Сайлаудың әділ өтуі – мемлекеттегі құқықтық теңдіктің, пікір еркіндігінің, азаматтардың шынайы қалауының кепілі. Зайырлы мемлекеттердің барлығы саяси додалардың әділ өтуі үшін барлық заңдық, ақпараттық, материалдық мүмкіндіктерді жасайды. Сонымен бірге, сайлаудың талапқа сай өткенін білу мақсатында ел ішіндегі бақылаушылар шоғырын қалыптастырып қоймай, шетелдік бақылаушылардың да мемлекетке келіп, доданы жақынырақ білуіне, танысуына, бақылауына жол ашады.
Мәселен күні кеше Қазақстан Республикасының бақылаушылары Ресей федерациясының Президентін сайлауға байланысты өткен саяси додаға қатысты. Іргелес көрші мемлекетте орын алған сайлаудың ешбір төтенше жағдайсыз, заңға сай өтуі біздің мемлекет үшін де тиімді. Сондықтан, бұл саяси доданы біз тек сайлау деп қана емес, мемлекетаралық байланысты нығайтатын айтулы шара деп қабылдағанымыз дұрыс.
Бұл сайлауға Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы ыждағаттылықпен дайындалды. Алдын ала бақылаушы болуға үміткер жандардың тізімі жасалып, 2024 жылғы 15-17 наурыздағы Ресей Федерациясы Президентінің сайлауына Қазақстан Республикасынан жіберілетін 48 байқаушының тізімін бекіту туралы Орталық сайлау комиссиясының қаулысы шықты. Сонымен бірге, біздің елімізде тұратын, іссапармен жүрген азаматтардың Ресей Президентін сайлау додасына Қазастанда дауыс беруіне жан-жақты жағдай туғызып, Қазақстандағы Ресей елшілігінен орын белгіленіп, қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілді.
Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіровтің бастамасымен сайлау мүшелерін, бақылаушылардың біліктілігін көтеру, саяси доданы жүзеге асыруға байланысты білімін шыңдауға бақытталған семинар, дәрістер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Себебі сайлау өзіндік электоралдық кезеңдері бар, ұйымдастыру барысында белгілі бір нормативтік құжаттарға сүйенетін ел өміріндегі қоғамдық-саяси және құқықтық процесс болып табылады. Сондықтан, сайлау комиссиясының әрбір мүшесі сайлау процесін өткізу мен осы шарадағы өз құзыреті, кәсібилік деңгейін үнемі арттырып отыруы тиіс. Саяси доданы ұйымдастыруға жауаптылар мен бақылаушы болуды өз міндетіне алған тұлғалар сайлау алдындағы үгіттің қалай өтетінін, электоралдық оқыту бойынша құқықтық және теориялық білімді жетілдіру негіздерін, сайлау заңнамасындағы құқықтық жауапкершілікті, доданы ақпараттық, қаржылық және құжаттамалық сүйемелдеу мәселелерін жетік меңгеруі тиіс. Мұндай оқыту сабақтарының маңызы да осында.
Ал енді шетелдік бақылаушылардың саяси шараға қатысуы мен қазақстандық бақылаушылардың өзге мемлекеттегі саяси оқиғаны зерделеуінің өзіндік тәртібі бар. Қалай болғанда да, шетелдік бақылаушылар өзі өтініш білдіріп, келіп отырған мемлекеттің сайлау туралы заңнамасына бағынуы тиіс. Мәселен, Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңында шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларына, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне саяси шараны өз көзімен көріп, саралауына толық жол ашылған.
Аталмыш заңның 20-2-бабына сай, шетелдік бақылаушыларды сайлауды бақылауға шақыру процесін Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Сыртқы істер министрі шешеді. Соның ішінде бақылаушы болуға шақыруды Сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады. Мұндай шақырудың реті мен талабы әрқалай. Дегенмен, зайырлы мемлекеттердің басым бөлігінде шақыру жібере отырып, онда бақылаушылар саны мен құрамына, гендерлік баланстың сақталуына, елдік өкілдікті қамтамасыз етуге қатысты тілектердің қамтылатынын байқауға болады.
