17-06-24 |
4370 рет қаралған
Жас ғалымдарға жасалған қолдаудың нәтижесі жоғары.
Жас ғалымдарға жасалған қолдаудың нәтижесі жоғары

Статистикалық деректер көрсеткендей, соңғы жылдары Қазақстанда жас ғалымдардың саны артқан. Ғылымға ден қойғандар өзі еңбек еткен саланың магистрі, докторы ғылыми дәрежесін алу үшін жоғары оқу орындарына жиі сұраныс түсіреді. Сәйкесінше, бүгінде магистратураға, докторантураға түсушілер арасында конкурс өте жоғары. Мұның себебі неде?

Жалпы, біздің елімізде ғылымды табыс көзі ретінде бағалау түсінігі енді ғана қалыптасып келеді. Бұған нарықтағы бүгінгі ахуалдың әсер еткені анық. Сонымен бірге, тәуелсіздік алғаннан кейін ғылыми кеңістіктегі халықаралық байланыстар жастардың өз бетінше ізденуіне негіз қалаған болатын.

Шыны керек, тәуелсіздік тұсында Қазақстан ғылымы назардан тыс қалды. Жастар тұрмақ, бұл салада еңбек етіп, зерттеу жасауға есімі елге танымал ғалымдар да құлық таныта қоймады. Сананы тұрмыс билеген заманда ғылымның назардан тыс қалғаны рас. Алайда, соңғы жылдары ғылымға, соның ішінде жас ғалымдарға мемлекет тарапынан бөлінген қаржы қомақты. Жас ғалымдардың Отбасы банкі арқылы төмен пайызбен тұрғын үй алып, мемлекеттік бағдарлама көмегімен шетелде білімін жетілдіруіне де толық жағдай жасалған. Соның арқасында әр салада «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келген ғалымдар аз емес. Одан бөлек, білім ордаларында арнайы зерттеулермен айналысып, мемлекеттік гранттар шеңберінде ойдағы бастамаларын тәжірибеге енгізіп жатқандар жетерлік.

Жас ғалымдардың шоғырын қалыптастыру бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан елеулі жұмыстар атқарылды. «Жастардың ғылыми салаға келуін жасалып жатқан тартымды жағдайлармен байланыстырған жөн. Оған мемлекет тарапынан жас зерттеушілерді қолдау шараларының оң әсерін тигізгені анық. Соңғы жылдары ғылымды бюджеттік қаржыландыру екі есеге жуық өсті. Ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру мерзімі 5 жылға дейін ұлғайтылды» дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Бұдан бөлек, министрлік мемлекеттік гранттар бойынша конкурс ұйымдастыруға да өзгеріс енгізді. Айталық бұрын мұндай мүмкіндік жас ғалымдарға 4-5 жылда бір рет берілсе, қазір конкурс  жыл сайын өткізіледі. Соған орай, жас ғалымдар жыл бойы еңбектеніп, соны тақырыптар бойынша зерттеулер жүргізіп, грант иегерлерінің қатарынан табылуға барынша күш салады. Жастар бар зейінін ғылымға, өзі зерттеп отырған саланың қыр-сырын меңгеруге, тың жаңалық енгізуіне көмектесу үшін бөлінген қаржы бойынша есеп беру азайып, бюрократиялық кедергілердің жойылғанын да айта кетуіміз керек.

Жас ғалымдардан бөлек магистранттар мен докторанттарға арнап арнайы гранттардың қарастырылуы да мемлекет тарапынан қолға алынған игі істің бірі. Бұған қоса, жас зерттеушілердің шәкіртақы көлемінің де айтарлықтай өсуі ғылымға бет бұрған жастардың қатарын көбейтуге айтарлықтай әсер етті.

