arasha.kz

Зорлық көрген 10 адамның екеуі ғана полицияға шағымданады

Осыдан бірнеше жыл бұрын Нұр-Сұлтанда озбыр күйеуі оқушылардың көз алдында бұрынғы әйелін бұрымынан сүйреп шығарып, тапа-тал түсте үстіне бензин құйып өртеп жібергені жұрттың есінде. Дәл сондай оқиға жыл басында Батыс Қазақстан облысында да қайталанды. Агрессор күйеуі  «ажырасам» дегені үшін әйелі мен екі қызын тірідей өртегенде өне бойы тітіркенбеген тірі жан қалмаған шығар. Артынша өз күйеуінен әбден қорлық көріп, ақыры ауруханада тілге келместен көз жұмған оралдық келіншектің де артында аңырап үш баласы жетім қалды. Күні кеше әйел-баласын жұдырықпен жөнге келтіріп, тепкінің астына алуды әдетке айналдырған озбыр әкенің тірлігі тағы да талайдың жүрегін сыздатты.

Бұрын сотталып, сот тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деген айыппен екі рет қорғаныс бұйрығын шығарған Ерлан Исламғалиевтің әйеліне істеген озбырлықтары адамның ақылына қонбас. Тіпті, күні кеше үкім оқылып жатқанда сот залында айыпталушы бостандыққа шыққан бойда бұрынғы әйелін бауыздап өлтіретінін бүкіл елдің көзінше именбей ашық айтты. Ал  жақында ғана павлодарлық полицейлер жалдамалы пәтерде озбыр танысынан оңбай таяқ жеп, өлімші халге түскен 26 жастағы бойжеткенді арыз жаздыруға ақыры көндіре алмаған. Жәбірленуші жеті айлық баласына аяғы ауыр екенін алға тартып, агрессорға аяушылық танытуын сұрапты. Сондықтан тиранды темірдей тәртіпке бағындырып, тезге салу  мүмкін болмады. Бұл біз айтып отырған бір-екі мысал. Күн сайын жақынынан жұдырық жеп, тепкінің астында қалса да құқық қорғау органдарына арыздануға ары жібермейтіндердің соңы ауыр қылмыспен аяқталып жатқанын естудің өзі ауыр.

Айталық, Дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі Зульфия Байсақова «Зорлық-зомбылықтың қандай да бір түрі әрбір сегізінші қазақстандық отбасында бар» деп отыр. Яғни әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық болса, әрбір жетінші әйел экономикалық, әрбір алтыншы әйел физикалық, әрбір үшінші әйел психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болады екен. Алайда отбасындағы кемсіту мен қорқытуға көпшілік әйелдің еті үйреніп, қалыпты жағдайға айналады. Осылай деген психотерапевт Евгений Дуплякин «қалыпты» деп санаған күнделікті жұдырықтың соңы нәзік жандардың жазым болуымен аяқталатынын айтады.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Отбасылық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен 10 адамның екеуі ғана полицияға баруға келіседі» дейді. Статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпаратына сүйенсек, биыл бес айдың өзінде ғана отбасылық-тұрмыстық салада 418 құқықбұзушылық тіркелген. Олардың 48-і кісі өлтіру, 7 – кісі өлтіруге дайындалу, 157 – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 155 – денсаулыққа қасақана орташа ауыр зиян келтіру, 1 – құмарлық жағдайында денсаулыққа зиян келтіру, 5 – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 14 – қоқан-лоқы көрсету, 3 – зорлау, 9 – сексуалды сипаттағы зорлық әрекеті.  Ал жылдың 8 айында отбасылық зорлық-зомбылық негізінде 130 мыңға жуық шағым түсіп, 2,5 мың іс бойынша қылмыстық іс қозғалса, оның 30 мыңға жуығы – әкімшілік іс. Қалғанында жәбірленушілер өз арыздарынан бас тартқан. Ойлай беріңіз, 130 мыңға жуық шағымнан 30 мың адам ғана әкімшілік жауапқа тартылса, қалған 100 мың әйел агрессордың ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалған.  Мәселен, ІІМ дерегінше, биыл төрт айда 46 901 адам полицияға жүгінсе, сотқа бар болғаны 8 мың іс қана жеткен. Оның 4 мыңы ерлі-зайыптылардың ымыраға келуімен біткен. Яғни, зорлықшылардың 10 пайызы ғана жауапқа тартылған деген сөз. Көп жағдайда агрессор үш сағаттық про­филактикалық әңгімеден соң үйіне қайтарылады, «ар-намысымды аяққа таптады» деген түсініктегі тирандар бұдан кейін екі есе әйелдің өміріне қауіп төндіреді. Осыдан кейін әйелдердің дені «үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп санайды.

