20-09-24 |
610 рет қаралған
Отандық ғылым қолдаудан кенде емес.
Отандық ғылым қолдаудан кенде емес

Заман бір орында тұрған жоқ. Тәуелсіздіктің таңы атқан сындарлы уақытта отандық ғылымның кенжелеп, қолдаусыз қалғаны рас. Жоғары оқу орындарында дәріс оқып, өз саласы бойынша ғылыми зертту жүргізіп жүрген ғалымдардың көпшілігі осы тұста күнкөріс қамымен сүйікті кәсібінен бас тартып, басқа салаларға кеткені белгілі. Айлық аздығы, мемлекеттік қолдаудың төмендігі отандық ғылым ошақтарының ілдәлдалап күн көруіне түрткі болды. Дегенмен, жағдайдың күрделілігіне қарамай, ғылымға адалдығын көрсетіп, білім ошағындағы жұмысынан кетпеген жандар саланың тұралауына жол бермеді. Ал қазіргі жағдай мүлде басқаша.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қазір ғылыммен айналысамын, зерттеулер жасаймын деген ынталы жандарға қолдау жоғары. Содан болар, соңғы жылдары ғылыммен айналысуға ниетті жас ғалымдар қатары қалың. Министрлік ұсынған статистикаға сәйкес, Қазақстанда қазір 22,5 мың ғылыми қызметкер табысты еңбек етуде. Өмірін ғылыммен байланыстырған осы мамандардың 37 пайызының ғылыми және академиялық дәрежесі бар. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда жас ғалымдардың үлесі жыл сайын 2 пайызға ұлғайғанын көрсетеді.

Соның ішінде отандық ғылымдағы жастардың үлесі қомақты. Министрлік ұсынған мәліметке сенсек, ғылым өкілдерінің 34 пайызын 35 жасқа толмағандар құрайды. 43 пайызы 35 пен 54 жас аралығындағы Ал 23 пайызы 55 жастан асқандар. Пайыздық үлес осылай болғанымен, ғылымдағы кадрлардың қартаю үрдісі байқалмай қалмайды. Осы жағдайда ескере отырып, тәжірибелі ғалымдардың орнын лайықты алмастыра алатын жастар шоғырын дайындау кезек күттірмейді.

Жалпы жас ғалымдарды ғылымға қызықтыруға қажетті механизмнің бәрі қазір қамтылған. Айталық бүгінде шетелде білімімді жетілдірем, біліктілігімді арттырамын деп жоспар құрған жастардың шекара асып, шетелде шыңдалуына барлық жағдай жасалған. Бұл жердегі басты талап өз саласын жетік білу мен ағылшын тілін меңгеру. Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасынан бастап, жоғары оқу орындары ұсынатын тәжірибе алмасу дәрістеріне ағылшынша түсініп, еркін сөйлей алатын жастар қатыса алады.

Ғалымдарды қолдауға, жобаларын зерттеуге, ғылыми ізденіс жасауға уақыт пен қаржы кететіні рас. Бұл мәселені де мемлекет өте тиімді шешкен. Ғылымға бөлінген қаржыны пайдалана отырып, еліміз жас ғалымдардың мемлекеттік гранттар ұтып алуына теңдей мүмкіндік ұсынады. Мұндай гранттар зерттеушілерге өз идеяларын жүзеге асыруға, эксперименттер жүргізуге және ғылымның әртүрлі саласы бойынша білімін мейлінше кеңейтуіне көмектеседі. Қазіргі кезде ғылыми дәріс оқығаны үшін жалақысын алатын оқытушылар, мемлекеттік грант иелену арқылы өзінің ойында жүрген жобаларды зерделеп, жүзеге асыра алады.

Ғалымдардың үмітін шындыққа айналдыратын жобалар аз емес. Олардың барлығын ашық дереккөздерден қарап, ұсыныс жіберіп, конкурстарға қатысуға болады. Мысалы Ғылым жән жоғары білім министрлігінің Ғылым қоры осы қолдау орталықтарының басында тұр. Бұл қор бастамашыл, жаңашыл зерттеулер мен тәжірибелік жұмыстарды дамытуды алдына міндет етіп қойып, жәрдемдесу бойынша іс-шараларды жүргізіп келеді. Ғылым қорының жыл сайын көптеген грантқа конкурс жариялайтыны белгілі. Одан құр қалмау үшін жастар Ғылым қорының ғаламтордағы парақшаларын күнделікті қадағалап, өзінің ұсыныстарын жедел жіберуі керек.

