arasha.kz

Жас ғалымдардың жобалары бағалануы керек

Ғылымға деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Содан болар, қазір өркениетті елдерде талантты жастарды тартудың түрлі әдіс-тәсілдері қолданылуда. Мұндай жағдайда «алтын басты» жастардың әлеуетін өз елімізде пайдалануға бар мүмкіндікті жасау маңызды. Егер жастарды қолдайтын, олардың бастамаларын жүзеге асырудың тетіктері жасалса, шекара асқысы келетін жас ғалымдардың да азаяры анық.

Мәселен, ECO-робот, антивирустық шам, 3D-лангет, биологиялық ыдырайтын имплант және басқа да өнертабыстар – қазақстандық жас ғалымдардың соңғы уақытта ғылымға қосқан жетістігі. Ал өнертабыстар ғалымдарға ғана емес, елге де қызмет етуі үшін зияткерлік тұрғыдан қорғауға айрықша мән берген абзал. Жас ғалымдардың жобасы жоғары бағалануы тиіс. Еңбек бағаланған кезде жастардың өз қиялын шындыққа айналдыруға деген ниеті ғана емес, сенімділігі де нығаяды.

Жыл сайын елімізде Ұлттық Ғылым академиясы мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жас ғалымдарды таныту, жаңа жобаларды таныстыру мақсатында арнайы форум өтеді. Бұл форумның негізгі міндеті жас ғалымдардың құзыреттілігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық ғылыми өнімге деген сұранысты ынталандыру, сонымен бірге, ғылым мен бизнес арасындағы байланысты жандандыру. Бізде ғылымды бизнес көзіне айналдыру механизмі әлі де әлсіз.

Расында, ғалымдар жасаған жобалар, озық ойлар, тіркелген патенттер аз емес. Ал сол керемет жобалар кәсіпкерлер назарына түсіп, сатылымға шығарылып, пайда әкелсе нұр үстіне нұр. Бұл жас ғалымдардың ғана емес, сол идеяның өміршең екенін түсініп сатып алған, өнімге айналдырған кәсіпкердің, одан бөлек мемлекеттің табысын еселейтіні талассыз.

Мысалы, соңғы уақытта медицина саласында еңбек етіп жүрген жастардың жаңа идеялармен танылып жүргенін жиі байқаймыз. Бүгінде тәжірибеге енгізілген пластикалық 3D лангет – Ерболат Ізтілеуовтің жылдар бойығы тынымсыз ізденісінің жемісі. Бұған дейін, тіпті кейбір жерлерде қазіргі уақытта да сынған, шытынаған сүйекті қалпына келтіру үшін ауыр гипстің қолданылатыны белгілі. Бірақ гипс сенімді болғанымен, өте қолайсыз. Жан кірген дененің гипстің астында терлейтіні, жайсыздық тудыратыны медициналық көмек алған азаматтардың бәріне мәлім. Осы салада еңбек етіп жүрген жас дәрігер бұл мәселеге көптен көңіл аударып, дұрыс шешімін іздеп жүрген еді.

Батыс Қазақстан медицина университетінде сыналған бұл жобаны жетілдіру студенттер де белсене атсалысқан. Практикалық дағдылар орталығының қызметкері Алма Елубаева жастардың жаңашылдыққа деген құштарлығына, ізденгіштігіне, табандырығына дән риза. Ұстаздың айтуынша, жаңа жоба жасалғаннан кейін жас ғалымдар оны өз тәжірибелерінде сынап көріп, олқы тұстарын мейлінше жетілдіруге күш салған.

Басында жұқа, жіңішке лангет жасап, тәжірибеде сынап көрді. Бірақ ол тез сынатын болғандықтан, артынан лангет қалың етіп, қайта жасалды. Қысқа лангет те қолайсыз болғандықтан, кейіннен ұзындығын өзгертуге тура келді. Осы бастаманы түзеу, күзеуге, сынап көруге бір жыл уақыт кетті. Нәтижесінде 3D-принтер травматология бөлімшесіндегі науқастар үшін ыңғайлы таңғыш жасап шығарды. Бұл ыңғайлы таңғышты қолға ғана емес, аяққа да салуға болады. Әсіресе, үнемі қозғалысты ұнататын балалар үшін бұл өте ыңғайлы, – дейді Алма Елубаева.

