Қазақстанда ғылымды дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға бөлініп жатқан қаржы аз емес. Дегенмен, ғылымды дамытып, мемлекет тірегіне айналдыруды басты орынға қойған Америка құрамы штаттары мен Жапонияда, сонымен бірге, көршілес Қытайда ғылым толықтай мемлекет қамқорлығында. Ғылымға бөлінетін қаржының көлемі бойынша әлемнің негізгі үш алпауыт мемлекеті атанған бұл елдерде әсіресе жастардың ғылымға келуіне, ғылыми зерттеулерін өндіріске енгізуіне барлық жағдай жасалған.
Шындығында, біздің елімізде бар қабілет-қарымын ғылымға арнаған, ғылыми жұмыстарға ерекше қызығатын жастар баршылық. Бірақ, өкініштісі бізде сол жастардың талабы мен талантын бағалау жағы кемшін. Бизнес өкілдері ғылым саласына инвестиция салуға аса ынталы емес. Байқап тұрсақ, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге де қоғамда үлкен қызығушылықтың жоқтығын аңғаруға болады. Сондықтан, жас ғалымдар тек мемлекеттік қолдауға ғана арқа сүйейді. Әрі өздерін насихаттауда, жұмыстарын таныстыруда мемлекет тарапынан ақпараттық-насихат жұмыстарының кең көлемде жүргізілуіне ынталы.
Осы тұрғыдан алғанда отандық ғылымды дамыту үшін ең алдымен жастарды ғылымға бағыттау, жаңа салалар бойынша ізденуіне жол сілтеу, ақыл-кеңестер беру бойынша үздіксіз жұмыстар жүргізілуі керек. Екіншіден, осы ғылымға келген жастардың білімі мен назарын тек ғылымға бағыттау үшін мамандардың тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерін реттеу бағытында ауқмды шаралар қолға алынуы тиіс. Үшіншіден, жастарды ынталандыру мақсатында түрлі конкурс, жыл сайын өтетін байқауларды жоға қою аса маңызды. Мұндай додалар жастарды қанаттандырады, серпілтеді, өзінің мықтылығын, даралығын дәлелдеуге деген құлшынысын оятады. Төртіншіден, жас ғалымдарды көпшілікке таныту, олардың зерттеу нысандары бойынша кең көлемді ақпарат беріп отыру аса өзекті. Өйткені, біздің қоғам жас ғалымдардың аты тұрмақ, отандық ғылымда не болып, қандай жаңашылдықтар қолға алынып жатқанынан мүлде хабарсыз. Бесіншіден, жас ғалымдардың еңбегін дәріптеп қоймай, осы озық идеялардың бизнес тарапынан қаржыландырылуына, ғылыми жаңалықтардың өндірісте тәжірибеге енгізілуіне мүдделік танытқанымыз жөн. Сонда жас ғалымдар жобалары орта жолда қалмай ел игілігіне қымет етеді. Өндірістің ғылымға деген сұранысы, ғылымға деген сенімі әлі жоғары емес. Қазіргі кезде өндіріс ғылымнан алшақтау жұмыс жасап жатқанын мойындауымыз керек. Ғылымның нәтижелерін елемей, осыған дейін шығарылған дайын дүниені шығарғанды дұрыс көретін кәсіпкерлер азаймай тұр.
