30-10-23 |
3200 рет қаралған
Сот отбасын сақтауға мүдделі.
Сот отбасын сақтауға мүдделі

Отбасы  құндылығын кез келген адам жоғары дәріптеуге тиіс. Енді ғана үлкен өмірге қадам басып, оң-солын жаңа тарыған жас отбасын қолтығынан демеп, қолдарынан жетектеп, көшке ілесіп кеткенше қолдап жүру үлкен еңбек….Осы тұрғыдан алғанда отбасында болатын кикілжің, ажырасу немесе сот процесінің бала психикасы әсері орасан. Түркістан облысы Шардара аудандық сотының төрағасы Светлана Рысбекқызының айтуынша, кейінгі жастар отбасы институтының маңызына мән бермейді.

Бүгінде Шардара аудандық сотында екі судья қызмет атқарады. 2023 жылдың  соңғы 6 айында ауданда 204 неке тіркеліп, соның 11-і өзара келісіммен бұзылған. Осы кезеңде сотқа   неке бұзу туралы 66 талап келіп түскен. Судьялардың араласуымен 14 талап арыз  татуластыру бойынша аяқталса, 28 талап арыз ерлі-зайыптылар некені сақтамай, екі жаққа кетті. Ал 21 талап-арыз өндірісте қаралуда.  

Жалпы, құндылық деген сөздің өзі бағалы дегенді білдіреді, оны қазіргі ұрпақ өте жақсы түсінуде, яғни отбасылық құндылық – отбасының бағасы. Жастар өте білімді және сауатты. «Жастар қанаты», «Жастар ресурстары» сынды орталықтарға бұл тақырыптарға қатты мән береді.

Судья неке бұзу туралы арыздарды қараудың өзіндік тәртібінен де хабардар етті. Айталық ерлі-зайыптылар сотқа арыз тастаған соң судьялар олармен алдын-ала жұмыс жасайды. Мүмкіндігінше тараптарды татуластыруға тырысып, медиатор көмегімен отбасын сақтап қалу бойынша әрекеттер жасалады.

Өкініштісі сол, қазіргі кезде жастармен қатар, 50-60 жастағы адамдардың арасында да ажырасу орын алуда. «Балалары кәмелеттік жасқа толып кеткен, құда-құдағилы болған жандардан ажырасудың сырын сұрағанымызда, бірге тұрғысы келмейтіндіктерін айтады. Не себеп екендіктерін ашып айтпайды» дейді тәжірибелі судья. 

Сотқа медиаторлар екі тараптың ата-аналарын да шақыртады, бұрындары үлкендер «барған жеріңе тастай батып, судай сің» десе, қазір  заманмен бірге адам да өзгерген.  Қазіргі кезде көбіне ажырасуға ұйытқы болып отырған – ата-ана. Жастардың некесі қиылып, отбасы болғаннан кейін, ата-анасымен тұрғысы келмейді. Жас келіндер бөлек тұрып, бөлек тіршілік жасағысы келеді. Ал баласын үйлендірген ата-ана ұрпағының қызығын көргісі келеді.  Сөйтіп таразының бір басында ата-ана, екіншісінде жары тұрып, шақшадай басы шарадай болған ер адам ажырасуға арыз жазуға мәжбүр болады.

Заңның талабында көрсетілгендей, тараптардың татуласуына сот пәрменімен 6 ай мерзім беріледі. Ешқандай әрекет болмаса, сот екі тарапты ажырастырады. «Ажырасуға нақты шешім жасап келіп, балаларға қатысты айтқан насихаттан кейін, татуласып жатқандар бар. Өкініштісі сол, ашумен бала тағдырын мүлде ойламайтындар да жетерлік. Бала кішірек болса, әйел адамның тәрбиесінде қалады, ер адамға бәрі оңай сияқты. Арызын жазып, кете барады. Бірақ, алимент төлеу жағына келгенде, сол әке тығырыққа тіреледі. Өйткені жұмыссыз. Алимент- орташа айлықпен өндіріледі.  Бір балаға бірде төрт бөлігі, екі балаға бірде үш бөлігі дегендей. Егер көп бала болса, бірде екі бөлігі өндіріледі.  Оның көлемін сот орындаушылар түгел есептеп көрсетеді.

