23-09-24 |
750 рет қаралған
Ғылымда шекара жоқ.
Ғылымда шекара жоқ

Әлемдегі халықаралық ғылыми мәліметтер бағасына кіретін журналдарға бүгінде сұраныс өте жоғары. Мұндай журналдар дүние жүзіндегі ғылыми ортаға аса танымал. Себебі журналдарда әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғылыми жаңалықтары ерекше, ізденісі тың мәліметке толы, қоршаған ортаны жақсы жаққа өзгертуге ықпалды, экономикадан бастап экологияға дейінгі салалардағы озық идеялар жарияланады. Журналдардың маңызын арттырып, беделін көтеріп отырған артықшылығы да осында.

Осындай ауқымды міндет жүктелгендіктен, халықаралық мәліметтер базасына кіретін басылымдар әр ғылыми мақаланың біреуден көшірілмегеніне, өзіндік ойының ұшқырлығына қарап іріктеп, басылымнан орын береді. Мақаладағы мәліметтерден қандай да бір плагиаттың белгісі табылса, ондай көшірме дүниені жолдаған авторға ескерту жіберіп, журналдың есігін жабады.

Халықаралық ғылыми журналдар талабының жоғары болатыны жалпы қоғам, ғалымдар үшін керек. Бүгінде бұл журналдар жер шарының түкпір-түкпіріндегі ғалымдардың пікір алмасатын, тәжірибесімен бөлісетін, әріптестік байланыс орнататын алаңына айналғанын айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ, журналдар ғылым мен өнеркәсіп арасын жалғауға, ғалым мен кәсіпкерлердің танысуына алтын көпір болып отыр. Тағы бір басымдығы, журналдар арқылы әлемнің әр түкпіріндегі елдердің ғылымға қаншалықты көңіл бөлетініне, ғалымдарының қабылет-қарымына, озық ойлы адамдарының көптігіне баға беріледі, ортақ пікір қалыптасады. Осы журналдарда жарияланған жаңалығының арқасында әлем мойындап, идеясы шындыққа айналған қазақстандық ғалымдардың бар екенін де қуанышпен атауға болады. Бұл отандық ғылымның зияткерлік әлеуетінің әлемдік ғылыми процеске қосыла алатынын көрсетеді. Сонымен қатар, ғалымдарымыздың зерттеулері бәсекеге қабілетті, ғылыми ортада мойындалғанын айғақтайды.

Ғылымға жасалған қамқорлық пен салынған қаржының арқасында бүгінде шетелдік ғылыми басылымдарда жобалары мен зерттеулері жарық көрген қазақстандық ғалымдар көп. Осы ресурстарда жарық көрген ғылыми еңбектердің тізімімен еш қиындықсыз танысуға, отандық ғылымның қай бағытта, қалай дамып жатқанына көз жеткізуге болады.  

Мысалы, сөзіміз дәлелді болу үшін Web of Science базасының ақпараттық ресурсындағы мәліметтерді сараптап көрейік. Осы кестеде көрсетілгендей, Қазақстан ғалымдарының шетелдік ғылыми басылымдардағы мақалалары соңғы бес жыл ішінде айтарлықтай көбейген. 2011 жылы 200-ден астам мақала жарыққа шықса, 2015 жылы 145, ал 2023 жылы 300-ден асқан. Бұл ғылымдағы ізденістің қарқынды жүргізіліп жатқанынан хабар береді.

Журналдың Импакт-факторы – елдегі ғылыми жағдайға берілетін нағыз объективті көрсеткіш. Ал импакт-фактордың қалыптасуына сырттан бөгде ықпалдың әсер етуі мүмкін емес. Тіпті елдегі ғалымдар саны, ғылыми дәредесі жоғары ғалымдардың көбеюі де мұндағы жағдайды өзгертуге қауқарсыз. Импакт-факторды өзгертудің жалғыз жолы – ғылыми жаңалық. Ол үшін ғылыми басылымдарға ұсынылған зерттеулердің деңгейі жоғары болуы шарт. Рейтингтік журналдарда мақаласы мен зерттеуін жариялау автордың ғылымға қосқан үлесін, оның зерттеуінің тиімділігін, ғалымның жоғары әлеуетін көрсетеді.