Ең бастысы, ғылым мен бизнес арасындағы байланысты нығайтудың арқасында өндіріске жаңа өнімдер шығарылып, әлемде қазақстандық брендтің қалыптасуына жол ашылатынын ұмытпауымыз керек. Өкінішке орай, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де бір жүйеге түсе қойған жоқ. Біздің жас ғалымдар да өз еңбегін таныстыруға, оның қандай табыс әкелетінін дәлелдеп кәсіпкерлер алдына баруға аса белсенді емес. Десек те, соңғы жылдары бұл жұмысты үйлестіруге Ғылым қоры білек түре кіріскен жайы бар. «Ғылым қоры» АҚ басқарушы директоры Манат Келдібековтің айтуынша, алғашында түрлі қиындықтар кедескенімен, қазір ғылыми жаңалықты табыс көзіне айналдыру бойынша қолға алынған іс-шаралар нәтиже бере бастаған. Мәселен, бүгінде ғалымдар қолымен жасалған 150-ден жоба астам сатылымға шыққан. Соның үздіктері сатылып, ғалымдар 33 млрд теңгеден астам табыс тапқан. Тіпті кейінгі кезде шетелдік бизнесмендердің де қазақстандық ғалымдар ңбегіне қызығушылық таныта бастағаны аңғарылады. Мәселен былтырғы жылы 16 ғылыми жобаның экспортқа шығуы сөзіміздің нақты дәлелі.
Бұл үрдіс әрі қарай да жалғасын таба беруі үшін жас ғалымдар еңбегін насихаттау, таныстыру бағытында ауқымды, біріккен шаралар қолға алынуы тиіс. Себебі жас ғалымдар арасында небір дарындар бар. Олардың көпшілігі әлемдік додаларға қатысып, өзінің зерттеулері арқылы жүлделі орындар алып жүр. Соның бірі – Айзада Әлкебаева.
Айзада – Қазақстандағы бірнеше ғылыми жобаның жеңімпазы. Өз елінде талантын дәлелдеген жас ғалым Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің ғылыми және оқу орындары арасындағы «Үздік жас ғалымдар» жобасында үздіктердің бірі болып танылып отыр. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің техника және технология магистрі Айзада Әлкебаева «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығы бойынша зерттеу жасап жүрген жас ғалым. ТМД жас ғалымдары арасында өткен байқауға ол «Теңіз балдырларынан жоғары тиімді экстрактивті заттарды алу технологиясы мен өндірісі және оларды биоөнеркәсіпке енгізу» деп аталатын ғылыми-зерттеу жұмысымен қатысқан.
Айзада Жасқланқызының ғылымға қызығушылық танытып, жоғарыдағы тақырып бойынша толымды зерттеу жүргізуіне ұстазы Оразхан Аймақовтың көмегі көп. Оразхан Аймақов – химия ғылымдарының докторы, профессор. 220-дай ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 20 кітап, бірнеше әдістемелік оқу құралдарын жарыққа шығарған Аймақов 5 авторлық куәлік пен 3 патенттің иегері. Өзі де ғылымға өлшеусіз үлес қосқан Оразхан Аймақов жас шәкірттерді тәрбиелеп, ғылыми ізденіс жасауына да ықпалын тигізіп жүр. Биоорганикалық химия, органикалық химия, биохимия, табиғи қосылыстар химиясы, биологиялық белсенді заттар химиясы, биомедицина, биотехнология, тамақ химиясы бойынша үлкен ізденістер жасаған ғалымның ізінен ерген шәкірттері баршылық. Олардың алды шетелдік додаларда топ жарса, біразы өзі зерттеген ғылыми жобаның тәжірибеге енгізілуі бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жүр. Айзада Әлкебаева да ұстазы болашағынан зор үміт күтетін ізленімпаз, еңбекқор, жаңашыл жастың бірі.
Оразхан Аймақовтың жол сілтеуімен «Теңіз балдырларынан жоғары тиімді экстрактивті заттарды алу технологиясы мен өндірісі және оларды биоөнеркәсіпке енгізу» деген тақырыптағы ғылыми-зерттеу жұмысын алған Айзада теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, керемет еңбек жасады. Оның Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Қырғыз Республикасынан түрлі мәселелер бойынша ғылыми зерттеулерін ұсынған жас ғалымдар арасында үздік танылуының өзі зерттеу тақырыбының жаңашылдығына, өзектілігіне байланысты болса керек.
Оразхан Аймақов секілді білікті шәкірт тәрбиелеп, дұрыс жол нұсқап келе жатқан ғалымдар елімізде аз емес. Ендігі жерде осы ғылыми еңбектердің өндірісте қолданылуына жол ашылса құба-құп.