Соның ішінде алимент өндіру – қоғамдағы шешімін күткен өзекті мәселе. Ата-аналар алимент төлемеген жағдайда сот орындаушылар оның берешегін қайтарту жайлы қаулы шығарады. Борышкерді ол қаулымен таныстырады. Қарызын төлемеген жағдайда әкімшілік құқық бұзушылықтың 669-бабымен әкімшілік жаза белгіленеді.  Сот кінәліні жазаға тартып қана қоймай, ескертулер жасайды.  Айыппұл салынады. Осыдан кейін де төлемеген болса, қылмыстық жазаға тартылады. 

Ал осы ажырасқандардың мүлкі Неке және отбасы туралы кодкстің 334- бабында көрсетілген. Заңнамаға сәйкес, ерлі-зайыптылардың дүниесі некеге тіркелген күннен бастап ортақ болып есептеледі.  Соған орай ажырасқан жағдайда да жиналған мүлік теңдей бөлінеді. Дегенмен, судьяның айтуынша, ана мен бала құқығын ескере келе, мүліктің 60 пайызын әйел адамға, ал 40 пайызын ер адамға бөлетін кездер көп.

Әрине, ажырасудан туындайтын мәселе аз емес. Соның ішінде жасөспірімдер қылмысын толық емес отбасындағы тәрбиенің әлсіздігімен байланыстыратында да басым. Алайда судьяның пайымынша қылмыс жасаған адамның толық немесе толық емес отбасынан шығуы маңызды роль ойнамайды. Қоғам да бала психикасына өзінше әсер береді. Жанындағы достары, сыныптастары әсер ететін жағдайлар өте көп. Дей тұрғанмен, қазіргі таңдағы заманның ағымына ілесу үшін таңнан кешке дейін үй көрмей жұмыс жасайтын ата-ананың тәрбиесін дұрыс ала алмаған баланы да кінәлау тым қиын…

Тәжірибелі судья ажырасудың басым бөлігіне жұмыссыздық кінәлі деген пікірде. Заманның қатал сыны талай тағдырдың бүлінуіне, отбасылардың ажырасуына әкеледі. Қазіргі ер адамдар көбіне жалдамалы жұмысшы болып нәпақасын тауып жүр. Кешке дейін ауыр жүк көтеріп, кешке шаршап- шалдығып үйіне келгенде ас-судың дайын тұрмауы отбасының ортасына жік салатын басты белгі. Ұрыс, ашудың көкесі осы кезде басталады. Содан кейінгі себеп – ішімдік.  Араққа сылқия тойып алған адам не істеп, не қойғанын білмей де қалады. Одан кейін әлеуметтік желілерден де байқасаңыз, көбіне зорлық-зомбылыққа әкеп соқтыратын нәрсе – қызғаныш. Көзі қанталап, ашуға булыққан адам, кісі өлтіруге дейін барады.

Светлана Рысбекқызының айтуынша, тәуелсіздік жылдарынан бері қарай отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған түрлі жұмыстар жүргізілуде. Әжелер, әкелер, аналар мектептері жұмыс істеуде. «Мерейлі отбасы», «Келіндер сайысы» сынды дәстүрлі шаралар отбасының шайқалмауына өзіндік үлесін қосуда. Алайда, бұл жұмыстармен шектеліп қалуға әсте болмайды. Айталық, мектептерде сыныптағы ананың бірін, әкенің бірін арнайы шақырып, балалармен ашық кездесу ұйымдастырып, балалардың ойындағы арман-мақсатты білудің сөкеттігі жоқ. Сонда ана мен баланың арасында терең түсіністік орнығады. Өз анасына айта алмаған сырын кейбір оқушылар сырт адамға айтуы әбден мүмкін. Балаларды сыртқы ықпалдан қорғап, құқығының тапталмауына әсер ету үшін қолымыздан келетін барлық амал, әдісті қолданғанымыз абзал. Сонда ғана ұл-қызымыздың уайымсыз өмір сүруіне, мақсат-мұратына кедергісіз жетуіне септігімізді тигіземіз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.