Министрліктің жас зерттеушілер үшін арнайы марапаттар тағайындағанынан да көпшілік жақсы хабардар. Мәселен бұрын ғылым саласындағы майталман тұлғалар ғана мемлекеттік марапаттарға ие болып жататын. Енді жас ғалымдарға арнайы марапат түрі белгіленгендіктен, соңғы жылдары еңбегі еленіп, министрліктің төсбелгі, медальдарын кеудесіне қадаған лайықтылар қатары өсіп келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдардың әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуіне де жан-жақты мүмкіндік берілді. Осылайша, жас ғалымдардың ғылыми идеялары мен әлеуетін жүзеге асыруға барлық жағдай жасалып отыр. Мұндай қамқорлықтың сөз жүзінде емес, іс жүзінде жасалып жатқанын жас ғалымдардың өздері де үнемі айтып, ризашылығын білдіріп келеді. Соның бірі – Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Руслан Әбітаев.

Руслан Әбітаевтың есімі Қазақстан халқына жақсы танымал. Жас ғалым коронавирус індеті кезінде «QazVac» отандық вакцинасын жасауға атсалысқан болатын. Көптеген елдер әлемдік індетке қарсы вакцина шығарғанда, қазақстандық ғалымдар қолынан шыққан «QazVac» дүниежүзінің денсаулық сақтау ғалымдары мойындағанын білеміз. Осындай ел мерейін көтерер бірегей зерттеуге қатысып, тамаша медициналық вакцинаны жасап, халықты коронавирустан сақтап қалған Руслан Әбітаев жас ғалымдарға көрсетілген мемлекеттік қолдауға өте риза.

 «Биологиялық технологиялар» сәйкестік зертханасында жұмыс істейтін ол

жас ғалым ретінде тағылымдамадан өтіп, жұмысқа тұруда еш кедергі болмағанын айтады. Сонымен бірге, мемлекеттің биофармацевтикалық зауыт салуға қомақты қаржы бөлуі медициналық зерттеулер жасауға қанат бітіретінін алға тартты. «Ең бастысы, жас ғалымдардың бар зейінін ғылымға бағыттауына толық жағдай жасалған. Мәселен маған мемлекет жаңа үш бөлмелі пәтердің кілтін берді,  ғалым ретіндегі алатын табысым да жоғары» дейді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жастарды ынталандыру мәселесіне үнемі көңіл бөліп келеді. Мәселен өз жолдауында Президент Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырғаны белгілі. Ал бұл ғылымға бағытталған үлкен қолдау.

 «500 ғалым» бағдарламасының жағымды тұстары да қоғам ішінде жиі айтылады. Себебі бұл жоба ғалымдардың әлемдегі беделді ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуіне, шетелдік зерттеушілермен ынтымақтастық байланыс орнатуына жол ашып отыр. Президент тапсырмасы бойынша қолға алынған іс-шаралар шеңберінде жоғары оқу орындары да жүйелі жұмыс атқарып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Ол тек Алматы, Астанада емес, аймақтардағы білім ордаларында да жүзеге асуда. Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге арналған ректор гранты жас ғалымдардың үлкен қызығушылығын тудырады. Мұндағы әрбір грант иегеріне 1 млн 250 мың теңгеден сертификат табысталады. Жас ғалымдардың грант иеленуге деген ынтасын байқағаннан кейін университет басшылығы қолдау қаржысының көлемін арттыруды жоспарлап отыр.  Осындай қолдауды сезінген жастар да ғылымға тың жаңалықтар алып келуде. Сөзіміз дәлелді болуы үшін қызылордалық жас ғалымдардың күріштің қауызынан биочар, целлюлоза алу технологиясын әзірлеп, Нова Лиссабон университетінің (Португалия) ғалымдарымен бірге Альцгеймер және Паркинсон ауруларының алдын алу үшін дәрі-дәрмек дайындап жатқанын айтсақ жеткілікті. Осының өзі мемлекет  тарапынан жасалған қамқорлықтың текке кетпегенінің нақты дәлелі.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.