30-07-21 |
1740 рет қаралған
Елімізде жаңа оқу жылынан бастап ЖОО оқытушыларының жалақысы өседі.
Елімізде жаңа оқу жылынан бастап ЖОО оқытушыларының жалақысы өседі

Білім министрі Асхат Аймағамбетов президентке тапсырмалардың орындалуы және жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы есеп берді.

Дәстүрлі оқу форматына оралу үшін жүргізіліп жатқан ұйымдастыру шаралары сөз болды.

Мемлекет басшысына «Білімді Ұлт» ұлттық жобасының дайындалуы, Жолдауда және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында берілген президент тапсырмаларының орындалуы жайында мәлімет берілді, деп жазады Ақорда.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында берілген тапсырмалардың 43 проценті білім және ғылым саласына қатысты. Министрдің айтуынша, «Оқуға құштар мектеп» жобасының аясында мектеп кітапханаларының қызметін қайта қалыптастыру және көркем әдебиет пен балалар әдебиетін сатып алу жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Асхат Аймағамбетов мемлекет басшысына ведомствоны кәсіби кадрлармен, соның ішінде, әлемнің жетекші университеттерінің түлектерімен және жастар кадрлық резервінің мүшелерімен күшейту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Сондай-ақ сапасыз жоғары оқу орындарын жабуға қатысты президент тапсырмаларының орындалуы жөнінде мәлімет берілді.

Тоқаев министрге бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ, сапасыз университеттердің лицензиясын қайтарып алу үшін заңнамалық тұрғыдан түзетулер енгізу мәселесін қарастыруды тапсырды.

Президент мемлекеттік жоғары оқу орындары қызметкерлерінің еңбекақысын биыл 1 қыркүйектен бастап арттыру маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар президент оқушылар арасында өтетін Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.