06-06-19 |
9310 рет қаралған
ТҮРКІЛЕРДЕН БАСТАУ АЛҒАН ДАЛА ӨРКЕНИЕТІ.
ТҮРКІЛЕРДЕН БАСТАУ АЛҒАН ДАЛА ӨРКЕНИЕТІ

Біз білетіндей, қазіргі күнде өз мемлекеттілігін сақтай алмай, кеңістікке өзін тәуелсіз ел ретінде таныта алмаған халықтар мен ұлттар қаншама?! Ал өрелі, мұрасы мен құндылығы мол тарих әр ұлтта бола бермейді. Себебі, тарих – уақыттың төрелігімен, Тәңірдің сыйымен, ата-бабаның төккен терімен, ұрпақтар сабақтастығымен келетін толымды дүние. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы барлық жұртты ерекшелігімен елең еткізді. Мақаланың басты мақсаты – тамыры терең салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды жадымызға тұтып, олардың қадір-қасиетін одан әрі арттыру, жас буынға оның маңыздылығын насихаттау екені анық. Тағы бір түсінгеніміз – осындай құндылықтарымыз арқылы ғана біз, қазақ халқы тарих сахнасынан кетпей, ары қарай жасампаз ел бола алатынымыз, алайда оны қадірлей алмасақ, өзіміз бір игі іске жаратпасақ, тарихи тамырсыз қалатынымыз.

Елбасы Ұлы даланың жеті қырын былайша таратады:

1. Атқа міну мәдениеті

2. Ұлы даладағы ежелгі металлургия

3. Аң стилі

4. Алтын адам

5. Түркі әлемінің бесігі

6. Ұлы Жібек жолы

7. Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны.

Осының ішінде мен бесінші тармағы –Түркі әлемінің бесігіне тоқталмақпын. Түркі әлемінің бесігі де – Қазақ жері. Түркі әлемінің тамыры басталатын Алтай жерінің қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды. Тарихи және географиялық кеңістік түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды. Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты [1].

Сөйтіп әлемдік өркениет Шығыстан бастау алып, оның түркілер қалыптастырған бағыты көшпелілер өркениеті деген атпен тарихқа енгені белгілі. Түркі халықтарының өмір салты мен мәдениетінің өркениет дәрежесіне жетуіне олардың таным дәрежесі мен атадан-балаға мұра болып қалып отырған құныдылықтары ықпал етті.

Елбасымыз өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында түркі әлемінің бесігі деп, Алтай түріктерінің адамзат өркениетіне қосқан зор үлесіне ерекше басымдық беріп, тоқталып өтті.

Елдің болашақ даму жолын көрсету үшін алдымен түркілердің ғылымға негізделген шынайы тарихын жазып, олардың дүниежүзілік өркениеттер дамуындағы орнын көрсету арқылы бүгінгі әлемдік қауымдастықтағы мүмкіндіктерімізді анықтауға болады.

Еуразия кеңістігінде, оның ішінде түркілердің алтын бесігі саналатын –Алтай жеріндегі дала өркениетін жасаушылар біздің ата-бабаларымыз болып табылады.

Көне түркілер ерте заманнан бері әртүрлі құрылымдағы мемлекеттерді, яғни Еуразияны билеп тұрған Дала империясын құрған болатын. Тарихтың әр кезеңінде тұран тайпаларының одағы, массагеттер, сақтар, ғұндар, одан кейін түркі тайпалары құрған мемлекеттер ғасырлар бойы Қытай, Үндістанға және Еуропа халықтарына билік жүргізген. Олар Еуразия құрлығының тарихын жасауда және өркениетті дамытуда үлкен үлес қосты [2, 11-б.].

Ұлтты қалыптастырып біріктіретін оның тілі, нәсілі, елі, мемлекеті және діні болса, идея оның негізі болып саналады. Ұлттық идея дегеніміз, халықтың әріден алғанда дәуірлік, беріден алғанда ғасырлық мұратын айқындайтын, келешек ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ болатын заманауи рухани философия. Оның негізгі міндеттері –ұлт пен түркі халықтарын біріктіру арқылы қоғамды тұрақты дамытатын стратегияны анықтау, ұлттық зиялылар мен өнертапқыштар, өз ісінің мамандары ішінен ұлттық элита қалыптастыру.

