төлем мәселесін бұзуына қалайша жол берді деген сауал туындайды.

Мұны «Самұрық-Қазына» байқамай қалыпты дейік, ал елімізде салынып жатқан энергетикалық нысандардың басты қадағалаушысы ретінде белгіленген «Самұрық-Энеро» АҚ аспанға қарап, жұлдыз санаған ба? Сұрақ көп жауап жоқ.

Мемлекеттің қаржысын желге шашатын мұндай тізбектелген компаниялардың бізге қажеті қанша? Осы жайттан кейін «Самұрық-Қазынаны» тарқатып, оның құзіретін министрліктерге бөліп беру керегін байқайсың.

Arasha.kz

ФОТО: dalanews.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.