Ал осы бастаманы алғаш ойлап тауып, жас ғалымдардың жетілдіруіне ұсынған Ерболат Ізтілеуовтің айтуынша, жүгеріден жасалатын жаңа таңғыш лангеттің бір данасын дайындау үшін 6-7 сағат уақыт қажет. Ең бастысы гипс салмағы 1-1,5 келіні құрайтын болса, лангеттің салмағы бар болғаны 50 грамм шамасында. Сонымен бірге, лангеттің тағы бір артықшылығы, гипспен салыстырғанда рентген өткізуге қолайлы. Әрі жеңіл, гигиеналық, ылғалға төзімді және теріні тітіркендірмейді. Осы игілікті жаңашылдықтың арқасында бұрын саусақ жарақаты кезінде бүкіл қолға көлемді гипс салынатын болса, қазір бүкіл қолды емес, тек зақымдалған саусақты иммобилизациялауға жол ашылған.

Жас ғалымдардың қабілет-қарымын байқап, тынысын ашуда көреген ұстаздардың көмегі көп. Мәселен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жас ғалымдарға қамқорлық танытуда көшбасы оқу орны саналады. Қазақстандық жоғары оқу орындарының көшбасшысы саналатын бұл университет жанында Физика-химиялық зерттеу және талдау әдістері орталығы жұмыс істейді. Осы орталықтың аға ғылыми қызметкері Нұрболат Құдайбергенов те жас ғалымдардың тілін таба білген, талантты тани алатын мықты маманның бірі. Нұрболат Құдайбергенов бір командаға топтастырған жас ғалымдар мемлекетті грантты жеңіп алып, соның шеңберінде үш жыл қатарынан мұнай өңдеуден қалатын қажетсіз органикалық заттарды синтездеумен айналысады. Мұндай зерттеулер Қазақстан ғылымында алғаш рет қолға алынғанын айта кеткеніміз жөн.

Жалпы мұнайлы өлкелердің экологиялық ахуалы сын көтермейтіні мәлім. Тәуелсіздік алған сәттен бері жас мемлекеттің аяғынан тік тұруына тірек болған мұнай өндірісінде зерттейтін, зерделейтін мәселе көп. Әсіресе, соңғы жылдары өңделген мұнайдан кейінгі қалдықтарды қажетке жарату мәселесі жиі талқыға салынып жүр. Қолда барды ұқсату – табыстың ғана емес, мұнайлы аймақтардың экологиялық, экономикалық түйткілдерін тарқатудың бір мүмкіндігі. Осыны ескерген университеттің жас ғалымдары мұнай өңдеу зауыттарынын жыл сайын шығатын қалдықтарды зерттеп, қажетке жарату бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алған. Әсіресе, жас ғалымдардан құралған топ қалдықтар құрамындағы органикалық заттың бірі олефиндерді нысанаға алып отыр. Жас ғалымдар олефиндерді бөліп алып, күрделі эфирлер шығаруда қолданып келеді. Себебі олефиндердің өзі кәдеге аспағанмен, одан жасалған күрделі эфирлер парфюмерияда, хош иісті сусабындарды жасауға, ауа тазартқыштар, иісмайлар дайындауға жан-жақты қолданылады.

Мемлекеттік грант алып, білім ордасынан тұрақты қолдау болған соң жас ғалымдар да жаңа жоба бойынша шын ықыласпен жұмыс жүргізіп келеді. Олардың алғашқы өнімдеріне ұсыныс жасап, өндіріске пайдалануға ниетті кәсіпкерлер де табылып жатты. Егер жоба оқу орнының шеңберінде қалмай, тәжірибеге айналса, бұдан ұтарымыз көп. Сонымен бірге, ғылыми жобасының өміршең екенін дәлелдеген жастардың грант иеленіп, сүйікті істерімен айналысуы өзге жас ғалымдардың да қызығушылығын тудырып, озық идеяларын жарыққа шығаруына қозғау салары анық.

Exit mobile version