arasha.kz

Түнгі соттар халық үшін тиімді

«Түнгі сот» деген не? Ол не үшін керек? Түнгі такси, түнгі кезекшілік, түнгі тариф, түнгі базар дегендерді естуіміз бар. Ал  түнгі соттың мақсаты не? Ол қалай жұмыс істейді? Алақандай ғана Қазақстан халқының арыз-шағымын соттар күндіз-ақ қарай алмай ма? Бұл сұрақтардың жаңа үлгідегі соттар туралы жаңалықты естігенде көпшілік көкейінде тұрғаны анық. Бірақ, бұл соттың қаншалықты тиімді, қаншалықты пайдалы екенін халық қысқа уақытта мойындап үлгерді.

Жалпы, отандық соттың халықаралық үрдістен кеш қалмай, ілгерілеуге, дамуға талаптанып жатқанын байқау қиын емес. Түнгі сот та өркениеттің бір үлгісі іспеттес. Мұндай соттар біз үнемі мысал ететін Сингапур, АҚШ, Австралия, Швейцария сияқты дамыған елдердің тәжірибесінде бұрыннан бар. Және олар бұны ел азаматтарының, соның ішінде жұмыстан қолы босамайтын тұрғындардың уақытын ұтымды пайдалану үшін енгізген.  

Жоғарғы сот өкілдері жыл сайын өзге елдердегі әріптестерінің тәжірибесіне үңіліп, жағымды, тиімді жобаларды енгізуге батыл кірісіп жатыр. Түнгі сот пилоттық жобасы енгізі идеясының туындауына да жоғарыдағы өркениетті елдер тәжірибесі өлшем болған. Осылайша 2018 жылғы ақпаннан бастап қолға алынған бұл жоба аз ғана уақытта елдің сенімінен шығып үлгерді. Жаңа жоба туралы жылы лебіздерді, жағымды пікірлерді де жиі еститініміз сондықтан.

«Жол апатынын ешкім сақтандырылмаған. Мен де кешкілік жұмыстан қайтып бара жатып, ереже бұзып, алдымдағы көлікті соқтым. Екі жүргізуші бірден жол полициясын шақырдық. Анықтаушы келіп, апат орнының сызбасын жасап, екеумізден түсінік алды. Және хаттама толтырғаннан кейін істің түнгі сотта қысқа уақытта қаралатынын айтты. Шынында үш күннің ішінде жұмыстан кейін түнгі сотта ісіміз қаралып, сот қаулысы шықты. Өзім де әуреге түспедім, жәбірленуші де істің тез қаралып, сақтандыру компаниясынан жылдам ақша алатынына ризалық білдіріп жатты» дейді Алматы қаласындағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қызметкерлеріне алғысын айтқан Жомарт Байболов.

Аталмыш соттың төрағасы Бақытжан Тәжіхановтың айтуынша, бастапқы кезде түнгі соттар тек Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жұмыс істеген. Бұл соттарда көпшілік ойлағандай тек жол қауіпсіздігіне байланысты істер қаралмайды. Сонымен бірге, «Түнгі соттарда» отбасылық-тұрмыстық қатынастар кезінде орын алған құқыққа қайшы әрекеттермен байланысты, қасақана жеңіл дене жарақаттарын салған, ұрып-соғуға, ұсақ бұзақылыққа қатысты істер, ел аумағында жүрген шетелдіктердің заңға қайшы әрекеттері осы сотта жедел шешіледі. Тағы бір ескере кететіні, жоғарыдағы санаттағы істердің бәрі түнгі сотта қаралады екен деген қате түсінік те қалыптаспауы керек. Өйткені, істер жедел қаралуы үшін ең негізгісі орын алған құқық бұзушылықтың мән-жайларына ешқандай дау келтірілмеуі керек. Сонымен қатар, құқық бұзушылықты жасаған тұлға өзінің кінәлі екенін саналы түрде толық мойындауы тиіс. Бұдан бөлек, қос тараптың келтірілген залал мөлшерімен келісуі де басты шарттың бірі. Осыдан кейін істі «Түнгі сотта» дереу қарау туралы екі тараптан өтінішхат алынады. Соның негізінде іс түнде қаралып, оған қысқартылған сот ісін жүргізу тәртібі қолданылады. Аталған шарттар сақталған кезде іс аптаның жұмыс күндерінде сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін қаралады.

Түнгі соттардың бір жылғы жұмыс нәтижесін сараптаған мамандар бүгінде

көші-қон заңнамасына, қоғамдық тәртіпке, ар-ожданға, сондай-ақ адам құқығына құл сұғуға қатысты құқық бұзушылықтарды да осы тәртіппен қарау туралы ұсыныстар келтіріп отыр. Әрине, азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдеп, әуре-сарсаңын азайтатын тетіктерді әлі де түгендей, қолданысқа енгізе түскен дұрыс. «Түнгі сотта» қаралған  ішінде жеке бастың құқықтарына қол сұғушылыққа қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар елеулі орын алып отыр. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 73-бабы отбасы – тұрмыстық қатынастыр аясындағы әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастыруды көздейді. Бұрын мұндай істер соттарға жете бермейтін. Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Бұрынғыдай ұят болады, ел не дейді деп өзіне жасалған қиянатты жасырып жабатындар сирек. Содан болар, отбасылық жанжалдардың сотта жиі нүктесі қойылады. Жоба аясында  қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар да қаралуда. Қазақстанның ірі қалаларында өзін ақтаған ірі жоба бүгінде облыстық соттардың да тәжірибесіне енгізілді. Осының өзі халық игілігіне бағытталған жобаны азаматтар да түсініп, қолдайтынын көрсетсе керек.

Гүлназ Әсенғазы

Exit mobile version