arasha.kz

Шымкенттік оқушы сыныптас қыздың әкесін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді

Шымкенттік жасөспірім 42 жастағы адамның өліміне қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды.

15 жастағы мектеп оқушысына сыныптас қыздың әкесін ұрып өлтірді деген айып тағылған. Марқұмның туыстары әкесі «қызыма тиіспе» деп ескерту жасағаны үшін жасөспірім кек сақтаған дегенді айтады.

Қамауға алынған 9 сынып оқушысы тергеуде отыр. Бұзақылар қолынан жазым болған 42 жастағы ер адамның денесі кеше жер қойнына берілді.

Сыртқа жеке шаруасымен шыққан ер адамның денесі үйінің маңынан табылған. Марқұмның туыстары қамауға алынған жасөспірім қасында сыбайластары болғанына сенімді. Айтуларынша, оқиға болар алдында қолдарына таяқ ұстаған бір топ жеткіншек үй маңында топтасып жүрген.

«Бет-аузының бәрі қан. Сау-тамтығын қалдырмай ұрып, тіпті қабырғаларын сындырып тастаған. Таспен де, таяқпен де, тіпті кетпенмен де ұрған. Енді артында қалған ұл-қызын кім асырап кім жеткізеді?» – дейді марқұмның қарындасы Севда Ыдырысова.

Марқұмның қызы сыныптасының өзіне тиісіп маза бермейтінін, жәбір көрсететінін әкесіне айтып берген. Қаза болған ер адам жасөспірімге қызынан аулақ жүруін ескерткен.

«Ол баламен 4-сыныпқа дейін бір партада отырғанбыз. Бірінші сыныптан бері маған да, басқа құрбыларыма да тыныштық бермейтін. Бізге боқауыз сөз айтып, аяқтан шалып құлату оған күнделікті нәрсе. Мен түгілі, өзге қыздар да ол туралы ата-анасына талай мәрте шағымданған. Бірақ оған бәрібір», – дейді марқұмның қызы Хаяла Нариманова.

Ал №55 мектеп басшылығы қамауға алынған жасөспірімнің бұзақылығын осыған дейін байқамаған.

«Осы жағдайдан кейін жоғары сынып оқушыларына беймезгіл уақытта көше кезуге тыйым салынды. Ол баланың үстінен бұрын шағым түскен емес. Қарапайым орта білімді оқушы», – дейді мектеп директоры. 

Оқиғаға қатысты полиция пікір білдірген жоқ.

Exit mobile version