13-06-24 |
7270 рет қаралған
Шеттілдік термин модельдерін қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес игерудің автоматтандырылған жүйесі.
Шеттілдік термин модельдерін қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес игерудің автоматтандырылған жүйесі

2024 жылдың 6-10 маусым аралығында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Нұрзия Әбдікәрім мен Қолданбалы лингвистика бөлімінің аға ғылыми қызметкері Дана Оспанова Түркия Республикасына іссапармен барып, Мерсин қаласындағы ғылыми мекемелерде болып қайтты.

  «Шеттілдік термин модельдерін қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес игерудің автоматтандырылған жүйесі» және «Қазақ тілі ұлттық корпусының публицистикалық корпусын әзірлеу» жобаларына қатысты ғылыми тағылымдама аясында Мерсин университеті Озық технологиялар және Халықаралық байланыс факультеттерінің және Торос университеті ғалымдарымен кездесіп, тәжірибе алмасты. Атап айтқанда, TS Corpus жетекшісі Танер Сезер корпус әзірлеу және дамыту принциптері мен ерекшеліктері, оның лингвистикалық, техникалық тұрғыдан жетілдіру жолдарына қатысты дәрістер өткізді. Ал корпустық зерттеу жобаларының жетекшілері Ерхан Арслан, Берна Арслан, Бенгу Сезер және тағы басқа ғалымдар корпустық зерттеудің тиімділігін, жоба нәтижелерін, жобаға арнап кіші корпус әзірлеу, оны мақсат-міндеттерге сай өңдеу жолдарын, сонымен қатар терминдердің икемдеу, өңдеу, стандарттау ерекшеліктерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

 TNC жетекшілері Мұстафа Аксан, Ешим Аксан, Умут Демирханмен де осы бағытта ғылыми сұхбат құрылып, тәжірибелерін ортаға салды. Қоғам ғалымдары жобаларға қатысты таныстырылым өткізіп, оны жетілдіру жөнінде ұсыныс-пікірлер талқыланды. Қазақстан мен  Түркияның тіл ғалымдары бірігіп атқаратын жұмыстар жайы да сөз болып, ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.