Жыл сайын құзырлы министрліктер, білім ордалары, Ғылым академиясының жетекшілігімен түрлі байқаулар ұйымдастырылып жатады. Байқаулардың көптігінен қорықпау керек. Қайта жас ғалымдарды ынталандыратын, демейтін, ғылымға келуіне ықпал ететін байқауларды көбейтіп, оларды тұрақты ұйымдастырып тұруға көңіл бөлген жөн. Мысалы, «Шапағат» байқауы сондай жылдар бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан, талай жас ғалымның бағын ашқан байқаудың бірі.
Бұл байқаудың шоқтығы биік. Отандық ғылымды танымал ету, қазақстандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін жан-жақты насихаттау, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын барынша жетілдіру мақсатында қолға алынған байқау алғашқы ұйымдастырылған жылы-ақ көпшіліктің қолдауына ие болды. Ең бастысы, «Шапағат байқауын ұйымдастырушылар шараның әділ өтуіне, мықтыларды іріктеуде тазалықтың болуына, қазылыққа қатымты күмән-күдікке жол бермеуге барынша назар аударды.
Бүгінде бұл шараны бір арнаға түсірген Ұлттық зияткерлік меншік институты мен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Шапағаттан жүлде алғандар жобасының орта жолда қалмауына да көңіл бөліп отыр. Республика шеңберінде ұйымдастырылып келе жатқан конкурс барлық мәселені ескерген. Айталық онда үміткерлер «Жыл өнертабысы», «Өнертапқыш әйел», «Ең белсенді өнертапқыш», «Үздік инновациялық компания», «Жас өнертапқыш» секілді номинациялар бойынша сайысқа түседі. Соның ішінде 18 бен 35 жас аралығындағы жас ғалымдар мен студенттерге арналған «Жас өнертапқыш» номинациясының орны бөлек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқы жылдары бұл номинацияға жобасын ұсынатын жас ғалымдар саны өте аз болған. Мұның себебін ақпараттың дұрыс насихатталмауымен, студенттер мен жас ғалымдардың байқау туралы білмеуімен түсіндірген жөн шығар.
Алайда, алғашқы байқау жеңімпаздары турады белгілі болғаннан бастап, жас ғалымдарды ынталандыруға, ғылымға тартуға, жобасын жетілдіруге ден қойылды. Өз шәкіртінің қабілеті мен біліктілігін байқаған ұстаздар қауымы да жаңа номинация бойынша шәкірттерінің сынға түсіп, жүлде алуына барынша көмектесуге тырысты. Расында студенттердің білімі мен білігін тани білу, оларды дұрыс арнаға бұра білу оқушылардың да үлкен қабілетін талап етеді. Талантты жасқа сауатты жол көрсету, керекті салға бағыттау – алдағы жетістіктің кепілі. Осы уақытқа дейін жүлде алып, өз жобалары бойынша жұмыс істеп жатқан жас ғалымдардың нәтижелеріне қарап бұл бағыттағы ізденістер мен қолдаудың текке кетпегенін байқауға болады.
Жоғарыдағы номинация жүлдегерлерін іріктеудің де өзіндік критерийлері бар. Мәселен жобалар әлеуметтік маңыздылығына, қоғамдағы экономикалық әсеріне, экологиялық қауіпсіздікке қосар үлесіне, бәсекеге қабілеттілігіне, технологияларды өндіріске енгізу деңгейіне, яғни коммерция көзіне айналуына қарап бағаланады.
Бұл байқаудың өміршеңдігін, әрі болашағына ерекше мән берілгенін мемлекет тарапынан бекітілген марапат, атақтарға қарап та білуге болады. Мысалы «Шапағат» байқауында жеңімпаздар қатарынан табылып, бірнеше озық идеясы патентке ие болған, ең бастысы коммерция көзіне айналған ғалымдар «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын иеленіп, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнертапқышы» деп аталатын құрметті атақ берілуде. Әрі мұндай атақ кез келген адамның маңдайына бұйыра бермейді. Бұған ие болған адамдардың ғылымға қозғай салған, өзіндік идеясымен танылған, жобасының қызығын, табысын көріп отырған мықты жандар екенін біліп жүргеніміз жөн. Негізі бүгінгідей ақпараттық, заманауи қоғамды алға жылжытатын да, мемлекетті дамытатын да осындай озық ойлы адамдар.
Бәріміздің ертеңінен үміт күтетін алғыр, білімді шәкірттеріміз бар. Біз солардың өсуіне, ғылымнан өз орнын табуына көмектесуіміз керек. «Шапағат» байқауы бізге осындай керемет мүмкіндік беріп отыр. Шәкірттеріме байқаудың шарттарын түсіндіріп, жаңашылдықтарын тәжірибе сынауына барынша қолдау көрсетіп келемін. Ізденімпаз, еңбекқор жастардың байқаудың ғана емес, ғылымның да өз адамы боларына сенемін, – дейді ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті Гүлнар Мәлікқызы.
Ал байқаудағы «Өнертапқыш әйел» номинациясы еліміздегі қыз-келіншектерді ғылымға көбірек тартып, ынталандыруға бағытталған. Мәселен «Хромды (VI) шламдарда детоксикациялау тәсілі, алынған өнімдерді құрылыс материалдарына кәдеге жарату» деп аталатын патенттің тең авторы Сәуле Базарбаеваның айтуынша, арнайы жүлде арулардың өз қабілетін сынауына ерекше мүмкіндік сыйлаған.
Осындай ертеңінен үмітті жандардың сеніміне қиянат жасамас үшін конкурстық комиссияның құрамына ғылымға еңбегі сіңген, әділдікке жаны құштар ғалымдардың іріктелгенін атап өткен дұрыс. Конкурстық комиссияға жыл сайын мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, бизнес ортаның, сондай-ақ, инновациялық жобалар саласындағы даму институттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері топтастырылған. Әр саладан, әр ортадан жиналған қазылардың бір-бірімен тілдесуіне, ақылдасуына, біреулерге басымдық беруіне тосқауыл қойылған. Әр қазы өзі қараған еңбекте ұстанымына сай жеке бағалайды. Олардың қойған бағаларына қарап үміткерлердің ортақ балы шығады. Бір байқалатыны, үздік жобаларға, керемет идеяларға қатысты бағаларды соншалық үлкен алшақтық болмайды. Осының өзі лайық дүниенің қай жерде де бағасыз қалмайтынын көрсетеді.
«Шапағат» байқауының жүлде қорындағы қаржы да қомақты. Қазылардың қатаң сүзгісінен өтіп, өзінің қоғамға керектігін дәлелдеген озық жоба авторлары диплом, байқау жеңімпазы екенін дәлелдейтін мүсіншемен бірге, 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейінгі аралықта қаржылық қолдауға ие болады. Биыл он тоғызыншы рет өткелі отырған байқауға қатысатын үміткерлердің жыл санап көбейіп келе жатқаны байқалады. Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараевтың: «Шапағат» өнертапқыштар мен таланттардың нағыз мерекесіне айналып үлгерді. Байқаудың арқасында жыл сайын жүздеген жолдама сынға алынып, үздіктері өндірісте қолданылуда. Бұл жерде де жетістікке жетіп, патенттерімен пайда тауып отырған жас ғалымдардың саны артып отырғаны қуантады. Жас ғалымдар еліміздегі өнертапқыштық істің дамуына баға жетпес үлес қосуда», – деген сөзімен толық келісуге болады.