Қазақ идеясының қайнар көздері мен рухани негізі –тарихымыз бен мәдени мұраларымыз екендігі белгілі.

«Күлтегін» және «Білге қаған» бітіктас жазуында түріктер өздерін «Көк түріктері» деп атады. Мұндағы «көк» космостық –аспан мағынасын білдіреді. Олар билеушілерін «қаған» деп атады. Қаған –«хандардың ханы», немесе император деген мағынада. Сондықтан қағандықтың баламасы империя болмақ. Алтайда, Дулығалы шоқының іргесінде 100 жылдай бағынышты болып жүрген Ашина (аспан) түріктері 552 жылы Жужандарды талқандап, тайпалық көсемдері жабғу Бұмынды «Ел қаған» жариялаған көшпелі дала билігіне жаңа жұрт – түркілер келеді. Олар бірте-бірте ұлан-ғайыр территорияға өз билігін орнатып, көшпелілік өркениетті қалыптастырады .

Бабаларымыз өздерінің бастан кешкен тарихы мен кейінгі ұрпаққа арналған өсиет сөздерін тас бетіне қашап жазды: «Тізеліні бүктірдік, бастыны жүгіндірдік…» «Бек ұл ұрпағың құл болды, сүлік қыз ұрпағың күң болды…» «Түрік халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым…» «Өлімші халықты тірілттім. Жалаңаш халықты тоңды қылдым. Шығай халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым» -деп жазған [3, 5-6 бб.].

«Шөлі бар халық –зор халық» -дейді Ж.Руми. Рухы биік, қайсар мінезді және шыдамды халық қана шөлді аймақтың қатаң табиғатына төтеп береді. Сондықтан да адамзат өркениетінің рухы –дүниежүзілік діндер немесе олардың пайғамбарлары шөлді аймақты мекендеген халықтардың ішінен шыққан. Көне түркілердің Тәңір діні соның ішінде бірегейі және дүниежүзілік діндердің бастамасы.

«Тарих кітабындағы барлық беттері белгілі емес халық бақытты» деген екен Т.Карлеиль. Тарихы түгелдей зерттеліп бітпеген халық оны білуге ұмтылады. Осы ұмтылыс ұлттың сана-сезімін оятып, оның ақыл-ой, ар-намысын шыңдап, ұлттық сезімді «қалғып кетуден» сақтайды [2, 13-б.].

«Дала империяларының» авторы Рене Груссе көшпенділер туралы: «Олардың отырықшы халықтарға он үш ғасыр бойы белгілі ритммен және әрқашанда оқтын-оқтын табысты жасаған шабуылдары табиғи, заңды құбылыс. Қоршаған қатал өмірге бейімделген, ақылды, салмақты және құнтты түріктер мен моңғолдар билікке жаралған еді. Көшпенділер материалдық мәдениеттің дамуын тежегенімен, олардың қолында әрқашан да күшті әскери билік болды» дейді. Бірақ көшпенділерді тек әскери күш ретінде қарау, олардың тарихын біржақты көрсету болып табылады. Себебі түркі халықтары өз заманында материалдық өркениеті дамыған Құшан патшалығы, Еуропадағы ғұн империясы, Мамлүктік Египет, Алтын Орда, Ұлы Моғол мемлекеті сияқты ұлы мемлекеттерді құрды және түркілердің жүздеген әулеті соңғы екі мың жылдан астам уақыт бойы адамзат өркениетінің дамуына елеулі үлес қосты. Сонымен қатар, түркіден шыққан ұлы ғалымдар, ойшылдар мен ақындар орта ғасырлардағы «Шығыс немесе Мұсылман Ренессансының» негізін қалауға атсалысып, дүниежүзілік сәулет өнерінде, поэзияда және ғылымның дамуында өшпес іс қалдырды [2, 14-б.].

