arasha.kz

«Бұл 12 томдық – ешқашан өлмейтін ұлттық идея»

Алаш қозғалысының тарихын тұтас қамтитын 12 том құжаттар мен деректер топтастырылған тарихи зерттеу кітабының алғашқы 6 томы жарық көрді.

12 том еңбек Алаш қозғалысына қатысты кезеңдерді қамтып, түрлі атаулармен берілген. Мәселен, 7 том «Қуғындалған идеялар» атауымен жер мәселесі хақында болған саяси күрес, пікірталастар және осы мәселеге қатысты қуғындау қамтылса, 8 том әулеттерге жасалған қиянаттарды қаузайды.

Алаш қозғалысына қатысты 12 том құжаттар мен деректер ісін даярлау туралы 2023 жылдың ақпан айында тапсырма берілді. Ұйымдастыру ісі президент мұрағатына жүктелді. Не себепті мұрағат орталығына жүктелді дегенге келсе, біз екі жылға жуық уақыт ішінде ұлттық қауіпсіздік комитеті, бас прокуратура, ішкі істер министрлігі және орталық архивте сақталып келген құжаттарды алдық. Алынған 6888 құжаттың екі мыңға жуығы құпия белгісімен болды. Қалғаны құпиясыздандырылған. Құпия белгісі бар құжаттарды құпиясыздандыру, сосын оны ғылыми айналымға енгізу де біршама уақыт алды. Барлық жиналған құжаттарды іріктеу, саралау, сұрыптау да өте көп уақыт алды, күрделі процесс болды.

12 томдықтың дайындау ісінде негізші ғылыми басшылық жасаған академик Мәмбет Құлжайбайұлы болды. Жалпы жұмыс тобында архив қызметкерлерінен өзге 35 адам болды. Оның ішінде 6 ғылым докторы, 8 ғылым кандидаты және белгілі мұрағаттанушылар болды. Сондықтан бұл көп томдықты ұжымдық жұмыс деп айтқанымыз дұрыс. Бүгін міне, сол 12 томдықтың 6 томын қолымызға алып отырмыз.

12 томның 1-4 томында Алаш қайраткерлерінің алғаш қудалану кезеңі қамтылса, 5-6 томы 1937-38 жылдардағы саяси репрессияға арналды. 7 томға «Қуғындалған идеялар» атауымен жер мәселесі хақында болған саяси күрес, пікірталастар және осы мәселеге қатысты қуғындау қамтылған. 8 том әулеттерге жасалған қиянаттарды қаузайды. 9-10 том Алашорданы қолдаушы дәулеттілерге арналған. 11 томға халық көтерілістерінің тарихи құжаттары топтастырылса, 12 томды ақтау материалдарды жинақталған. 12 томның қалған 6 томы жыл соңына дейін шығады. Әр томның таралымы – 2 мың тираж, – деді президент архиві ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы – саяси ғылымдарының докторы, профессор Гүлшат Нұрымбетова.

Көп томдық зерттеуде бұрын ешқайда жарияланбаған фотосуреттер, осы күнге дейін құпия болып келген көптеген құжаттар енгізілген. 12 томдық құжаттар мен деректер саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссиясының жұмысының аясында жарық көрді.

– Бұл 12 томдық – ешқашан өлмейтін ұлттық идея. Осындай қозғалыс тудырған, Алаш қайраткерлеріндей саяси басшылығы болған ұлт – бақытты ұлт. Совет өкіметі сол идеяны тұншықтырғысы келді. Енді осы жарыққа шығып жатқан 12 томдық ұлттың байлығы, күш-қуатын көрсетеді.

Бұл тұрғыдағы зерттеулер Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан сынды бірқатар елдерде жүріп жатыр. Бірақ ауқымы жағынан мұндай жұмысты атқаруда Қазақстанда алда тұр. Мұндай мүмкіндікті туғызып, арнайы жарлық шығарып, 2020 жылы репрессия құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрып, негіз жасаған президентке алғыс айтамыз. Моральдық, қаржылық жақтан мемлекет толық қолдау жасады. Әйтпесе, мұндай өте үлкен жұмысты атқару мүмкін емес. Сондай-ақ комиссия жұмысына және осы іске тікелей басшылық жасаған Ерлан Тынымбайұлы ризалышығымыды айтамыз, – деді алаштанушы ғалым, академик Мәмбет Қойгелидиев.  12 томдық зерттеудің қалған 6 томы баспадан жыл соңына дейін жарық көрмек.

Exit mobile version