arasha.kz

Істі болып жатқан Біртанов пен Шәріп Тимур Құлыбаевтың компаниясында қызметте

Істі болып, үстерінен сот ісі жүріп жатқан бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен «СҚ-Формация» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Берік Шәріп Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Emdeu Group» компаниясында қызмет істейді.

Берік Шәріптің «Emdeu Group» компаниясында жұмыс істейтіні сот қаулысындағы деректерде айтылады. Б.Шәріп 2020 жылдың 12 тамызынан бері уақытша тергеу изоляторында қамауда отыр. 

Елжан Біртанов «Emdeu Group» компаниясында директор болып қызмет істеп жүрсе, Берік Шәріп бас директордың орынбасары қызметін атқарып отыр.

26 сәуірде Берік Шәріптің үстінен сот процесі басталды. Берік Шәріпке Қылмыстық кодекстің 361-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы «Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы» және Қылмыстық кодекстің 287-бабы, 2-бөлігі «Заңсыз иемдену, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе қару-жарақ, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды алып жүру», – баптары бойынша айып тағылды.

Ал Елжан Біртанов болса, цифровизацияға бөлінген 526 млн теңгені жымқырды деп күдікке ілінген.

«Emdeu Group» компаниясы Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевқа тиесілі. Құлыбаев бұл компанияға «Кипрос» ЖШС арқылы иелік етіп отыр. «Emdeu Group» компаниясына:  «Мейірім» көпсалалы медицина орталығы (2003 жылы тіркелген), Астанадағы «Mediluxe» ЖШС және Алматыдағы «Emdeu Medline»ЖШС  (2017 жылы тіркелген) қарайды.

Exit mobile version