Жаңа заманның талабы көрсеткендей, бүгінгі мемлекеттің тірегі де, сенері де – ғылым. Бұрынғыдай табиғи байлыққа иек артып, жер анаға арқа сүйеудің ауылы алыста қалды. Өйткені, табиғи байлықтың қоры шексіз емес. Оның да таусылатын, сарқылатын кезі болады. Ал ғылымның игілігі мәңгілік. Сондықтан, ғылымды дамытуға, ғалымдарды қолдауға мемлекет тарапынан зор көңіл бөлінуі керек. Қазіргі Президент саясаты да соған негізделген. Жыл сайын Мемлекет басшысының мықты жас ғалымдардың басын қосып, үздіктерге пәтердің сертификатын ұсынуы да сондай елдік жанашырлықтан туған шара. Президент әкімшілігі ұсынған деректе кқрсетілгендей, еліміз соңғы екі жылда 500-ге тарта жас ғалымға баспана кілтін табыс еткен.
Қазір жаңа ой, тың идея, соны ұсыныстар бағаланатын заман. Бұл өзгеше ойлайты, өз идеясын тәжірибеде қолдану бағытында тынбай ізденетін жандарға сұраныс жоғары. Содан болар, дамыған, өркениетті елдерде жас ғалымдарды өздеріне тартып, идеясын халық игілігіне жарату мақсатындағы жарыс қызу жүріп жатыр. Ғаламторды ақтарғанда білімді жастарды тегін оқуға шақырған, тегін тәжірибеден өтуге қызықтырған жарнамалардың көбейіп кеткені де сондықтан. Осы әдіс арқылы озық елдер әлемнің білімді, танатты жастардың өздеріне жинауға барын салып жатыр. Біздің елімізде де осындай жарнамаларға қызығып, шетелде мәнсаптық өсуге қадам жасағысы келетін жастар аз емес. Осыны ескере отырып мемлекет білікті жастар шетел асып, озық идеялар өзге елдерге қызмет етпес үшін ғылымға көңіл бөліп, жас ғалымдарды ынталандыру бағытындағы жұмыстарды жандандырып келеді. Оны білім мен ғылымға бөлінген қаржының жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанына қарап та аңғаруға болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайын жас ғалымдармен кездесіп, үздіктерге пәтер сертификатын ұсынуы да осы мемлекеттік қамқорлықтың бір көрінісі. Мұндай қамқорлықтың барын білген, сезінген жастардың ғылымға бет бұрып, жаңашылдық жасауға барынша тырысатыны анық. Мысалы биылғы жылы ғылымның әр саласында өзінің қолтаңбасын қалдырып, соны жаңалығымен көзге түскен он ғалымға жаңа пәтердің кілттері табыс етілді.
Осы салтанатты шарада тәуелсіз елдің тұғырын биіктетіп, танымалдығы мен беделін арттыруда ғылымнан айтарлықтай рөл атқаратынына жан-жақты тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғылым – қозғаушы күші. Ғылымды дамыту үшін ғалымдарға жағдай жасалуы қажет. Әсіресе жас ғалымдарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету – мемлекеттің міндеті» екенін атап өтті. Пәтер алған ғалымдардың қай-қайсысын алсаңыз да жаңашыл, ізденімпаз, еңбекқор.
Мысалы Президент қолынан сертификат алған білікті жастардың бірі Абилдина Айназ Қайратқызы – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры. Ол бұған дейін де ғылымдағы ізденісі мен жас ғалымдарды тәрбиелегені үшін «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2022» байқауында жеңімпаз деп танылған. Бұл жылы Айназ Қайратқызы конкурстық комиссия таңдаған Қазақстандағы 150 үздік оқытушының бірі болған еді.
Пәтерге ие болғандар қатарындағы Жанғазы Молдамұратов та осал адам емес. Ол Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі. PhD докторы ғылыми дәрежесіне қорғаған жас ғалым бірнеше елде ғылыми тағылымдамадан өткен. Үнемі іденіс үстінде жүретін Жанғазы Нұржанұлы өз саласы бойынша салиқалы зерттеу жасап, 80-нен астам ғылыми еңбек жазған мықты ғалым.
Кездесуде баспаналы болған ғалымдардың бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Ерғали Құрманов. Ол бүгінде ҚазҰУ-да физика және астрономия саласында ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады. Құрманов жас болғанымен, айналасына талапты студенттерді топтастырып, көп адамның тісі бата бермейтін физика мен астрономия бойынша тың ізденістер жасауға жолбасшы болып жүрген білікті педагог. Физикадағы тылсым құпияларды тәжірибеде шебер қолдану бойынша түрлі ізденістер жүргізіп жүрген жас ғалымның шәкірттері де күні ертең ғылыми жаңалықтарымен ел құрметіне бөленеріне сенім мол.
Сондай-ақ, баспаналы болғандар арасындағы Әлия Темірхан да көпшілікке жақсы танымал. Оның таңдағаны – химиялық инженерия бағыты. Ұлыбританияданың беделді жоғары оқу орнында ғылыми ізденістер жасаған Әлия кезінде «бар білгенімді, оқып-тоқығанымды өз Қазақстанымның қажетіне жаратқым келеді. Еліме еңбек ету – басты мұратым» деп бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат бергенде риза болмаған адам кемде-кем. Расында Қазақстанның ғылымын алға жетелейтін осындай қайратты да қайсар, отаншыл жастар. Шетелдіктер ұсынған мүмкіндіктер мен қомақты қаржыға қарамастан Қазақстанға қызмет етемін деп алдына биік мақсат қойған Әлия Темірхан секілді жас ғалымдар көп болса, мемлекеттің болашағына алаңдамайға болады.
Президент қолынан пәтер сертификатын алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің оқытушысы Сәмет Байжұмның да ғылымға сіңірген үлесі қомақты. Сәмет Байжұма ғылымды дамыту бағытында тындырымды жұмыс жасап қоймай, Қазақстанның демографиясын жақсартуға да үлесін қосып жүрген азамат. Көпбалалы әкенің Президент қолынан сертификат алғандағы қуанышын сөзбен жеткізу қиын. «Ғылымға алаңсыз бет бұру үшін жастардың әлеуметтік жағдайы қамтылуы керек. Осы мәселеге Мемлекет басшысының көңіл бөлгені қуантады. Ал мына пәтер отбасымның, балаларымның несібесі деп білемін. Жас ғалымға жағдай жасау арқылы еліміз жас отбасының да жайлы да уайымсыз күн кешуіне мүмкіндік бергені қуантады» деді Сәмет Байжұма.
Пәтер сертификаты табысталған санаулы ғалымдар қатарындағы Омарова Жансая Бағдатқызы Ә.Бүркітбаев атындағы Энергетика және машина жасау институтының аға оқытушысы. Бүгінгі заманда өзекті болып отырған энергетика саласының түйткілдерін шешу, машина жасау саласы бойынша ғылыми ізденістер жасап жүрген Жансая Бағдатқызы Ph.D. докторы ғылыми дәрежесінің иесі екенін де айта кеткеніміз жөн.
Міне, екі жылда қоныс тойын тойлаған 500 ғалымның кез-келгені үлкен марапатқа, құрметке лайық. Себебі, олар тың салада тер төгіп, елге қызмет етсем деп жүрген жастар. Қазақстанның ғылымын дамытатын да осы ғалымдар. Ендеше, мемлекет тарапынан ғалымдарға көңілдің бөлініп, жағдайдың жасалуы – отандық ғылымды дамыту үшін жасалған пәрменді қадам деп түсінгеніміз абзал.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024