Браконьерлердің шабуылынан қаза тапқан инспектор Ерлан Нұрғалиевті жедел ауруханаға жеткізу үшін санавиация шақыру туралы Ерланның інісі Нұрлан Нұрғалиевтың өтінішіне ешкім құлақ аспаған, санавиация шақырмаған, деп жазады total.kz
«14 қаңтар күні шамамен кешкі сағат 6-да ағама браконьерлер шабуыл жасады деген хабар жетті. Мен дереу барлық жедел қызметтерге хабарластым, маған қылмыскерлерді ұстау жоспары жарияланғанын айтты. Ерланның жатқан жерін анықтау қиын болды, браконьерлер машинаның кілті мен GPS құрылғысын алып кеткен. Ерланның қасындағы жұмыстасы хабарласты. Ол маңда телефон ұстамайды, бір нәрсе етіп хабарласқан екен. Біз оларды іздестіруді жеделдету үшін вертолет ұшыру керек екенін айтып едік, бірақ рұқсат етпеді.
Нұрлан Нұрғалиевтің айтуынша, санавиация шақырылмаған. Сол себепті Ерлан Нұрғалиевті реанимациясы бар ауруханаға 12 сағатта әрең жеткізген.
Біз Қарағанды облысы, Қарақайың кентінде машинаны күтіп алдық. Ерланның қолын ұстағанымда ол қорылтап жатты, желке тұсынан жараланғанын көрдім. Біз 80 шақырым жердегі Баршино ауылына жеткенше «санавиация шақырыңдаршы» деп жалындым. Бірақ ешкім құлақ аспады, шақырмады. Сөйтіп біз Қорғалжынға келдік. Жедел жәрдем машинасы да, реанимация да жоқ екен. Жолда келе жатып, реанимациясы бар ауыл болса ғой» деп тіледік. Сөйтіп Малиновка келгенде жедел жәрдемге хабарластық. Олар: «Қалаға кіре берістен ғана алып кете аламыз» деді. Ауруханаға таңғы 6-да жеттік. Арада қанша уақыт өтті!
Сондай-ақ, Нұрлан Нұрғалиевтің сөзінше, ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің Ерлан Нұрғалиев тірі, ауруханада жатқан кезінде оны «браконьерлерді ұстамақ болғанда қайтыс болды» деп хабарлама таратқаны жанына батқан.