Басылымның импакт-факторы жоғарылаған сайын, беделі де артады. Өкінішке қарай, қазақстандық журналдар арасында мұндай дәрежеге көтерілген ғылыми басылымдар болмады. Бұған әрине, тілді қолдану ресурсының төмендігі, ғылыми жаңалықтарды, ізденістерді сұрыптап, асылы мен жасығын анықтайтын сүзгінің қалыптаспауына да ықпалын тигізуде.

Әлем қазір ғылымға, заманауи жаңалықтарға жіті назар аударып тыр. Сондықтан, ғылыми журналдардың әр санын асыға күтеді. Мәселен, Web of Science дерекқорына енгізілген 2 256 басылым бар. Қазақстандық ғалымдар осы журналдардың ішінде 1 403 журналмен байланыс орнатып, мақалаларын жариялауда. Өкінішке орай, шетелдегі осы журналдарда жарық көрген еңбектердің 60 пайыздан астамы импакт-фактор ретінде есептелмейтін басылымдарда жарық көрген. Әрине, импакт-факторы төмен журналдарда мақала жариялау жеңіл әрі қиындық тудырмайды. Бірақ, ғалымдар мұндай басылымдардың бағаланбайтынын, еңбектері оқылмай қалатынын түсінуі керек. Ғалымдарға көмек ретінде құзырлы министрлік импакт-фактор бойынша беделді басылымдарға талдау жүргізіп, үздіктердің тізімін ұсынған болатын. Бұл отандық зерттеушілерінің өз зерттеулерін лайықты журналдарға жолдауына көп көмек берері талассыз.

Жалпы, ғалымды дамығаны, Қазақстан ғылымының мойындалғаны мемлекет үшін керек. Сондықтан, Ғылым және жоғары білім министрлігіне ғалымдармен үнемі байланысты болып, сауалнама жүргізіп, оларды мазалап жүрген сұрақтарды біліп, ол бйынша жұмыстар жүргізіп отырған орынды. Өйткені, әркім өзіне жүктелген шаруаны сапалы атқарғанда даму болады. Ендеше, ғалым ғылымды ілгерілетумен айналысса, құзырлы министрліктің ғалымдардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап, жобаларының шетелде мойындалуына барлық мүмкіндікті қарастыруы міндет. Импакт-фактор журналдарына қатысты да осыны айтуға болады. Қазақстан ғалымының қандай журналдың беделді, қандай басылымның сапалы екенін білмеуі мүмкін, ал ресурсы мен байланысы жолға қойылған министрліктің бұл мәселе бойынша терең сараптама жүргізіп, ғалымдарға шынайы ақпарат беруге толық мүмкіндігі жетеді. Себебі рейтингі төмен журналда жақсы мақала  жарияланбайды деген түбірімен қате түсінік. Дегенмен бұл мықты ғалымдардың журнал таңдауға мүмкіндігі мен жағдайының болмағанын көрсететін дерек.           Бұған қоса, бүгінде зерттей орталықтары мен білім ордаларында ғалымдар мен оқытушылардан халықаралық журналдарда мақала жариялай талап етілетіні мәлім. Шындығында бұл маңызды талап, қажет дүние. Олай болатыны, мемлекет озық ойлы ғалымдардың еңбегін дұрыс бағалау мәселесін күн тәртібіне қойып, одан қаражат аямай келеді. Бірақ айлықтағы артықшылық жалпы ғалымдарға төленсе, онда айырмашылық та, ынталандыру да болмайды. Сондықтан, халықаралық импакт-фактор журналында өзінің жаңалығын жариялап, еңбегінің маңызды екенін әлемде дәлелдеген ғалымдарға үстемеақының тағайындалуы өте дұрыс, қажетті шешім. Мұндай басымдық білімді жастардың ғылымға келіп, жаңашыл жбалар жасауына түрткі болуда. Негізі еңбегінің ақталатынын, жобасының орта жолда қалмайтынын білген ғалымдардың тың ізденістерді батыл жасайтынын тәжірибеден де байқау қиын емес.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.