Осындай шақыртуды алғаннан кейін шетелдік мамандар мен журналистер өз өтініштерін жазып, Сыртқы істер министрлігіне жолдайды. Соның арасынан талапқа сай келетіндері Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясының жанынан аккредитациядан өтеді. Шетелден келген өтініштердің бәрі мақұлдана бермейді. Өйткені, сұраныс хаттардың барлығы жан-жақты тексеруден өтеді. Мәселен, бұрын да сайлау шараларына қатысып, ортақ тәртіпті бұзғаны үшін жауаптылыққа тартылғандардың бақылаушы ретінде тіркелуіне жол берілмейді. Сондай-ақ, аккредиттеуге өтінім бергенге дейінгі бес жыл ішінде қылмыстық ісімен көзге түскен, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе сайлау кезеңінде заңсыз қызмет жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамдар да аккредиттелмейтінін ескерген жөн.
Кез келген елде шетелдік бақылаушыларға құрметпен қарайды. Олардың өзіне жүктелген халықаралық миссиясын сапалы орындауына кедергі жасалмайды. Ең алдымен бақылаушыларға Орталық сайлау комиссиясы белгілеген үлгідегі куәлік береді. Бұл куәлік бақылаушының сайлауға қатысты өзіне қажетті ақпарат алуына, сұрау салуына, сондай-ақ, бақылауды кедергісіз жүзеге асыруына мүмкіндік туғызады. Алайда, үлкен құрметпен қарсы алып, жоғары сенім жүктеліп отырған шетелдік бақылаушылардың аталмыш куәлікті жеке басының мәселелерін шешуге, сайлауға қатысы жоқ қызмттерді жүзеге асыру үшін пайдалануына тыйым салынған.
«Сайлау туралы» ел заңының 6-бабында шетелдік бақылаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдерінің міндеттері мен мүмкіндіктері қарастырылған. Осы заңды басшылыққа ала отырып, шетелден қонаққа келген бақылаушылар мен журналистердің сайлау процесінің барлық кезеңіне қатысуына толық жағдай жасалған. Олардың сайлау науқанының барысы туралы сауалдарына сайлау комиссиялары жедел, толыққанды жауап қайтаруы маңызды. Бақылаушылар сонымен бірге, дауыс беруді өткізуге және дауыстарды санау кезінде сайлау учаскелеріне кіруге құқылы. Ең бастысы, шетелдік бақылаушылар өздерінің саяси дода барысында байқағандары мен анықталған заң бұзушылықтар туралы сайлау комиссияларының мүшелерін хабардар етуі міндет. Соған орай олардан ұсынымдар да күтіледі. Мұндай ұсынымдар алдағы уақытта өтетін сайлау додаларында алдыңғы кемшіліктердің қайталанбауына ықпал етеді.
Шетелдік бақылаушылардың жария мәлімдемелер жасауына, дауыс беру нәтижесі бойынша хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға құқығы бар.
Әрине, шетелдік бақылаушылардың сайлау өткен мемлекеттегі заңнамаға бағынуы міндет екені әуел бастан белгілі. Бұған қоса, бақылаушылар өздеріне қаншалықты жоғары сенім мен құрмет көрсетілгеніне қарамастан, сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау рәсіміне араласпауы шарт. Бақылаушылар сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауы міндетті. Егер бақылаушылар тарапынан қандай да бір заңбұзушылық орын алған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекет, халықаралық ұйым байқаушысын аккредиттеуден бас тартып, құжатты кері қайтарып алуға құқылы.
Біздің еліміздің бақылаушылары да күні кеше Ресейдегі Президенттік сайлау додасын бақылау үшін көрші елге барды. Делегацияны бастап барған Қазақстан Сенатының вице-спикері Жақып Асанов «Қазақстан сайлау барысында дауыс беруді бақылау институттарын одан әрі дамытуға мүдделі. Достастық кеңістігінде бұл институт пайдалы жұмыс істейді және бұл миссия өзін пысықталған әдістеме ретінде дәлелдеді», – деп атап өтті.
Қазақстандық сенатор Ресей сайлау заңнамасының жоғары стандарттары туралы жылы лебізін білдіре келе, сайлаудың жоғары деңгейде өткенін растады.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024