Ұлттық гранттық бағдарламасы да өзін ақтаған жобаның бірі. Мұндай бағдарламалар мемлекеттің дамуын ғылыммен байланыстыратын кез келген зайырлы елде бар. Қазақстанда да ғылымның бір саласы бойынша арнайы зерттеу жүргізіп, тосын нәтиже көрсетем деген үміткерлерге қомақты гранттық қаражат ұсынылады.

Ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де жылдан жылға оң шешіліп келеді. Оны жыл сайын мемлекеттен тұрғын үйге ие болып, материалдық жағдайын жақсартқан ұстаздар қауымының көбейгені қарап бағамдауға болады.  

Халықаралық ұйымдар мен бағдарламалар да ғылыми зерттеу жасауға қызығатын жандар үшін тапсырмас азық. Қазақ зерттеушілері Еуропалық Ғылыми кеңес, НАТО ғылыми зерттеу гранттары, Ховард Хьюз қорының гранттары сияқты беделді халықаралық ұйымдар мен бағдарламалар көмегімен өзіне қажетті қолдау сомасын таба алады. Бұл ұйымдар бүкіл әлемдегі ізденушілерге қаржылық қолдау көрсетеді. Ал осыншама әлемнің ғалымдары қатысып, таласқа түскен байқаулар мен бағдарламаларға қазақстандық ғалымдардың да қатысып, жобаларының үздіктер қатарынан табылуы үлкен жетістік. Мұның өзі ғалымдарымызды әлемнің мойындағанын дәлелдейтін дерек.

Университеттің ғылыми-зерттеу қорлары да өз қызметкерлері мен студенттерін қолдаудан қалыс қалған емес. Байқап отырсақ, бүгінде әр университетте ғылым қорын қалыптастыруға барынша ден қойылған. Оған бөлінетін қаржы да қомақты. Әсіресе, ғылыми зерттеу жасауға қабылеті бар студенттерге арнайы стипендия тағайындайтын университеттер отандық ғылымның әлеуетін жаңа кадрлармен күшейтіп, жас ғалымдардың көбеюіне мейлінше көмектесуде. Бұл шын мәнінде қажетті қадам. Сондықтан республиканың әр түкпіріндегі білім ошақтары мұндай игі істі қайталаудан, дамытудан сырт қалмауы тиіс.

Жобалық конкурстар да соңғы кезде қолға алынып жүрген жаңа бастама қатарынан. Мұндай конкурстар кезінде көптеген танымал ұйымдар жеңімпаздарға қаржылық қолдау көрсете отырып, үздік ғылыми жоба авторларын өздеріне тартуды мақсат етеді. Жас ғалымдар өзі қалаған салада жұмыс істеп қоймай, зерттеу жасауына мүмкіндік ұсынған оқу орындарын таңдайтыны белгілі. Сондықтан, әр ЖОО озық ойлы жандардың шетке кетіп қалмауына мүдделі болуы шарт. Бұл тек университет беделі үшін емес, ел мерейі үшін керек.

Сонымен қатар, қазіргі кезде грант іздеуге арналған Интернет-платформалар да баршылық. Мұндай интернет-платформаларда әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдерде және ғылым саласында ұтып алуға болатын гранттар туралы мол ақпарат жинақталады. Қазақстандық зерттеушілер осы платформаларға ғалымдар мен ізленушілердің жиі жүгінетінін, грантқа байланысты мәліметтердің мол екенін алға тартуда. Әрине, мемлекет тарапынан ғылымға, ғалымға қолдау жасалғаны, көңіл бөлінгені ертеңіміз үшін керек. Дегенмен, осы гранттар бойынша жасалған жобалардың қағаз жүзінде қалмай, жүзеге асуының нақты механизмі жасалуы маңызды. Ол үшін мемлекет ғалымдар мен кәсіпкерлер арасында алтын көпір орнатып, ғылыми жобаны өнеркәсіп тетігіне айналдыруға барлық жағдайды жасауы қажет.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.