Бүгін Алматыдағы Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ұжымы әзірлеген «Қазақ мемлекеттілігі және Алаш» монографиясы мен «Қазақстан мемлекеттілігі тарихындағы Алаш: идеялар, тағдырлар, мұра» атты жинақтардың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды arasha.kz тілшісі.
Тұсау кесер шарасы барысында тарихшылар жаңа жинаққа қандай тың деректер енгенін және қай елдің архивтері қамтылғанын айтты.
«Қазақстан мемлекеттілігі тарихындағы Алаш: идеялар, тағдырлар, мұра» атты жинақты құрастыруға атсалысқан тарихшы Махаббат Қозыбаеваның айтуынша, бұл алаштықтар жайында шыққан соңғы кітап емес, алдағы уақытта да олар жайлы құнды деректер шыға бермек.
«Бүгін жарық көріп отырған мына екі кітап бойынша үлкен ғылыми ұжым жұмыс атқарды. Өйткені Алаш қозғалысы тақырыбы әр уақытта өзекті болып келді және солай болып қала береді. Бұл жинақтардың ерекшелігіне тоқталсам, мұнда бірнеше мемлекеттің архивіндегі материалдар енді. Атап айтар болсам Ресей Федерациясы, Украина, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің архивіндегі материалдар. Монографияны шығару барысында Мәмбет Қойгелді, Мамаев, Таңатаров, Қоңыратбаев, Байгелдиев сынды көптеген елге танымал тарихшылар жұмыс істеді. Қазақстан Республикасының өңірлеріндегі архив деректері енді. Ресей қорындағы аз зерттелген материалдар да қамтылды»,-деді ол.
Сондай-ақ материалдардың басым бөлігі Өзбекстан мен Қырғызстаннан алынғанын айтты. «Өйткені Өзбекстандағы деректерді бертінге дейін алу қиын болатын. Қырғыстаннан да көп материал алдық, оның ішінде Алаш партиясының Қырғызстандық филиалы жөнінде және саяси қуғын-сүргінге іліккендер жайындағы материалдар бар. Алаш қозғалысына қатысқан адамдардың есімдері де аталады. Архивтік материалдан өзге баспасөз беттеріне шыққан материалдар да көптеп енді. Омск мемлекеттік архивінен сирек шыққан газеттерден 15 материал алдық»,-дейді тарихшы.
«Қазақстан мемлекеттілігі тарихындағы Алаш: идеялар, тағдырлар, мұра» атты жинақ үш бөлімнен тұрады. Біріншісі «Ресей империясындағы саяси дағдарыс жағдайындағы ұлттық сананың өсуі», екінші бөлім «Қазақ автономиясы жолындағы күрестің күшеюі», үшінсі «Қазақ зиялыларының Советтік мемлекеттің құрылуына қатысуы және саяси репрессия» деп аталады.
Аталған жинақтар әзірге 70 данамен жарық көрген.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024