Атырау облысында жыл басынан бері отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мыңнан астам құқық бұзушылық тіркеліп, салдарынан 9 ай ішінде 17 әйел мен 34 бала дағдарыс орталығына орналастырылған. Алматы облысы бойынша Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бағдат Әшімовтің айтуынша, осы жылы аймақта жанұялық жағдайда әйелдерге байланысты 29 дерек анықталған. Жеке тұлғаларға қатысты 232 дерек тіркелсе, балаларға қатысты 53 оқиға ашылған. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 9 айдың ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында әйелдерге қатысты 28 қылмыс жасалған. Ал өткен жылы аймақта 25 құқық бұзушылық тіркелген. Демек, солтүстікте де тирандардың тепкісіне шыдап жүрген әйелдердің саны артқан. Нұр-сұлтандық әйелдер де сенім телефондарына жиі қоңырау соғатын болған. Мәселен, тоғыз айда 900 адам жауапкершілікке тартылыпты.

Департаменттің сенім телефондарынан бөлек, мыңдаған әйел «Не молчи» қорына хабарласып, отбасындағы агрессордан арашалап алуын сұрайды екен. Қор жетекшісі Дина Таңсәрінің айтуынша, 4 жылдан бері еліміздегі жүздеген әйелдің құқы қорғалған. Сот процесінде өкіл болу арқылы 52 зорлықшы қылмыстық жауапқа тартылыпты. Биыл мамырдың соңынан бастап қор жетекшісінің жеке телефонына 112, «Не молчи» сенім телефонына 204 қоңырау түссе, WhatsApp желісіне жәбірленушілерден 164 хабарлама келген.

«Күннен-күнге шағымданушылар көбейіп келеді. Олар неге полицияға емес, қоғамдық қорларды іздейді? Жақында ғана Ішкі істер министрі зардап шеккен 10 әйелдің екеуі ғана полицияға арызданатынын айтты. Қалған 8 әйел бізге – қоғам бел­сен­ділеріне барады. Біз­дің заңымызды жетілдіру керек. Өйткені, дәл қазір по­лиция зорлық-зомбылық құр­бан­дарын қорғауда шарасыз», – дейді Дина Таңсәрі. Оның пікірінше, жанұядағы жанжал кезінде полицейлер агрессорды жедел тұтқындауы қажет. Ал әйел бала-шағасымен бірге дағдарыс орталықтарының есігін жағалап жүрмеуі тиіс.

 «Қазір әйеліне жәбір көрсетуші полиция бөліміне барады да, профилактикалық жұмыс жүргізілді деген бір жапырақ қағазға қол қояды. Мұның барлығы – шартты нәрселер. Ешкім онымен түсіндіру жұмысын жүргізбейді. Мұндай құжатты америкалықтар бұзбауға тырысады, өйткені бұзса, 5 жылға дейін абақтыға қамалатынын біледі. Ал біздегі жәбір көрсетушілер үшін ол – жай ғана қағаз. Соңғы 4 айда полиция 30 мыңнан астам қорғаныс бұйрығын бердік дейді. Бұл кімді тоқтатады? Сол үшін зорлықпен күрес және құрбандарға көмек жұмыстарын қадағалайтын үйлестіру орталығы керек», – дейді қор жетекшісі.

Ж.МҮСІЛІМ

Exit mobile version