Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас Прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады.
Онда депутат «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының былық-шылығын тексеретін уақыт жеткенін айтқан.
«Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері халықтың емес, өздерінің әл-ауқатын арттыруға аянбай еңбек етуде деуге болады! «Самрұқ-Қазынаның» еншілес «Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис» компаниясының басшылығы кәсіпорынның тапқан пайдасынан екі есе көп бонус алған. Кәсіпорын басшысы бір жылда 74,9 млн теңге, басшылық 274 млн теңге бонус жазып алған – дейді депутат.
Оның сөзіна қарағанда, «Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис» компаниясының еншілес кәсіпорны «КАЗ КЛОУД» компаниясының да басшылығының жомарттығында шек жоқ.
Біріншіден, тең құрылтайшы «Қазақтелеком» өзінің үлесін, жеке серіктестікке беріп жіберген. «Бұл үлес неге, қалай берілді, мемлекетке залал жоқ па?» – деген сұрақтар туындайды. Екіншіден, осы «КАЗ КЛОУД» команиясының менеджменті, компанияның таза пайдасы 61 млн теңге бола тұра, премия ретінде бір жылда 336 млн теңге алған. «Қазақтелеком» Басқармасының мүшелері жалпы 422 млн теңге премия алған. Әрбір мүшесіне 105 млн теңгеден келеді! Біздің қарапайым халқымыз бір үзім нанға жарымай жүргенде, бұл неткен асқандық? – дейді Ерлан Саиров.
«Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері, еншілес кәсіпорындары өздерінің басшыларына бонус, сыйақы жазып алуға ғана қызмет ете ме?» – деген заңды сұрақ туады!
AMANAT Фракциясы «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының атына заты сәйкес келуі керек деп есептейді! «Самрұқ-Қазынаның» өз менеджментіне «асыра сілтеп» премия жазу саясатының заңға сәйкестігін анықтап, бұл ашкөздікті тоқтату; «Самрұқ-Қазынада» құжынаған еншілес кәсіпорындардың қажеттігін анықтау; «Самрұқ-Қазынаның» қаржы саясатының ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктер жасау қажет – дейді мәжілсмен.
Arasha.kz
ФОТО: liter.kz