27-12-24 |
480 рет қаралған
«БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ТҰРАҚТЫ ДАМУЫ ҮШІН УАҚЫТҚА ҒЫЛЫМИ КӨЗҚАРАС».
«БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ТҰРАҚТЫ ДАМУЫ ҮШІН УАҚЫТҚА ҒЫЛЫМИ КӨЗҚАРАС»

Satbayev University-де «Бірыңғай уақыт белдеуі: ғылыми аспектілер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, онда медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, метрология және физиология саласындағы ғалымдар мен сарапшылар уақыт белдеуінің өзгеруінің Қазақстан тұрғындарының денсаулығына, өнімділігі мен әл-ауқатына әсерін талқылады. Қатысушылар биологиялық ырғақты үйлестіру, өмір сапасын жақсарту және елдегі экономикалық процестерді оңтайландыру үшін табиғи уақытқа оралудың маңыздылығын атап өтті.

Модератор ретінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі, ол өзінің кіріспе сөзінде уақытты басқару – бұл ұлт экономикасы мен денсаулығына әсер ететін және тұрмыстық ыңғайлылық шеңберінен шығатын негізгі элемент екенін атап өтті.

– Уақыт белдеуін өзгерту мәселесіне қатысты көзқарастар әртүрлі, ал біздің міндетіміз – осы мәселені ғылыми деректер мен халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, объективті түрде қарастыру. Мұндай жағдайда күнделікті өмір салтын дұрыс құра алған елдер жетістікке жетті, – деді министр.

Уақыт мәселесі Қазақстандағы әрбір адамға әсер етеді, өйткені бұл тек тұрмысқа ғана емес, сонымен қатар денсаулыққа, жұмыс өнімділігіне және тұрғындарының әл-ауқатына да қатысты. Алайда бұл мәселенің негізі елді бірыңғай логистикалық және әкімшілік жүйеге біріктіруден де тереңде жатыр.

Сонау 1930 жылдан бастап Қазақстан Кеңес Одағының құрамдас бөлігі ретінде сол кездегі бір сағатқа алға жылжыған «декреттік уақыт» бойынша өмір сүріп келеді, оған жыл сайынғы «жазғы уақытқа» ауысу үрдісі тағы қосылды. Соның салдарынан тұрғындар «десинхроноз» жағдайына ұшырады – яғни адамның тіршілік ету режимі мен табиғи күн циклі арасындағы үйлесімдік жойылды. Ал қазіргі уақыт белдеуін өзгертуге бағытталған реформа осы теңсіздікті түзетуге бағытталған.

Қолданбалы биофизика, хронобиология, экологиялық биофизика және физиология саласының маманы, ғалым Сұлтан Төлеуханов өз сөзінде күн циклі адам физиологиясының негізі екенін атап өтті:

– Мен циклдік процестермен 50 жыл бұрын медицина тұрғысынан айналыса бастадым. Біз адамның тәуліктік ырғағы генетикалық бағдарламаланғанын және бұл процестің орталық механизмі мелатониннің тәуліктік ырғағы екенін түсіндік, – деді Сұлтан Төлеуханов.

Табиғи уақытқа көшу үрдісі биологиялық циклдерді қалпына келтіруге, ұйқының сапасын жақсартуға және созылмалы шаршау синдромымен күресуге мүмкіндік береді.

Әлемдік жетекші ғалымдардың пікірінше, табиғи уақытқа көшу халықтың денсаулығын жақсартып, әлеуметтік шығындарды азайтады және елдің тұрақты дамуына ықпал етеді. Хронобиология саласы бойынша 2017 жылғы Нобель сыйлығының лауреаттары Джеффри Холл, Майкл Розбаш және Майкл Янг адамның циркадиялық ырғақтары ұйқыны, гормондық фонды, ағзадағы зат алмасуды және басқа да маңызды процестерді реттеуде шешуші рөл атқаратынын дәлелдеп берді.

Қазақстандық ғалымдар бұл пікірмен келіседі. ҚР ДСМ штаттан тыс бас онкологы, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» басқарма төрағасы Диляра Қайдарова халықтың денсаулығы үшін табиғи күн уақытымен сәйкес келетін уақытты пайдаланған дұрыс екенін атап өтті:

– Қазақстан UTC+5 табиғи уақыт белдеуінде тұрады. Табиғи уақыт белдеуі ағзаға жарық пен қараңғылықтың табиғи күнделікті циклдарымен үйлестіру мүмкіндік береді. Бұл жасушаларды зақымданудан қорғайтын және ісікке қарсы әсері бар мелатониннің тұрақты секрециясына ықпал етеді. Осылайша, циркадиялық ырғақтарды табиғи уақытпен синхрондау онкологиялық аурулардың даму қаупін азайтады, – деді ол өз сөзінде.

Табиғи уақытты енгізудің экономикалық шығындары тым асыра айтылған, өйткені қазіргі заманғы жарықтандыру технологиялары энергия шығындарын айтарлықтай төмендетеді. Бұл реформа елдегі әкімшілік және экономикалық процестерді оңтайландыруға ықпал етеді, өйткені бірыңғай уақыт Қазақстанның өз ішінде де және халықаралық серіктестермен де бизнес жүргізуді, сондай-ақ көлік кестелерін жоспарлауды жеңілдетеді. Жалпы мемлекет бұл реформа экономикаға оң әсер береді деп күтуде.

Табиғи уақытты қолдайтын халықаралық альянс (IANT) бұл тұжырымдарды растайды, ал оның мүддесі – тұрақты даму мақсатында қоғамға табиғи уақытқа көшуге көмектесу.

Кездесуде басқа сарапшылар да сөз сөйледі, олар UTC+5 уақытына ауысудың артықшылықтарын әр қырынан көрсетті. Satbayev University Стандарттау, сертификаттау және метрология кафедрасының меңгерушісі Дархан Ережеп жаһандық ауқымдағы уақытты стандарттау тарихы туралы айтып, әртүрлі елдерде жүргізіліп жатқан өлшеу нәтижелерін мойындамай әлемдік сауданы дамыту мүмкін еместігін атап өтті.

«Генетика және физиология институтының» жетекші ғылыми қызметкері Асқар Калекешов адамдардағы циркадиялық цикл физиологиясы туралы зерттеулерден алынған фактілермен бөлісті. Ол дұрыс ұйқы режимін сақтамау дененің ойлау процестері мен есте сақтаудан бастап сыртқы түріне, дене салмағына және жалпы денсаулығына дейін барлық жүйелерінің жұмысын бұзатынын атап өтті. Ал балалар үшін ұйқы факторы одан да маңызды.

Табиғи циклдарға көшудің дәлелденген оң әсеріне қарамастан, үкімет мұндай ауқымды өзгерістің қиындығын ескере отырып, бірыңғай уақыт белдеуін енгізу үрдісін жүйелі түрде бақылап отыр. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Өнеркәсіп және көлік министрлігі, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы дөңгелек үстелді ұйымдастырып, оған қолдау көрсетті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарды әзірлеу үшін ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту және ғылыми зерттеулерді кеңейту қажеттілігін атап өтті. Барлық тараптар уақытты реттеу саласында теңгерімді және ғылыми негізделген шешімдерді жүзеге асыру үшін ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар қарар қабылдады. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында хронобиологтар қауымдастығын құру мәселесі қарастырылуда.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.