Көшпелілер өркениетінің негізін қалаған түркі тектес халықтар мемлекетті басқарудың дала демократиясына сүйенген ерекше жүйесін жасады. Ерте замандардағы төл түркілік сакралдық ұғымдар, дәстүрлер мен мотив-символдарды анықтаудың маңызы зор. Себебі онда біздің шығу, қалыптасу және даму тарихымыз жатыр. Таңба мәселесі Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мұхаметжан Тынышпаевтың еңбектерінде де жазылған. Этногроф ғалым Ж. Артықбаев: «Еуразия даласы көшпенділердің мәдени жетістіктерін толығымен бойына сіңірген қазақ қоғамы өзінің ішкі құрылымы жағынан да, сыртқы құрылымы жағынан да, мән-мағынасы жағынан да ерекше құбылыс болып табылады. Көшпелі қоғамның өмір сүру негізінде қабылданбайтын, өзгелермен салыстыруға келмейтін өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда Батыстың да, Шығыстың да мәдени өлшеміне сай келмейтін ерекше мәдениет қалыптасқан. Осы ерекшелікті сезіну – методологиялық парадигманы өзгертуге негіз болуы тиіс. Бәрінен бұрын тарихи таным өзегіне материалдық көрсеткіштер емес, рухани құндылықтар: қоғамдық сана, әлеуметтік-мәдени құндылықтар сияқты факторлар қойылуы тиіс» – деп жазған еді. Міне, осылайша, Қытай, Иран, Византиялық өркениеттермен тоғысқан түркілер жаңа мемлекет типін қалыптастырды. Егер, бірінші түркі қағанатында соғды тілі үстем етсе, екінші түркі қағанатында руна жазуы тарады. VII-VIII ғғ. Моңғолия мен Алтайда,

Хакасия мен Тувада, Шығыс Түркістан мен Жетісуда Көне түрік алфавитімен жазылған 200-ден астам тас ескерткіштер қалды. Ал біздің жыл санауымыздан бұрын V ғасырда өмір сүрген сақтардың Есік жазуындағы 17 әріптің 13-і көне түркі руникалық алфавит екені белгілі болды. Д.Клеменец көне түркілерді «тамаша халық» деген еді.

VI ғасырда түркілердің әдеби тілі қалыптасты, көрші Шығыс мәдениеті игеріле бастады. Кеңес шығыстанушылары ортағасырда жеті тұрақты тарихи-мәдени орталықтар Еуропалық, Араб-исламдық, Орта Шығыстық, Оңтүстік Азиялық, Орталық Азиялық, Қиыр Шығыстық, Оңтүстік Шығыс Азиялық орталықтары қалыптасты – деп есептейді. Сонымен Алтайдан Донға, кейде Дунайға дейін жеткен бұл өркениет – 2000-2500 жылдың тарихы бар өркениет.

Бүгінгі Қазақстан өткен замандардан ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлердің саналуандығын мирас етті. Ел аумағында тұратын жүз отыздан аса этностық топтың өкілдері азиялық және еуропалық компоненттерді үйлестіретін бірегей мәдени нақышты құрайды [4].

Бұдан біз бабаларымыздың үлкен мемлекет құрып, оны дамытып, кейінгі ұрпақтарына үлкен мұра қалдырғанын байқаймыз және сол мұралар ретінде қазіргі бізде бар рухани және материалдық мәдениетіміз бен құндылығымызды танимыз. Біздің міндет – осы бай мұраларымызды ары қарай зерттеп, зерделеп, жас буынға таныту, оның ұмыт қалмауына үлесімізді қосу болып табылады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының
«А.Х. Марғұлан атындағы Археология институты»
кіші ғылыми қызметкері
Сексенова Баян Даирбековна

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы, ҚР Президентінің ресми сайты, 21 қараша 2018.

2. Әкім Жанұзақ. Түркі өркениеті негізіндегі қазақ идеясы. – Алматы: Өлке, 2007 . – 303 б.

3. Ә. Сарай. Көк түріктері. – Алматы : Mereke, 2014 . – 685, [2] б., сурет.

4. Рене Груссе. Империя степей. – Алматы: ТОО “Санат”, 2003.

5. https://el.kz/

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.