20-04-24 |
6350 рет қаралған
Академиктікке лайықтылар сайлансын.
Академиктікке лайықтылар сайлансын

Соңғы жылдары ғылым жүйесінде біраз сең қозғалды. Соның ішінде, ғылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі Тұжырымдамасы қабылданды. Естеріңізде ма, қайбір жылы Ғылым академиясын Президент жанындағы орган етіп қабылдады. Бұл қуанышты бастама, отандық ғылымға деген бетбұрыс. Ал соңғы 3 жылғы қаржы 625 млрд теңгеге бір-ақ жетті. Дегенмен, өзгертуге деген ниеттен гөрі, әлі тындырар тірлігі көп ғылымда.

Бәріне тоқталмай, ғылымға жауапты Ғылым ордасына тоқталсақ.

Кеше ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлайтын конкурс анықталды. Сайлау дегенде делебеміз қозады ғой. Сонда академиктерді конкурспен іріктеп, тек лайықтылар тізімге енеді деген сөз.

Бұл жайлы Президент те 2022 жылы өз сөзінде, академиктердің барынша ашық әрі әділ сайлануы қажет дегені бар. Яғни, қоғам академияға мүше болатын үміткерлерді толық білуі тиіс. Президенттің мына сөздері, «Академияны мансап қуып, ғылымға кездейсоқ келген адамдардан сақтау керек» дегені, ғылымға нағыз жанашырлығы.

Елімізде 22 мыңнан астам ғалым бар. Бұл ауыз толтырып айтатындай көп емес цифр. Өкінішке орай, кешегі 30 жылда жалақының аз әрі тұрақсыздығы отандық ғылымды құрдымға жіберді. Несін жасырайық, ақиқаты осы. 

Алайда, билік кейбір ғылымда адасып жүрген академиктердің бар екенін жасырмайды. Президент Қ.Тоқаев, бір сөзінде «бізде академиктер тым көп, кейбір академиктердің таза ғылымға еш қатысы жоқ. Осындай академиктердің ғылыми сапасы да, олардың ғылымға қосқан үлесі де күмәнді» деп айтқан еді. Рас қой бұл да…

Кезінде Қаныш Сатпаев қазығын қағып бас болған, бүгінгі Ғылым академиясы ғалымдарын түсініксіз әрі күмәнді тұлғалармен толтырмас үшін де, конкурс арқылы сайланып келетін ғылымға жанашыр азаматтармен толтыру керек екені анық.

Қазір ректор тұрмақ, қарапайым университет оқытушылары конкурспен сайланып жатқанда, осы ретте ғылымның басында отыратын академиктердің конкурс арқылы іріктелуі, құптарлық жайт.

Бастысы, мейлі академик не ғылым докторы болса да, ғылымда тек біліммен емес, талмас ізденіс пен жаңашылдыққа ұмтылған ғылыми мінез болса игі. Отандық ғылымымыз көркейе берсін!

Мақсат Жақау

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.